– Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
