Қасым-Жомарт Тоқаев KIA компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында адам капиталын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келе жатқанына тоқталды.

– Әлемдік автоалпауыт еліміздегі зауытты іске қоспай тұрып, Қазақстан және Корея университеттерімен, колледждерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоя бастады. Бұдан бөлек, білікті кадрларды даярлау үшін компания корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. KIA осы арқылы қызметкерлерге қамқорлық – ұйым мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін көрсетеді. Бұл шынайы құрмет пен ниеттестік ортасын қалыптастырады. Жұмысшы мамандарға дәл осындай қарым-қатынас қоғамда еңбекқорлық пен әлеуметтік әділдік құндылықтарының орнығуына септігін тигізеді. Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың есебінше, автозауыттағы әрбір жұмыс орны логистика, сервис, инфрақұрылым салаларында жанама түрде бес-алты адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл – жай ғана өндіріс желісінің кеңеюі емес, толық өнеркәсіп кластерін қалыптастыру үшін жасалған зор қадам. Мұндай жүйеде шағын және орта бизнес тұрақты дамуға мүмкіндік алады. Өндірісті ұйымдастырудың осындай кешенді тәсілі Қостанай облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді. KIA зауыты қазақстандық автоөнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін беретініне сенімдімін. Жаңа кәсіпорынның жұмысы отандық автопарктің жаңаруына септігін тигізеді. Ол қалалар мен күре жолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған