Соңғы уақытта қала ішіндегі тіршілік әдеттегіден де жанданды. Тазалыққа, қала ішіндегі әсемдікке аса мән беріп, ғимараттар мен тұрғын үйлердің сырт келбеттеріне рең кіріп, жолдардың жолақтары кеңейіп, асфальт жаңарып, аймақ оң өзгерістер мен көзтоярлық келбетке ие болды. Бұл облыс әкімі қызметіне Нұрлыбек Нәлібаев келгелі бергі жақсы бастамалардың бір тармағы ғана деуге негіз бар… Барды бар деп, жақсыны жақсы деп еңбекті елеу де, көркем көріністі көре алған көздің сипаттауындай болсын…
Облыстағы оң өзгерістерге куә болып, жергілікті халықтың тыныс тіршілігімен танысып, хал-ахуалын білу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне келді. Жасыратыны жоқ, елге Мемлекет басшысы келеді деп, жас та, жасамыс та сүйіншілеп, билік те халық та қазақтың құда келер алдындағы әзірлігіне кіріскендей көңіл-күйде жүрді. Алайда, жергілікті көпшіліктің көкейінде күдік те жоқ емес еді… Облысты басқарған қысқа уақытта біздегі өзіміз де, өзгелер де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мен бағындырған белестерде Нұрлыбек Нәлібаевтың «қалың қолтаңбасы» барын айтпай кетуге болмас. Облыс орталығындағы сол жағалау деп айтылғанымен ондағы өзгерістер оң бағаланып, тар көшелер кеңейіп, аймақтың әр ауданында, ауылында салынып, ашылып, лентасы қиылып жатқан мектеп, амбулатория, мәдениет үйлері сияқты әлеуметтік нысандарды айтпағанда, Сыр бойының бас қаласында «Анаға тағзым», «Неке сарайы» сияқты бір емес бірнеше әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, олардың халық игілігіне берілуі де, туған жерге тағзым етуде қаржы тартуда, кәсіпкерлерді ұйыстыруда Нұрлыбек Машбекұлының жан кештілігі орасан десе болады. Облыста тіршілік жанданғаны ондағы адамдардың еңселерінің тік ұстауларына да әсер етпей қоймасы анық. Осы пікірді ұстанып, небір бастамаларды жақсы бағалаған жұртшылық үшін «Облыс әкімі Президентпен бірге кетеді ме?» деген заңды сауал өзекті болғаны жасырын емес. Мемлекет басшысының қадамының құтты болғанына тілектес болғанымен, бағымызға бұйырған басшыға қатысты ресми ақпарат жарияланбаса да, бірінде қимастық сезім болса, енді бірін де басқаша… Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар дегендей, бір ортада екі түрлі пікірдің болуы да заңдылық. Әйткенмен, бұл тақырып аясында сөз болғанда бүгінгі облыс басшысына бауыр басқан қызылордалықтардың басым көпшілігі оның әкім тағында тағы да ұзағынан отыруына тілектес болды.
2019 жылдан кейін араға жылдар салып, Сыр елімен амандықта қайта қауышқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та біздегі белестерге жақсы баға берді. Облыс басшысы әр саладағы ілкімді жобалар мен жоспарларды жүйелеп, тыңдырымды тірліктер мен түйткілді проблемаларды да сөз етіп, оның шешу жолдарын да атап өтті. Сонымен, Президент аялдаған нысандарға тоқталайық…
ТЕМІРБЕТОН ЗАУЫТЫНА БАРДЫ
Айта кетерлігі, комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Бүгінде шикізат үшін қажетті өнімдер өз өңірімізден алынуда.
Бұдан бөлек зауытта Президент жергілікті өзге де кәсіпкерлермен тілдесіп, олар өндіретін өз өнімдерін таныстырды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі бағыттағы кәсіптің тізгінін ұстаған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан жақты демеу болатынын атап өтті.
КЕМЕЛҰЛЫ КҮЛІП ТҰРДЫ…
Бұл сапарда Мемлекет басшысы тауар өндіретін өнімдерге табан тіреп ғана қоймай, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін орталықтарды да назардан тыс қалдырмады. Көпшіліктің игілігіне берілгеніне көп болмаса да, әлеуметтік маңызы басым нысанның ел ішінде пайдасы кеңірек сөз болуда.
