Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі Ақсуат ауылдық округімен аяқталды. Бүгінде республикалық, облыстық және қалалық бюджет есебінен 971,9 млн. теңгенің жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айында көгілдір отын ауыл тұрғындарының толықтай игілігіне берілді.
Биылғы жылы ауылдың 13 көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 800,2 млн. теңге қаралды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдық округке 2 автобус аялдамаларын орнатуға 7,4 млн. теңге, аяқ су сорғысына арналған трансформатор орнатуға 4,4 млн. теңге, Өткелбаев көшесіне түнгі жарық бағаналарын орнатуға 5,0 млн. теңге, Ж.Махамбетов ауылындағы Ә.Құдабаев көшесіне жарық бағаналарының құрылысына 25,5 млн. теңге, Ж.Махамбетов ауылындағы Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолының құрылысына 61,5 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым дамыту бағытында жоба-сметалық құжаттамасы мен сараптама қорытындысын әзірлеу үшін облыстық және қалалық бюджеттен 10,5 млн. теңге бөлінді.
Бұл кездесуде ақсуаттықтар ауыз судың жайын айтып, қосымша ұңғымалар қазуды сұрады. Аяқ су жетіспеушілігі бойынша да мәселе көтеріп, нақты шаралар қабылдау қажет екендігін жеткізді.
P.S. Айтылған талап-тілектерді әкім ескерусіз қалдырмаса, соның өзі ауылдықтар үшін бір медет…