Оқу ошағы білікті мамандар мен заманауи технологиядан жасақталуы болашақ қоғам азаматтарының білімді маман болуына нақ кепіл бола алады. Осыны қазірден ескеріп, ел болашағының қамын қамтамасыз етуден облыс басшысы қапы қалмаудың амалын жасап келеді. Құрылыс алаңына айналған қаламызда қаланып жатқан ғимараттардың біршамасы – мектеп. Билікте қайтсын-ай, білімге баса назар аударып, балалардың дұрыс білім алуына бар күш-жігерді салуда.

Шаһардың шекарасы кеңейіп, қала тұрғындарының саны артуына байланысты, қала бере «Ұлағатты ұстаздар» күніне орай «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа білім ошағы қолданысқа берілді. Бой көтерген білім ордасы өз кезегінде үш ауысымда білім беретін қос бірдей мектептің жүктемесін жұқартпақ.

«Бәйтерек» мөлтек ауданындағы мектептің ашылу салтанатында қуанышты жаңалықпен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын құттықтап:

– Ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы екі жылда 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның бесеуі облыс орталығында бой көтереді. Бұған дейін қаламызда бір ғана Оқушылар үйі болса, «Қаз Гер Мұнай» компаниясының демеушілігімен 2,3 млрд. теңгенің 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы құрылысы жақын күндері басталады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын музыкалық колледждің жаңа ғимараты құрылысын қараша айында бастап, ауыл балаларына арналған 900 орындық 4 мектепті жыл аяғына дейін табыстаймыз, – деді.

Салтанатты іс-шарада облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов жерлестерін жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, ел ағалары өз баталарын берді.

Мектеп құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалды. Оқу кабинеттері мен асхана, шеберхана және спорт залы уақыт талабына сай жабдықталған.

Ашылғаннан бірнеше күн өткеннен кейін Бәйтеректегі №287 мектепке біз арнайы бардық. Барған уақытымызда мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Ахметова Гүлжамал жылы қабылдап, бірнеше сұрақтарымызға жауап бере кетті.

– Жаңа білім ордасын жергілікті қауым ерекше күтті. Өз жұмысын 234 оқушымен бастаған мектепте қазіргі білім алушы саны күн санап артып келеді. Оқу ордасының оқушыларын тасымалдау жағы да қарастырылған. Бәйтерек-1, Бәйтерек-2 аудандарына көлігіміз қатынайды. Бастауыш сыныптарымыз да 90-нан жоғары бала оқиды. Бұдан бөлек 1-4 сыныптағы оқушылар толық ыстық тамақпен де қамтылған. 1-9 сынып аралығында білім алатын оқушылардың қай бағытта білім алатыны әлі де беймәлім. Оқушылар арасында сауалнаманы енді жүргіземіз. Оқушылар бейімін анықтау үшін алдағы уақытта түрлі іс-шаралар атқарылатын болады. Соңғы үлгідегі физика, информатика, химия, биология секілді бағыттардағы кабинеттеріміз бар. Барлығы да оқушылар үшін жасалған. Балалардың қауіпсіздігі біздің басты назарымызда. Сондықтан да барлық қауіпсіздік шаралары сақталған,-деді Ахметова Гүлжамал.

– Шағын ауданымызда барлық талапқа сай мектеп ашылғанына шын жүрегіммен қуандым. Осы мектебімізден еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар шықса екен деп тілеймін,-дейді ата-аналардың бірі.

Өңіріміздегі мектептерге жаңа оқу жылында 180 мыңнан аса оқушы келді. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің саны 17 мыңнан асқан. Оқушы санының өсуі өз кезегінде жаңа мектептерге сұранысты арттырады.

Биыл Сыр өңірінде мемлекет тарапынан бөлек жеке инвесторлардың да қолдауы ерекше. Ірі кәсіп орындардың демеушілігімен облыс орталығынан 350 орындық «Оқушылар сарайы», мен «Музыкалық колледждің» жаңа ғимараты бой көтермек.

Білім – болашаққа деген инвестиция, қуатты мемлекет құру үшін өте қажетті құндылық. Сондықтан, қашанда шыңдалуға, біліміңді арттыруға тырмысу қажет. Дана халықтың ұрпағына надан болу жат екенін жадымызда мықтап ұстау керек-ақ!

P.S. Біз барғанда тағы бір білгеніміз жалпы мектепте бастауыш сыныптарында 90-дай оқушы бар. Мектепте оқитын оқушылар 200-ден асады. ҰБТ-ға байланысты сұрақ қойғымыз келгенімен әлі 10-11 сыныптар ашылмағандықтан, ол сұрақтарды қоймастан кеттік. Әлгі осы мөлтек ауданнан мектеп керек деп сұрап жүргендердің оқушы балалары қайда?

Мұхаммедшах КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған