Шынын айтқанда қазіргі қоғамда әр адамның тұрмысын жеңілдетуге, жақсартуға бағытталған реформалар жеткілікті. Соның бірі – “Азаматтарға арналған Үкімет”.

Бүгінде Сыр бойында ЦОН яғни халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін пайдаланбаған жан кемде-кем. Әр адам өміріндегі қуанышты сәттердің  рәсімделетін, қажетті барлық құжат тіркелетін, тіпті бұрыңғы зейнетақы, жәрдемақы беретін почта, баланың тууылуын, азаматтық некеге тұруды рәсімдейтін АХАТ, мүліктерді заңдастыратын БТИ сияқты мекемелердің бар жұмысын бір өзі атқаратын ХҚКО-ғында биылғы жылдың 6 айы қорытындыланды

“Азаматтарға арналған Үкіметтің” Қызылорда облыстық филиал директоры Айда Ибрагимқызы Әбибуллаеваға хабарласып, осы жарты жылдық қорытындысын елге жариялағанды жөн көрдік.

Айта кетейік, Айда Ибрагимқызы – VII, VIII шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаты, “Құрмет” орденінің иегері

– Айда Ибрагимқызы, ел арасында “ЦОН” аталып кеткен Халыққа Қызмет Көрсету Орталығы халықтың ең көп келетін, әрі сол халық үшін көптеген мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етіп отырған орын.

Бұрын бір анықтама алу үшін әр шенеуніктің есігін қағып, жалтақтап жүретін жұрт бүгінде қажет қызметін ешкімге тәуелді болмай-ақ дер кезінде ала алады

– Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Әлеуметтік қам­сыздандыру жүйесі, жылжымайтын мүлікті тіркеу және жер кадастры, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу салалары бойынша қызмет көрсетеді. 

Бүгінгі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тізілімде қолжетімді 1 353 мемлекеттік қызметтің 1 267 көрсетіледі, оның 1 214 электрондық форматта қолжетімді.

– Таңқалмасқа шара жоқ. Азғана уақытта бар шаруаңды бітіресің. Әрі біреуге мына шаруамды реттеп берші деп тиын-тебен берудің де қажеті жоқ.

– Бүгінде ХҚКО азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және қызметтерді өз бетінше алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, ХҚКО-ға бармай, мем­лекеттік қызметтерді тез және ыңғайлы алуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық бағдарламалар енгізілуде.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 13 фронт-офис, 41 бэк-офис жұмыс істейді. Бір Мамандандырылған Халық­қа қызмет көрсету орталығы және бірыңғай байланыс орталығы бар.

2025 жылдың 6 айында 613 106 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 140 мыңнан астамы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы көрсетілді.

 Сұранысқа ие топ-5 қызметтер қатарында: автокөлікті тіркеу; ЭЦҚ кілтін алу; құжаттандыру; жылжымайтын мү­лік­ті тіркеу; жүргізуші куәлігін алу бар.

– Супер халыққа қызмет көрсету – бір терезе қағидаты?

– Супер ХҚКО – еліміздегі жаңа форматтағы мемлекеттік қызметтер көрсету орталығы. Бұл жобаның артық­шылығы бірнеше мемлекеттік ұйымдардың бір жерде шоғырлануы болып табылады. Бұл өз кезегінде азамат­тарға бір терезе қағидаты бойынша қажетті мемлекеттік қыз­мет­терді тиімді және жылдам алуды қамтамасыз етеді.

Қызылорда облысында Супер ХҚКО өз жұмысын 2024 жылдың 15 қазанында пилоттық режимде бастады. Бүгінгі таңда 9000 астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Супер ХҚКО азаматтардың уақы­тын үнемдеуге және Мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін неғұрлым жеңіл және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Бұл жобаның артықшылығы «Тұрғын үй», «Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау», «Мемлекеттік льго­талар арқылы тұрғын үй алу бағ­дарламаласы», «Коммуналдық қызметтер», «Мемлекеттік жеңілдік­тіктер бағдарламалары бойынша кре­диттер алу және кәсіпкерлікті дамыту» салаларының бір жерде шоғырландыру жолымен азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Бұл өз кезегінде азаматтарға бір терезе арқылы қажетті мемлекеттік қызметтерді тиімді және жылдам алуды қамтамасыз етеді.

Бүгінде 12 саланың өкілдері өз қызметтерін Ғ.Мұратбаева көшесі 2е мекен­-жайындағы ХҚКО ғимаратында көрсетеді.