Президентті күтіп алып, ғимараттың жұмысымен таныстырған орталық директоры қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын да көрсетті. Жүзі күлімсіреп, мұндағы жұмысқа риза болған Кемелұлы ұлтымыздың ұлы құндылықтарын дәріптеуді алға тартқан Сыр өңірінің бұл бастамасына да өзіндік оң бағасын берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Расында, бұл жұмыс өте маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді насихаттауымыз керек. Әйтпесе, дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет.
Әуежайдың 80 пайыз жұмысы аяқталды…
Мемлекет басшысына сапар барысында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таныстырылды. Онда облыс басшысы жаңа әуежайдың 80 пайыз жұмысы аяқталғанын және келер жылдың мамыр айында ел игілігі үшін пайдалануға берілетінін алға тартты. Демек, біздегі әуежай көлемі жағынан ғана емес, рейстерімен де кеңейіп, жолаушылар үшін жақсы жағдай жасалмақ.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
– Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізіледі. Жоба құны – 20 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.
Тақырыпқа тұздық болсын, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың 118 жылдық тарихы бар темір жол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқанын баяндап айтты.
ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ РЕТТЕЛЕДІ…
Сондай-ақ, облыс үшін ауқымды мәселенің бірі – «Қызылорда – Жезқазған» автожолының құрылысы болуда. Реті келсе, жол сапалы салынудан бөлек, уақыт жағынан да ұтымды болса екен деген көптің қалауы бар. Осыны негізге алып, бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалған.
Нұрлыбек Нәлібаев: – Өткен жылдың тамыз айында өзіңіздің қабылдауыңызда болғанда халықтың қалауын жеткіздім. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланды. Сіз үкіметке тапсырма бердіңіз. Бүгінде бұл жолдың бойымен 10 мыңнан астам көлік қатынауда. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады, – деп мәселені де сөз еткенінше болған жоқ, Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдың расында өте тар екенін алға тартып, уақыт күттірмей кеңейту жұмыстарына кірісу қажеттігін тапсырды.
Одан өзге, кездесу барысында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі космодром қалашығы турасында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысынан Ресей тарапымен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігі жайында тапсырма алды.
Жаңа жылу электр орталығы салынады
Облысқа тиесілі жағымды жаңалықтың бірі – жылу электр орталығының бой көтеруі болды. Президентпен кездесу барысында аталған жобаның жоспары да таныстырылды. Жобаның тиімді тұсы – ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, күрделі жөндеуден өткен жылу электр орталығының әбден тозығы жеткен. Жаңартуды қажет еткен орталық бүгінде шетелдік инвестиция есебінен салынуда.
Энергетикалық қауіпсіздікке баса мән берген Президент бұл орталықтың мерзімінде салынып, іске қосуды тапсырды.
Нағи ауылы басқа ауылдарға жақсы үлгі…
Президенттің облысқа келгендегі алғаш аялдаған мекені – Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы болды. Ондағы орталық алаң мен спорт кешеңіне бас сұғып, жас спортшылармен тілдесті.
– Менің атым-Рауан. Футболмен айналысамын. Осы спорт алаңын, кешенді салып берген ағаларға рақмет айтамыз! Сол кісілердің еңбегін ақтап, өскенде чемпион боламыз, – деген ауылдың жас тұрғынына Президент те ізгі лебізін жеткізді.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған кешенде ауыл тұрғындары үшін футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Тенниске арналған құралды көріп, доп тепкен Президент ауылдың орталық алаңында да болды.
Айта кету керек, спорт кешені мен орталық алаң «Абзал және К» шаруашы лығының демеушілігімен салынған. Қаладан кенде емес ауылдың түнгі келбетін экран арқылы көрсеткен облыс әкімі кездесу барысында өзге ауылдарда да осындай өзгерістердің жасалып жатқанын және елдің алғысын алу мақсатында кәсіпкерлер тарапынан да қарқын барын атап өтті.
Келесі аялдама Нағи ауылындағы «Еңбек аллеясы» болды. Былтыр ғана бой көтерген аллеяда бір топ еңбек адамдары Тоқаевпен тілдесуге асық тұрды. Олар еңбек жолынан бастап, елге қосып жатқан үлестерін де тілге тиек етті.
«Ақмая» ШҚ маманы Гүлсім Әбілқасымқызы:
– 40 жылдан астам уақытта ауыл шаруашылығында еңбек етемін. Қол жұмысынан басталған еңбек жолым трактор айдаумен жалғасты, одан соң агроном, есепші болдым. Қазіргі таңда күріш бригадасында бригадир маманымын. Дала академигі Ы.Жақаев атамыз «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» дегендей еңбектің арқасында талай жетістіктерге жеттім.
Мемлекет басшысы: – Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын,– деп, елдің ауызбіршілігі, келешегі үшін аянбай еңбек етуге үндеді.
Сонымен бірге, ауыл жастарының атынан сөз алған шағандық Айбек Уалиевте ауыл табысының да берекелі болатынын атап өтті.
Жас маман Айбек Уалиев:
– Атам да, әкем де осы ауылда жұмыс істеген. Өзіңіз де білесіз, қазір жастар табысын сырттан тауып, сыртқа шығып жұмыс істегісі келеді. Өзім де солардың ізімен еріп, ауылда қалып қызмет етудемін. Барлығы бірден ауылдан кетсе, бабамыздан береке кеткендей болады. Ауылда барлық жағдай жасалды. Кәсіп ашамын дегендерге жеңілдетілген несие де берілуде. Мектеп, балабақша, барлығы бар. Шын мәнінде, жастар бірлігімізді танытып, ауылдардың жағдайын одан әрі жақсартуымыз керек.
Жастардың еңбекқор болуын құптап, жас маманның сөзіне ризашылықпен қараған Президент ауылдарға жас буынның тартылуының маңызын алға тартты. Сонымен бірге, жастар үшін қолдау әркез болатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы:
– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын.
Сондай-ақ, кездесу барысында диқандар тарапынан Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі бастамаға алғыс айтылды. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласындағы оң серпіндерге билік басынан болатын демеу де айрықша маңызды екені даусыз.
Күріш пен тұздың атасы – СЫРДЫҢ БОЙЫНДА…
Қызылорданың символына айналған күріш өндіретін зауытқа бас сұқпаса, Сырға келген сапардың сәні кірер ме? Осы мақсатта «Алтын орда» күріш зауытына табан тіреген Президентке кәсіпорын басшысы Сағидулла Сыздықов жүзеге асырып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Зауытта жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіріледі. Қуантарлығы, ішкі өнім бүгінде сырт мемлекеттерге де шығарылуда. Осы бағытта Мемлекет басшысы экспортқа шығатын күріш шаруашылығына басымдық беру қажеттігін тапсырды.
Аталған зауытта Президентке күріштен өзге ауыл шаруашылық бағыттағы жергілікті өнімдердің барлық түрі таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға куә болған Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу аясында суды аз қажет ететін дақылдарды өсіруді қолға алу қажеттігін атап өтті.
Бұл сапарда тауар өндіретін келесі зауыт – «Ассоль». Өнім былтыр ғана жұртшылыққа тарағанымен, бүгінде біршама шет мемлекеттерге жөнелтілуде. Күріштен кейінгі өз өніміміз деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық ас тұзын өндіретін зауытта бүгінде 100-ден аса адам жұмыспен қамтамасыз етілуде.
Бір күндік сапарда біраз жылғы еңбекті Президентке кеңірек таныстырып, көзбе-көз есеп беріп, толымды тірліктерге тоқталып, назар аударуы және әріқарай жұмысы жандануы тиіс бастамаларды жеткізіп, Сыр жұртшылығының тіршілігін тілге тиек еткен облыс басшысына берілер баға да оң бағытта екені сөзсіз. Өндірістер мен құндылықтар да сөз болып, ондағы жетістіктер мен мәні де тиісінше сараланды. Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамаларымен жүзеге асып жатқан жұмыстарға бүгінде тек Мемлекет басшысы ғана емес, жергілікті жұртшылық та дән риза. Ел алғысына бөленіп,туған елдің түтінін түзу түтету қасиетті Сыр елінің арда азаматының мойнына жүктелген бір міндет болса керек… Осы қарқын белең алса, Қызылорда облысында басқа да оң өзгерістер болары анық.
А.ӘЛИАРЫСТАН