Облыс басшысының алғаш бағыт алған құрылыс нысаны – қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде бой көтеріп жатқан «Өнер орталығы» болды. Өткен жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары бастау алған нысан жоспарға сәйкес желтоқсан айында толығымен пайдалануға берілмек. 1000 орынға бағытталған орталықта әртүрлі бағыттағы шығармашылық кештер мен концерттер өткізілмек.
Қуантарлығы, кең көлемде салынып жатқан Өнер орталығының концерт залында замануи құрылғылардың негізінде мәдени бағыттағы шаралар кедергісіз өткізілмек. Айта кетерлігі, бұл облыс басшысының бастамасы негізінде салынып жатқан кезекті әлеуметтік нысан.
Одан әрі облыс әкімі қаланың сол жағалауына бағыт алды. Ондағы салынып жатқан Автовокзалдың жұмыс қарқынын бақылады. Құрылыс жобасында ғимаратта жол жүрушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында сауда орындарынан өзге, қоғамдық тамақтандыру орталықтары да бар. Тіпті, көлік жөндеуге арналған алаң да қарастырылған.
Айта кетерлігі, жаңа автовокзалда 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты қызмет көрсетпек. Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы және Ақтөбе қаласына 8 республикалық, сондайақ 46 ішкі ауданаралық рейс қамтылмақ.
Облыс әкімі бұл аралауда Қан орталығын да ұмыт қалдырмады. Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін салынып жатқан нысан 5000-10000 адамға қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Жоба құны 2 млрд 700 млн теңгеге тиесілі.
Сонымен бірге, білім бағытындағы құрылыс нысандарындағы жұмыс қарқынын назарға алған Нұрлыбек Машбекұлы физика математика бағытындағы мектепинтернатына да барды. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме нысан келер жылы пайдалануға берілетінін атап өтті. Қуантарлығы, мұнда соңғы үлгідегі құрылғылар мен білім беруге бағытталған оңтайлы әдістер қолданылмақ. 400 орынға лайықталған білім ошағында 300 орындық жатақханасы да қарастырылған.