Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге біліктілігімен қатар, олардың әдептілігіне, адалдығына, адамгершілік қасиетіне және мәдениеттілігіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы өте маңызды. Өйткені мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, әдебіне, халықпен қарым-қатынасына қарай қоғамның мемлекеттік билік институттарына деген көзқарасы қалыптасады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді. 2022 жылы 22 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен аталған Әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітілді.
Әдеп кодексінің 1-тармағында еліміздегі мемлекеттік қызмет – қоғам өмірінде ерекше рөл атқаратындығы, оның қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіретіндігі белгіленген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді деп көрсетілген.
Мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебі келесідей қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Осы қағидаттарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметшіге бірқатар талаптар қойылады. Олардың қатарында қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен азаматтардың тарапынан сынға себепкер болмау сынды талаптар бар.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, сырт келбетіне, олардың жұмыстан тыс уақыттағы әрекеттеріне талаптар қойылғанын ескеру керек.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметі діни бірлестіктерден және діни көзқарастарды насихаттаудан тәуелсіз болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер діни нанымдарын әріптестеріне немесе азаматтарға таңуға құқылы емес және қызметтік жағдайын діни мақсатта пайдалана алмайды.
Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметші жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте осы қоғамның мүшесі. Конституциямен, басқа да заңдармен көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметші де қоғамның басқа да мүшелері сияқты құқықтар мен міндеттерге ие болады. Алайда, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, барлық іс-әрекеттерін әдеп нормаларының шеңберінде жасағаны дұрыс.
Бұл нормалар мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау әрбір қызметкердің қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті болып саналады.
11-ғасырда өмір сүрген ақын, ойшыл, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші бас пайдасын ойламай, ел сенімін алғашқы орынға қойып, өз қызметінің жауапкершілігін білуі тиіс. Әрқашанда мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет.
Бағдат Әбдіқадыр
Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі