Көгілдір отынның көп қажеттілігін түсінген ел-жұрт кей елді мекенге газ жетемін дегенше тағат­сыздана күтіп, шыдамсыздық танытып жүр.

“Сабалақ” елді мекені қала іргесіндегі саяжай болғанымен соңғы уақыттары ауыл­дардан көшіп келген, немесе қаладағы көп қабатты үйлерден жерге түскен жандардың жаз жайлауы, қыс қыстауына айналды. Бүгін­де “Сабалақ” елді мекенінде халық саны жыл сайын артып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеу­меттік нысандар салынуда. Бұл – бір жағы.

Бүгінде ойын-сауық, демалыс орында­рын ашып, табыс табамын деген кәсіп иелері үшін де “Сабалақ” саялы жер болып тұр. Саяжайға кіреберіс жолдары теп-тегіс көше, жарығы бар, аяқ су, ауыз суы бар мекен, расында да қызылордалықтар үшін жаз бойы тынығу, демалыс аймағы. Мұнда бір емес, бірнеше су бассейндері бар демалыс орындары орналасқан. Әрі саяжай иелері қала базарларын табиғи жеміс, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мал ұстауға да қолайлы.

“Сабалақ” тұрғындары негізінен үкімет­тен жәрдем күтпей, өз күндерін өздері көріп жүрген тұрғындар. Олар үшін қыс қамы көмір тасып, отын бұтап, от жағу, әрине қала іргесінде тұрып, өте қиын тірлікке айналғаны да рас.

Соңғы 3 жылдың ішінде “Сабалақта” 5 млрд. теңге жуық қаржыға ауқымды инфра­құры­лымдық жобалар жүзеге асырылды.

Жергілікті билік жол, ауыз су желі­сін тартып, бірқатар көшелерге жарық жүр­гі­зіп, қоғамдық көлікті реттеп қойғанымен, тұрғын­­дардың табиғи газға деген сұранысы күн тәр­тібінен түскен емес. Тіпті, кейбіреулер жергі­лікті биліктің кемшілігін тауып, мінеу үшін де “Саба­лаққа” газ керектігін сөзге арқау ететіні де жасырын емес.

“Сабалақ” тұрғындарының мәселесіне жіті қараған аймақ басшысы халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тиісті салаға мәсе­лені жедел шешу туралы тапсырма беріп, демеу­шілік есебінен 53 млн. теңгеге жоба смета­лық құжаттама әзірленді. Нәтижесінде, респуб­ли­калық және об­лыс­тық бюджеттен жобаны жүзеге асыруға 3,2 млрд. теңге бөлініп, 2024 жылы елді мекенді газдандыру жұмыстары басталды.

Мердігер мекеме «Сырэнергогазстрой» ЖШС арқылы 3 кезеңнен тұратын жоба аясында 100 шақырымға жуық газ құбыры тартылып, 1 газ реттеуіш пункті мен 5 шкафты газды реттеу пункті орнатылды.

Қазіргі таңда пайдаланушы мекемелер та­ра­пынан тексеру және қабылдау жұмыс­та­ры аяқ­талып, елдімекенге жеткізуші газ құбыры жоғары қысымды газ желісіне қосыл­ды. Жыл соңына дейін барлық жұмыстар аяқта­лып, 1670 абонент көгілдір отынға қосылуға қол жеткізеді.

Аймағымызда 2021 жылдың соңында газдан­дыру деңгейі 67 пайыз болатын. Атқарылған ауқымды жобалардың арқасында 2022-2025 жылдар аралығында 63 млрд. 600 млн. теңгеге 77 жоба жүзеге асырылып, биыл облысымызда газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.

“Сабалақ” елді мекенінің тұрғыны Өтембетов Бақберген:

– Облыс, қала әкімшілігінің бастама­сымен, қолдауымен “Сабалақ” халқына біраз жылдан бері күткен көгілдір отын келді.

Көгілдір отын – осы уақытқа дейін қан­шама жылдар бойы “Сабалақ” тұрғында­рының аңсаған армандарының бірі еді. Бүгінгі күні осы көгілдір отын келетін құбыр тартылып, газдың алды келіп жатыр.

Көгілдір отын әкелуге көп жұмыс жаса­ған мердігер мекеме жұмысшыларына, басшыла­рына да рахмет айтамыз. Халыққа көмір әкеліп жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Кешегі күнге дейін жол жағдайы өте қиын болды. Елді мекен­дегі көшелерге де бірте-бірте жарық тартылып, қиыршық тастар төселіп, бір жобаға келіп қалды. Халықтың еңсесі көтеріліп қалды. Енді осы тұрғанда қуанғаннан айтарға сөзіміз жоқ. Көп іс атқарылды.

“Сабалақ” елді мекенінің тұрғыны Бекенов Есенгелді:

– Үш-төрт жылдан бері ертең, арғыкүні болады деп күткен газымыз елді мекенге кірді. Облыс, қала әкімшілігіне рахмет айтамыз. Халық­тың қамын ойлап, жүгіріп жүрген еңбектері қайтты.

Жылдан жылға “Сабалақ” өзгеріп келеді. Бұрын ештеңе жоқ, әр жерде 3-4 үй еді. Қазір қа­лың ел болды. Көшелерге тас төселді, жарық жүріп жатыр. Мұның бәрі әкімшілік жігіттерінің көп жүгірген еңбегінің арқасы деп түсінемін. Енді газ келіп, көмірден, күлден құтылып, келін­деріміз, қыздарымыз қуанып жатыр. Осыған атсалысқан жандардың бәріне рахмет.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған