Фото: International Skating Union via Getty Images
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ресейлік паспортты қазақстандыққа ауыстырған мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға қатысты жағымсыз пікірлер жазылып тұрды. Оның бұл әрекеті ресейлік жаттықтырушылардың, сондай-ақ дарынды конькимен сырғанаушының кетуімен келіспеген көптеген спортшылар мен пікір қалдырушылардың сынына ұшырады. Бір жыл ішінде олар жас спортшыны мұқият бақылауда ұстады, Самоделкина қошеметке лайық емес және ешқашан спорт шыңына көтеріле алмайтынын айтумен болды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза Sportnews.kz тілшісімен әңгімелесуде мәнерлеп сырғанаушыға бағытталған «хейт» туралы өз пікірін білдіріп, ресейлік спорт сарапшылары неге Самоделкинаны «еркіне жібере» алмайтынын түсіндірді.
Махаббат арнасын бұрып кетсе…
Оның айтуынша, кез-келген ел өз дарынды спортшысының азаматтығы ауысып жатқанына қызғанышпен қарайды.
-«Спорт әлемінде жанкүйерлер ғана емес, бүкіл қоғам спортшының өзге елге кетуін түсінбейді»,– деп атап өтті депутат.
Депутат кәсіби боксшы Дмитрий Биволды мысал етті.
-«Оның Қырғызстан, Молдова және Ресей құрамаларында ойнау мүмкіндігі болды. Әкесі молдавалық, анасы корей ұлтынан, өзі Қырғызстанда туған, алайда Ресейде жаттыққан. Кәсіпқой боксқа қадам басқан ол жарыстарға Ресей Федерациясының атынан шығуды таңдады. Бұл ретте аталған елдер оның таңдауына түсінбеушілік танытты, қызғанышпен қарады. Сол сияқты, біздің футбол ойыншылары басқа елді таңдап кеткен жағдайлар да жиі болды. Халық бірден «біздің елде айлық тапқан», «біз сені жетілдірдік, жаттықтырдық, алайда сен басқа елге кетіп қалдың» деп күнә таға бастайды. Спорт әлемі үшін бұл қалыпты құбылыс екенін түсіне бермейді. Кез-келген адам өзіне жағдай жасағысы келеді ғой»,– деп түсіндірді ол.
Уақыт қайтып келмейді
Депутат пікіріне сай, Софья Самоделкинаға келетін болсақ, бұл ресейлік спортшылар алтын уақыттарын босқа құртқысы келмейтінінің тағы бір мысалы.
-«Ресей Олимпиада ойындарынан шеттетілді, футбол командасы іріктеуге, Еуропа чемпионатына, әлем чемпионатына қатыса алмайды. Бұл күрескерлер, ауыр атлеттер, гимнасттар мен теннисшілерге де әсер етті. Қалай болғанда да, олар саяси жағдайға байланысты оқшауланып қалды. Спортшылардың спорттағы дәуірі өтіп барады. Спортшы мүмкіндігінше жақсы көрсеткішке жетуі үшін шамамен он жыл қажет. Одан кейін жаттықтырушылықпен айналысуды немесе зейнеткерлікке шығуды ойлайды. Егер олар додаға жетпей қалса, қазіргі спортшылар буыны Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан жастар тығырықтан шығудың түрлі нұсқаларын іздеумен келеді. Нәтижені дәл қазір көрсетпесе болмас», – деді депутат.
Ол қазір ресейлік спортшылар Грузия, Қазақстан, Канада және басқа елдер атынан жарысып келе жатқанын атап өтті. Ол Парижде өткен Олимпиадада Албания, Румыния, Чехия, Словакия және Венгрия құрамалары қатарында көптеген дағыстандық және шешен күрескерлері болғанын айтты.
-«Әрқайсысы өз уақытын жоғалтып, саяси мәселенің шешілуін күтіп, қол қусырып отыра алмайды. Олар күрескерлер жетіспейтін елдермен келісімшартқа отырып, медаль жеңуге мүмкіндік алады»,– деп атап өтті Самат Мұртаза.
Депутат еліміздің намысын қорғағысы келетін легионерлерді қорғау керек деп қосты.
-«Біз оларды қолдауымыз керек, алайда өз спортшыларымызды тәрбиелеу керек екенін ұмытпаған шарт. Қазақстанда легионерлер бар, олар сенімді ақтауға тырысып бағады. Сонда да, өз балаларымыз бен жастарды баулу керек»,– деп қорытты Самат Нұртаза.