Адал дос, асыл азамат… Өмір – адам баласына берілген қайталанбас ең қымбат сый. Ал, өмірдің мәні тіршілік етумен шектелмейді, еңбегіңді еліңе арнап, артыңда өшпес із қалдыра білуіңмен өлшенеді. Бұл үшін адамға ғасырлық ғұмыр емес, адами адалдық, берік болмыс, халқына қызмет етуді парызым деп санайтын парасат қажет.

Осындай бағалауға лайық азаматтың бірі – жауапты басшылық орындарда қызмет етіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сыр перзенті Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараков болатын.

Оның туған жерге беретіні, атқаратын ісі әлі де көп еді, елу деген ер жасынан енді асқан шағында кеудесі ізет пен ізгілікке тұнған адал дос, асыл азамат бұл дүниеден бақилыққа көшті…

Қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме, бұл бекер сөз емес. Оның астары кең. Атамекен ауылдың май топырағын кешіп, қазақы қалың ортада өскен Қамбарбектің бекзат болмысы ауылда бекіді. Қарапайымдылық қасиеттің қазығы да ауылда қағылды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету ілтипаты, досты бауырға тарту, адалдықтан аттамау секілді қазақы қағида­ның қалыптасуы да өскен ортасының өнегесі. Сол ауылдың алқасынан ол қалаға қамда­нып, оқуға ұмтылды, елге қызмет етуді арман­дады, осы бағыт-бағдарынан таймады. Осы жолда қаншама белесті бағындырды, айма­ғымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қамбарбек досымыз жасынан-ақ кез-келген сынаққа дайын тұра алатын, жігерлі, мақсатшыл, тәуекелшіл болып жетілген жан. Бұл оның қалың жұртқа үлгі тұтуға тұрарлық өнегелі отбасы тәрбиесінде өскендігінен де болса керек.

Қамбарбек еңбек жолын қарапайым қара жұмыстан бастап, әуелі «Өзгент» кең­шарының қырма­нында слесарь болғаны да көп нәрсені ұқтырады. Болашақ жолына түскен оның бұл қадамы «Өмір үйретеді, еңбек ширатады» деген әке талабымен тығыз байланысты екені анық.

Жоғары оқу орнында білім алып, есеп-қисапқа жүйрік, экономика сала­сының білікті маманы атанды. Он жылға жуық салық органдарында жау­ап­ты қызметтерді атқарды. Облыс­тық департамент бастығының орын­басары, Жаңақорған, Шиелі ау­дан­­дарында салық басқармасының бас­шысы болды.

Біз Қамбарбек Амангелдіұлымен елге бірге қызмет жасап, жақын дос болып, ерекше сыйластық.

2008-2013 жылдары мен Шиелі ауданы­ның басшылығын­да болғанымда Қамбарбек аудан әкімінің экономика жөніндегі орын­басары болды. Сол жылдары Сыр маржаны саналатын Шиелі ау­данының абыройы артып, бере­кесі бекемделе түсті десек, бұл жетістікке Қамбарбек Аман­гелдіұлының да қосқан үлесі мол еді…

Ол білікті қаржыгер болды, өз жауап­кершілігін жете сезінді. «Көп білсең де көптен артық білмейсің» дегендей, оның бір ерекшелігі қолға алған іс барысын әрдайым тәжірибелі мамандардан сұрап, сараптап алатын. Бұл – басшыға қажетті қасиет, қазақ атамыз да «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп әр іске тиянақты дайындықпен кірісуді өсиет еткен.

Қамбарбек Амангелдіұлы Қы­зылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы жаңадан құрылғанынан бастап, сол комиссияны он жылға жуық абыроймен басқарды.

Облыстық ауыл шаруа­шы­­лығы басқармасының бас­шысы, Шиелі ауда­нының әкімі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының басқарма төрағасы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметтерін  абыроймен жоғары деңгейде атқарды.