 – Жоғарыда айтып өткендей сұранысқа ие, халық көп қажет ететін қызметінің бірі – автокөлікті тіркеу. Мамандандырылған орталық жұмысы да көп көңілінен шығып келеді.

– Мамандандырылған ХҚКО бойынша 2025 жылдың басынан бастап 30 мыңға жуық дайын құжат берілді. Осы кезеңде жүргізуші куәлігін алуға           9307 өтінім қабылданды. Атап айтқанда, тек 2 606 қызмет алушы емтихандарды оң нәтижемен тапсырды. Сонымен қатар, теориялық емтихан тапсырған          2630 үміткердін 52% шекті балл асыра алды. Ал практикалық емтиханды тек 29%-ы, 2 089 үміткер екінші кезеңді енсерді.

Көлік құралдарының жекелеген түрлерін тіркеу және есепке алу бойын­ша 15 196 қызмет көрсетілді. Оның         11 мыңға жуығы электронды форматта көрсетілді. Жыл басынан бері жоғары сұранысқа ие 967 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері сатылды.

Жүргізушілерге автокөлікті тіркеу, қайталама жүргізуші куәлігін алу, жүргізуші куәлігін алуға теориялық және практикалық емтихандарға тіркелу қызметтерін электронды түрде алуға мүмкіндіктер жасалған.

Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы көлік құралын сатушы мен сатып алушы мамандандырылған бөлімге бармай-ақ, көлікті электрондық үкімет порталдары арқылы ресімдеуге мүмкіндігі бар.

– Халыққа көрсетілетін қызмет­терді цифрландырудың жақсы бір үлгісі – Бірыңғай байланыс орталығы

– Бырыңғай байланыс орталығы жыл басынан бері 1 миллионға жуық қоңырауға жауап беріп, халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз етіп келеді.

Күніне орталыққа орта есеппен 8 мыңға жуық қоңырау түседі. Әр оператор күніне 130-150, ал мерекелік күндері 200-ге жуық қоңырауға жауап береді. Бұл орталық мамандарының жоғары кәсіби дайындық пен жауапкершілікпен жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

– Бұрыңғы почта жәшігінің жетіл­ген түрі – постаматтар. Тұрғын­дардың уақытын үнемдеуде, сондай-ақ ХҚКО-ның да жұмысын жетіл­діруде осы постаматтардың да үлесі бары анық.  

– Gov4c постаматы — бұл азаматтарға құжаттарды жылдам және қолайлы түрде алу мен тапсыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Қызылорда облысы бойынша №2 Халыққа қызмет көрсету орталығы Астана даңғылы 46 мекен жайы бойынша орнатылған бұл постамат тұрғындар уақытын үнемдеуге және мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге арналған.

2024 жылдың сәуір айынан бастап іске қосылған постамат арқылы жыл басынан бері 589 құжатқа тапсырыс берілген. Бұл цифр халықтың жаңа технологияларға қызығушылығын және gov4c постаматының тиімділігін көрсетеді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қандай қызмет түрі бар?

 – ХҚКО-ға өздері келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар мем­лекеттік қызметтерді үй жағдай­ындағы мобильді ХҚКО қызметі арқылы ала алады. Ол үшін 1414 call-орталығына қоңырау шалып, өтінішін қалдырады. Аталмыш электронды қызметтерді мүгедектігі бар азаматтар және ардагерлер пайдалана алады.

Бұл қызмет түрі тегін түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін арнайы мамандар өтініш бойынша үйлерге барады. 2025 жылдын 6 айында бұл мүмкіндікті 540 қызылордалық пайдаланған.

– Әр адамның дүниеге келгеннен басталатын барлық рәсімдерін тіркейтін АХАТ саласы да цифр­ландыруға көшті.

– Жыл басынан бері АХАТ саласы бойынша 21 293 қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылдың сәйкесінші кезеңімен салыстырғанда 713 қызметке төмен. 6 айда 8 117 туу туралы куәлік, 1 714 ерлі-зайыптылар некесін тіркеді, 183 ерлі-зайыптылар некесін бұзды, 2 314 қайтыс болуды тіркеуге өтініш берді.

Сондай-ақ, жыл басынан бері «Отбасы орталығы» мен аудан орталықтарында зейнетақы кітапша­ларын, туу туралы куәлік пен неке туралы куәлік және жеке куәлік беру бойынша 3 555 салтанатты рәсім өткенін атап өткен жөн.

