Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен басталды.
Осы ретте, тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты жүйенің қалыптасу және даму кезеңдері туралы айтып өту орынды деп есептейміз.
Жалпы сайлау жүйесінің тарихына көз жүгіртсек, ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі болған. Сонымен қатар Еуропа елдеріне де сайлау жүйесі ықылым замандарда енгенге ұқсайды. Англияда 1265 жылы, Францияда 1302 жылы халық жиындарында сайлаудың алғашқы нышандары байқалған.
Біздің елімізде де сайлау жүйесі көне замандарда халық жиындары түрінде қолданылған. Мәселен, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» қағидалары сондай жиындарда халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған екен.
Сайлау – демократияның маңызды институттарының бірі болып табылатындықтан, елімізде оған үлкен мән беріледі.
Бүгінде Қызылорда қаласында 1 аумақтық, 23 округтік және 127 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссия мүшелері саяси партиялар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың ұсынуымен сайланған.
Өткен жыл бірқатар жаңалықтармен есте қалды. Өңірде округтік сайлау комиссиялары қайта құрылып, ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аймақ тұрғындары бірліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ, облысымызда аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық негізде өткізілсе, қала халқы 1 кент және 3 ауылдық округ әкімдеріне таңдау жасады. Бұл ретте сайлаушылардың науқанға топпен, отбасымен келіп, ардагерлермен қоса жастардың да белсенді қатысуды үрдіске айналдырғанын зор мақтанышпен атап өткіміз келеді.
Еліміздегі сайлау жүйесінің 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізіліп, шара барысында саланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар алғаш рет “Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды.
2024-ші жыл әлем елдерінде саяси өзгерістер жылы болады деп күтілуде. Сондықтан, алдағы жыл елімізде, оның ішінде аймағымызда маңызды науқандарға толы болады деген сенім бар. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандарға ел аманатын арқалап, халыққа қызмет жасаудан артық мәртебе жоқ.
Қызылорда қалалық аумақтық сайлау комиссиясы