Оның бар қызметі бір тізімге сыйып тұрғанымен, осы қызметтердің аясында қанша күш пен жігерді сүргідей жонатын қиындық пен жауапкершілік жатыр. Со­ның бәрін көтеру бір азаматқа аз жүк емес…

Қамбарбек Амангелдіұлының Шиелі ауда­нына әкім болып тағайындалуы күллі дүниеге нәубет төндірген пандемия дүрбелеңі­мен тұстас келді. Осы кездері барша елмен бірге аудан халқы да әр сәті қауіп пен қатерге байланған күндерді бастан өткерді. Қиын-қыстау мезетте ха­лықты сабырға шақырып, тез және нәтижелі шешімдер қабыл­дай білу оңай болмады. Ел ерге, ер жерге қарайтындай қиын-қыстауда қисынын келтіріп, іс қыла алатын қабілетін танытты.

Аудан тұрғындарының сұра­ны­сына сәй­кес теміржол үстінен көпір салынып, жұртшы­лықтың көптен бергі ұсыныс-тілегі орын­далды. Тағы да басқа халықтың күн­делікті өмірін жақсартуға бағыт­талған игіліктер іске асты.

Әр күні қарбаласқа толы аудан басшы­сының мұндай жұмыс­тарын санап тауысу­дың өзі қиын. Жоғарғы басшылықтың тапсырмалары, аудан халқының талап-тілегі оны “етігімен су кешкен” ерлер ісіндей ел мүддесіне қайрап салды. Шын мәнінде Қам­барбек Аман­гелдіұлы ел басқару ісінің қандай жауапкершілік жүктей­тінін жақсы түсіне білді.

Қамбарбек Амангелдіұлы облыс­тық кәсіп­керлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқар­ма­ларының басшысы қызметінде жүргенде де өзінің іскерлігін көрсетті.

Әсіресе, орталықтан облыс­қа қажет қаржыны тарту бағытында табандылық таны­тып, өзінің біліктілігін талай мәрте дәлелдеді. Қамбарбек ба­уы­рымыздың еңбекқорлығына еш­кім шүбә келтіре алмайды. Ол кеудесіне кенедей жабысқан дертімен күресудің ор­нына өмі­рінің соңғы сәтіне дейін тап­жылмай қызмет етті, ел ама­натын арқалап өтті. Жауапты да күрделі қай қызметте де өзінің кәсіби өрісін көрсетіп, аймақты дамытуға байланысты мол тәжірибесін сарқа жұмсады, жас кадрларды шыңдады. Бүгінде оның шекпенінен шыққан шы­найы шәкірттері ұстаз атына кір келтірмеуге ұмтылып келеді.

Ол өзінің адал еңбегінің ла­йықты сый-құрметін де көрді. «Үздік мемлекеттік қыз­метші», «Қаржы қызметінің үздігі» төс­белгі­сімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін», басқа да мерекелік медаль­дар­мен марапатталды. Жаңа­қорған және Шиелі аудан­дары­ның “Құрметті азаматы” атанды.

Әрине, оның ел ішіндегі абыройы, артын­да қалдырған игі істері ең үлкен атағы болды.

Сыйластық пен достыққа берік, көңілі мен пейілі кең, жомарт жүректі Қамбарбек бауырымыздың құтты шаңырағы әрдайым қонақтардан үзілмейтін.

Әулеттің берекесі болған аяулы анамыз Фатима апай, төрт перзентті дүниеге әкелген өмірлік жары Айнұр да қара шаңырақтың өнегелі отанасы. Әкенің асқақ абыройы ұлағатты ұрпағымен жалғасын тапқаны әрқашан көңі­лімізге медет болуда.

Дана бабаларымыз «Ойың­ның ақтығы – арыңнан, сөзіңнің ақ­тығы – жаныңнан, ісіңнің ақ­тығы – ақылдан» деген. Қам­барбек Амангелдіұлының туа­ бітті са­быр­лы мінезі, қабілет-қары­мы, іскерлік әрекеті, ұйым­дас­тыру­шылық қасиеті оның адами қасие­тін асқақтатуға жетерлік баға. Асыл досымыздың арамыздан ерте кеткені жанымызға қатты батады, өзімен бірге өткізген қайталанбас қызықты күндерді сағынышпен еске аламыз.

Бүгін міне, қимас досы­мыздың бақилық болғанына да бір жыл уақыт өте шығыпты. Бірақ, уақыт бұл асыл есімді ел жадынан өшіре алмайтыны анық.

Ұлы Абайдың «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген мағыналы сөзі бар. Біз досымызды ешқашан ұмытпаймыз, жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталады.

Жаның жәннатта болсын, адал дос, асыл азамат!

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,

Қызылорда облысы әкімі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған