Айта кету керек Асқарбек Есжановтың орнына облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Ардақ Ибраимов тағайындалды. Жалпы есімі көпшілікке таныс емес болуы мүмкін. Қысқаша айта кетсек: 1986 жылы дүниеге келген. Әр жылдары мұнай және құрылыс компанияларында басшылық қызмет атқарды. 2020-2022 жылдар аралығында қалаға қарасты Белкөл кентінің әкімі болды. Әкім лауазымына дейінгі атқарған жұмысы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары. 8 айға жуық уақыт облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары лауазымында отырған ол жақсы жұмыс жасағаннан кейін, осындай абыройлы лауазымға тағайындалды деп есептейміз. 37 жасында аудан басқарып отырған Ардақ Ибраимов кезінде Шиелі ауданының әкімі болған Нұрлыбек Нәлібаевтан кейінгі жас әкім деп айтуға болады. Айта кету керек Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданының әкімі болып 32 жасында тағайындалған болатын. Аймақ басшысы аудандық актив отырысында «су жаңа» әкімді таныстырды. Өз сөзінде:
– Ардақ Әбдіғаппарұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, нәтижелі жұмыстар мен игі бастамаларды одан әрі дамытуда аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Биылғы жылдың қорытындысымен дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді тапсырамын. Инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Кезінде бұл аудан «Күріш фабрикасы» атанған. Қазір де сол деңгейді жоғалтпай, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жағынан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жетік меңгерген маман ретінде ауданның осы ерекше потенциалын пайдалану керек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Тағайындалғанына 1 аптаға жуық уақыт болса да Ардақ Ибраимов ауданды аралауды бастап кетті. Айтпақшы сенбілікке шығып үлгергенін айту керек. Отын қоймаларды аралап, жылу маусымында қатты отын тапшылығын болдырмауды тиісті мамандарға тапсырды. Сонымен қатар Жалағаш кентінен жаңа құрылыс нысандарының салу жоспарларымен танысып, бірқатар білім беру ұйымдарын аралап шықты. Сондай-ақ Қаракеткен ауылдық округіндегі техникалық су ұңғымасын қазу жұмыстарымен танысты. «Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне» орай бірнеше орман шаруашылығы қызметкерлерін марапаттады. «Су жаңа» әкімнің 1 аптадағы қызметі осындай. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ-бәрімізге сын» деген болатын. Сондықтан да Асқарбек Есжанов атқарып кеткен жұмысты Ардақ Ибраимов абыроймен атқаруына тілектеспіз.