– Әлі есімізде жерді тіркеу деген әбден қиямет еді. Актісін алғанша ақ тер, көк тер болып, әр мекемені жағалаудан шаршайтынсың. Қазір қажетті құжаттарды орталыққа өткіз­геннен кейін белгілі мерзімде актіні қолға аласын. Алғашқыда мұның мүмкін екеніне сенбей де жүрдік.

– Есепті кезеңде жерге орналастыру, геодезиялық жұмыстар және жыл­жымайтын мүлікті техникалық байқау қызметтерін көрсету саласында 6 461 қызмет көрсетілді. Оның ішінде 5 157 қызмет жер учаскелеріне актілер дайындау және беру бойын­ша көрсетілген. Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру бойынша 5 157 қызмет, 482 қызмет Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау, Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпа­раттық жүйесінің графикалық дерек­терімен келісу бойынша 822 қызмет көрсетілді.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жерге орналастыру жобасын әзірлеу барысында филиал­дың қызмет көрсетудің нарықтық үлесі  – 78% болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 81% құрауда.

Қазіргі уақытта әкімдіктер елді мекендердің шекараларын белгілеу, жер учаскелерін түгендеу, су қорғау аймақтарын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстарға филиал қызметкерлері де тартылуда.

-Цифрландыру деген зейнетақы мен жәрдемақы алатындар үшін тіпті керемет болды ғой. Әркімнің өз күні бар. Сол белгіленген күні зейнетақы, немесе жәрдемақы телефонға түсіп тұрады. Почта бармайсын, кезекке тұрмайсын, кезегің келгенде ақша тау­сылып қалып, немесе уақыт бітіп қалып, үйіңе құр қол қайтпайсын. Белгіленген уақытта ақша қалтаңа өз-өзінен түсіп тұрады.

– 2025 жылдың 6 айында 355 818 адамға жалпы сомасы 129,3 млрд. теңгеге зейнетақы және жәрдемақы төленді. Оның ішінде: 110,6 млрд. теңге 304 145 алушының қаражаты республикалық бюджеттен төленді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан 51 673 алушыға 18,7 млрд. теңге бөлінді.

Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері балалар санына қарай сараланады. 4 баласы бар отбасыларға – 59 183 теңге (16,03 АЕК), 5 балаға – 73 988 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға – 88 793 теңге (24,05 АЕК), 7 балаға – 103 598 теңге (28,06 АЕК), 8 балаға – 118 144 теңге.

Облыс бойынша 4 баласы бар – 23 316 отбасы бар, 5 бала – 10 701, 6 бала – 3 409, 7 бала – 852. 8 бала – 186, 9 бала – 39, 10 бала – 8, 11 бала – 3, барлығы 37 121 отбасы осы жәрдемақыларды алады. Осы төлемдерге республикалық бюджеттен айына 2 млрд. 785 млн. теңге бөлінуде. Сонымен қатар облыс бойынша «Алтын алқасы» бар аналар    5 532 отбасы – 29 097 теңге, Күміс алқа 10 845 – 25 165 теңге, Батыр ана 522 – 29 097 теңге, 1 және 2 дәрежелі Батыр ана 677 – 29 097 теңге.

Облыс бойынша зейнеткерлер саны – 88 533, 25 578 – адам мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алады, 9 584 – асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы алады, 1 300 ана – бала тууына байланысты жәрдемақы алады, 24 848 – бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алады, 6 832 – бала тәрбиесі бойынша жәрдемақы алады, 1 896 азамат – 1 топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша жәрдемақы, 17 633 – жәрдемақы алатын көп балалы аналар, 37 121 – жәрдемақы алатын көп балалы отбасылар, 82 840 – базалық зейнетақы алушылар саны.

– Өзіңіз ұстаным ететін Абайдың ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі осы сандық технологияңызда бар ма?

– Сандық технологияны басқаратын, халыққа ХҚКО арқылы қызмет көрсететін жандардың бойында осы үш қасиет болғанда біз сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола аламыз, барлық мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімді болуына ықпал ете аламыз. Үнемделген қаржы, уақыттан бөлек, жұқармаған тыныш жүйке арқылы ел денсаулығын сақтай аламыз. Тұрғындар тұрмысын жеңілдетеміз. Жеңілдетіп қана қоймай оны жақсартамыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдауда: «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. “Электронды үкімет” платформасына жасанды интелект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интелектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс” деп бекерге айтқан жоқ.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған