Қызылорда облыстық сотында «Азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Шараға облыстық соттың судьясы Е.Турбаев, Сот Әкімшілігі Қызылорда облысы бойынша Департаменті бөлімінің мамандары мен қалалық соттардың мамандары, Қорқыт Ата университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты А.Айтбаева, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының өкілі Б.Байділдаева, филолог Б.Әбдірасылова қатысты.
Облыстық соттың судьясы Е.Турбаев семинарды ашып, мемлекеттiк тiл қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi екені, бүгінгі таңда сотқа келіп түсетін істердің басым бөлігі мемлекеттік тілде екенін, сондықтан мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасын арттырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту керектігін атап өтті.
Қорқыт Ата университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты А.Айтбаева сөз алып, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу кезінде мемлекетті тілді қолдануда көптеген қателер орын алатынын, сөйлемдер мен сөз тіркестері қате қолданылып жүргенін, мемлекеттік қызметшілер ана тілімізді жоғары деңгейде меңгеріп, іс қағаздарын сапалы жүргізуді басты назарға алу керектігіне тоқталды.
Тілдерді оқыту орталығының өкілі Б.Байділдаева мемлекеттік тілге аударма жасау кезінде қателердің жиі кездесетінін, көп жағдайда тікелей аударма жасалатынын, аударма барысында сөйлемнің мағынасын аударып, сөз тіркестерінің дұрыс құрылуына аса мән беру керектігін жеткізді.
Шара барысында филолог Б.Әбдірасылова сот мамандарымен сот процесіндегі шешендік өнердің маңыздылығы, риторика өнері туралы сұхбат түріндегі тренинг жүргізді. Сонымен қатар, сот мамандары адамзаттың тілін, ойын дамытуда шешендік сөздердің рөлін атап өтіп, ар-намыс, мінез-құлық, тәрбие туралы мақал-мәтелдерді жатқа айтты.
Шара қатысушылары семинар-тренингтің қызықты өткенін, мемлекеттік тілді қолдануға қатысты мол мәлімет алғанын атап өтіп, өздерінің ойларымен бөлісті.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.