Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа да халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Орал Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде – бір үлкен шайқас болмады. Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталды.

Біз қазір «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатырмыз. Осының бәрі – қасық қаны қалғанша соғысқан азаматтарымыздың арқасы. Біздің әрқашан оларға алғысымыз шексіз.

Соғысқа аттанып болашақ ұрпақтары үшін жандарын пида еткен әрбір азаматты құрметтейміз, олардың жасаған ерліктерін ұрпақтан – ұрпаққа аманат етіп, ержүректілігі мен отансүйгіштігін жеткізу парызымыз.
Осы үрдістен еш қалыс қалмайтын Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерімізді еске алып, мәңгілік алау монументіне әрлеу жұмыстарын жүргізіп, гүл шоқтарын қойып тағзым етті.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды…..

Шәрін Тұрсынай
5547 әскери бөлімі
Қызылорда қаласы
.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған