Биылғы жылғы Үкіметтің алғашқы отырысы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатында айтылған мәселелер бойынша Үкімет басшысы О.Бектеновтің тиісті сала басшыларына тапсырма беруімен ерекшеленді.

Сонымен Үкімет басшысы Ұлттық Экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны нақты жүзеге асыруға кірісуді, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыруды, Туризм және Спорт министрлігіне өңір әкімдерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын ұсына отырып,  2029 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, түзетуді, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, туризмге қажетті кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылдауды, Өнеркәсіп министрлігіне квазимемлекеттік сектормен бірлесіп, белгіленген жоспарларды, оның ішінде шетелдік серіктестермен қол жеткізілген келісімдерді тез арада жүзеге асыру жұмыстарын бастауды, Энергетика министрлігіне салалық Агенттікпен бірлесіп, атом энергетикасы саласындағы жобалар бойынша жұмыстарды бақылауда ұстауды, Көлік министрлігіне, әкімдіктерге және компанияларға көлік-логистика бойынша бекітілген іс-шаралардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруды, одан бөлек, Ішкі істер министрлігіне цифрлық технологияларды енгізе отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейтуді, Оқу-ағарту министрлігіне жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыруды тапсырды.

Үкіметтің осы жиынында О.Бектеновтің «Жалпы алғанда Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу болашақта біздің алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап бергенін атап өткім келеді. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар оларды табысты жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салып жұмыс істеуі қажет. Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарыңыздар. Нәтиже болмаса оның бәрі бос әңгіме. Жұмыс істей алмасаңыздар ашық айтыңыздар. Бұл мәселені шешеміз», — дегені бірден бірге кең тарады.

Сондай-ақ осы жиында білім саласында субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі жасалып, ал бұл өз кезегінде білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер етіп отырғаны да айтылды.

Үкімет басшысы мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін, мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін де ортаға салды.

Ия, Үкіметтің алғашқы жиынында келеңсіз біраз жәйттердің беті ашылды. Егер де Мемлекет басшысы газетке сұхбат бермегенде көп жәйт “жабулы қазан” қалпында қала берер ме еді? Кім білген… Не болғанда да сұхбаттың жарияланғаны, Үкіметтің осы сұхбатты оқығаны жақсы болды…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған