Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесінің әділ әрі тиімді болуы маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Осы орайда, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы енгізіліп, еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға тың серпін беріп отыр.

Бүгінгі таңда қоғам мемлекеттік басқару жүйесінен ашықтықты, тиімділікті және кәсібилікті талап етеді. Бұл талаптарға сай болу үшін іріктеу жүйесінде түбегейлі өзгерістер енгізілді. Бұрынғы іріктеу жүйесінің кемшіліктері – үміткерлердің тек теориялық біліміне басымдық берілуі, практикалық қабілеттерінің ескерілмеуі және процестің жабық түрде өтуі еді. Жаңа іріктеу жүйесі осы олқылықтарды жоюға бағытталған. Ол меритократия қағидатын, яғни адамның қабілеті мен жетістігіне қарай ілгерілеуін қамтамасыз етеді.

Процестің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында іріктеу кезеңдері толықтай автоматтандырылды. Барлық үміткерлер онлайн платформада бірдей жағдайда тест тапсырады, нәтижелері автоматты түрде есептеледі. Жаңа тәсіл адами фактордың ықпалын болдырмай, мемлекеттік қызметке қабілетті, білікті, құзыретті мамандарды тартуға басымдық береді. Сондай-ақ, бұған дейін үміткерлер заңнаманы білу тестілеуінде 9 түрлі заң бойынша білімін дәлелдеуі қажет болса, қазір бұл талап оңтайландырылып, тек 4 негізгі заңмен шектелді.

Іріктеу қалай өтеді?

Мемлекеттік қызметке жаңа форматтағы іріктеу «Е-qyzmet» (www.eqyzmet.gov.kz) ашық сыртқы порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл – үміткерлерге бүкіл конкурстық кезеңдерге онлайн режимінде қашықтан қатысуға мүмкіндік беретін заманауи платформа.

1. Тестілеу – алғашқы қадам

Үміткерлер портал арқылы тіркеліп, төрт заң бойынша заңнаманы және мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалайтын тестілеуден өтеді. Бұл тест 24/7 режимінде қолжетімді, яғни кез келген уақытта тапсыруға болады.

 «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамаларын білуге тестілеу бағдарламасы:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тесттің (20 сұрақ) ұзақтығы 20 минут;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясынан (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңынан (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңынан (15 сұрақ), Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) (10 сұрақ) бiлуге арналған тест сұрақтары.

Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеу сертификаты талап етілмейді.

2. Байқауға өтінім беру

Тестілеуден сәтті өткен үміткерлер жүйе арқылы мемлекеттік қызметтегі бос лауазымдарға конкурсқа қатысу үшін өтінім береді.Сонымен қатар, үміткерлер конкурсқа қатысу үшін жүйеге еңбек кітапшасының және білімі туралы дипломының көшірмелерін жүктеуі қажет.

3. Іріктеу кезеңдері

Іріктеудің бұл сатысы келесі бірнеше маңызды элементтерді қамтиды:

Жеке қасиеттерін бағалау – тұлғалық және коммуникативтік қабілеттеріне талдау жасалады;

SHL форматындағы тапсырмалар – үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын бағалау;

Эссе жазу – бұл тапсырма барлық басшылық лауазымдар үшін міндетті және үміткердің аналитикалық ойлау мен жазбаша сауаттылығын анықтауға бағытталған;

Сарапшылар комиссиясымен әңгімелесу – соңғы кезеңде үміткер комиссиямен бетпе-бет сұхбаттасады.

Барлық іріктеу кезеңдерінде прокторинг жүйесі іске қосылады. Яғни үміткердің тест немесе эссе жазу кезінде академиялық адалдық қағидаларын сақтауын арнайы бейнебақылау бағдарламасы автоматты түрде қадағалайды.

4. Іріктеу барысындағы автоматтандырылған сұрыптау

Іріктеу кезеңінде ең төмен балл жинаған үміткерлер автоматты түрде жүйеден шығарылады. Бұл тәсіл жүйені тиімді әрі нақты етеді. Соңғы кезеңге үздік нәтижеге ие 3 үміткер ғана өтеді. Олар сарапшылар комиссиясының әңгімелесу кезеңіне жіберіледі.

5. Сарапшылар комиссиясы және анонимдік

Сарапшылар комиссиясы – алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік орган өкілдері мен тәуелсіз бағалаушылардан тұрады. Комиссия құрамының үштен бір бөлігі – сыртқы бағалаушылар, бұл – объективті шешім қабылдаудың маңызды кепілі.

Комиссия отырысында кейстік тапсырмалар мен ситуациялық сұхбаттар арқылы үміткердің шынайы қызметтік ахуалдардағы әрекеті бағаланады. Мысалы, даулы жағдайды қалай шешеді, азаматтың өтінішіне қалай жауап береді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қағидаларын қалай түсінеді – осының бәрі нақты бағалау критерийлері арқылы сараланады.

Бұдан бөлек, иесіздендіру және анонимділік қағидатын сақтау мақсатында үміткерлерге сәйкестендіру нөмірлері беріледі. Үміткердің дербес сәйкестендіру нөмірі іріктеу кезеңдеріне қатысқан кезде үміткерді оның дербес деректерін көрсетпей иесіздендіру үшін пайдаланылады.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – жеңімпазды адам емес, жүйе анықтайды.

Конкурс нәтижесінде жеңімпаз комиссия шешімімен емес, барлық кезеңдердің жиынтық бағасын автоматты түрде есептейтін жүйенің өзі арқылы анықталады. Бұл – шын мәнінде меритократия мен әділдіктің айқын көрінісі.

Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне қызмет ету жолындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұл салаға тек білікті, адал, кәсіби азаматтардың келуі аса маңызды. Жаңа цифрлық іріктеу жүйесі – осы талаптарға сай үміткерлерді әділ жолмен таңдау үшін жасалған тың қадам.

Жүйе қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдарда қолданысқа енгізіліп, өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Қызылорда облысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап толыққанды жаңа іріктеу жүйесіне көшкен болатын. Бүгінде жаңа жүйе бойынша мемлекеттік органдарда конкурс жарияланып, іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа іріктеу жүйесіне қатысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жүгінуді ұсынамыз.

Біздің мекен-жайымыз : Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі 1.

Байланыс нөмірлері : 8(7242)70-56-26 немесе 8(7242)70-57-37

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының жетекші маманы Ж.А.Серікққали

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған