Қазақстан Республикасының соттары шетел азаматтарының дауларын қарау барысында немесе сол сияқты шет мемлекеттерге тапсырмалар мен өтінішхаттар жолдау барысында халықаралық шарттардың нормаларын қолданады.

        «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы №54 Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін айқындайды.

Аталған Заңның 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасы шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан (шарт, конвенция, пакті, келісім және т.б.) халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.

Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауды қамтамасыз етуде халықаралық шарттарға елеулі рөл тиесілі, сондықтан қажет болған жағдайларда соттар Қазақстан Республикасының юрисдикциясы шегінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес халықаралық  шарттардың республика заңдарына қарағанда  басымдығы бекітіледі, егерде шарт  пен заңдар  арасында  қарама-қайшылық  орын  алған  кезде  шарт  нормалары  қолданылуға  жатады.

Халықаралық шарт болмаған кезде басқа мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл халықаралық құқықта көзделген өзара іс-қимыл қағидаты негізінде және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.

Соттар нақты мән-жайларды, сот төрелігі мен тұтастай алғанда қоғамның мүдделерін негізге ала отырып және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес төмендегідей өзара құқықтық көмек көрсетеді.

Жекелеген процестік және өзге де іс-әрекеттерді орындау, атап айтқанда сот құжаттарын жасау, жіберу және тапсыру, тараптардан, үшінші тұлғалардан, айыпталушылардан, жәбірленушілерден, куәлардан, азаматтық талап қоюшылардан, азаматтық жауапкерлерден, олардың өкілдерінен, сарапшылардан жауап алу, тараптар мен басқа да адамдардан түсініктемелер талап ету, соттық қарап-тексеру, заттай дәлелдемелерді беру және жіберу, азаматтық, отбасылық, экономикалық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот актілерін тану және орындау арқылы халықаралық құқықтық көмек көрсетеді.

Азаматтар мен заңды тұлғалар, сондай-ақ соттар ТМД елдерінің соттарына республика соттары шығарған шешімдерді осы мемлекеттердің аумағында мәжбүрлеп орындатуды тану және шешу туралы өтінішхаттармен жүгіне алады.

Шетелдік соттардың құқықтық көмек туралы тапсырмаларын орындауға байланысты материалдар АПК-нің 476-бабында, шетелдік соттардың шешімдерін, шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін тану және орындау АПК-нің 501-504-баптарында айқындалған.

Сот шешімін тану және орындау туралы өтінішхаттар (Минск Конвенциясының 53-бабы және Кишинев Конвенциясының 56-бабы) шешім пайдасына шығарылған тарап немесе сенімхат бойынша оның өкілі шешім орындалуға жататын басқа мемлекеттің құзыретті сотына беріледі.

Бұл ретте өтінішхатқа қоса ұсынылатын құжаттарды айта кеткен жөн.  

Олар сот актісінің куәландырылған көшірмесі, егер өндіріп алынуға жататын сомалардың мөлшерін, тағайындалған жазаның мөлшерін өзгертсе (қылмыстық істер бойынша) жоғары тұрған соттың сот актісі, сонымен қатар сот актісінің заңды күшіне енгені және орындалуға жататыны немесе шешімнің өзінен туындамаса шешім заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататыны туралы ресми құжат,  сондай-ақ азаматтық істер бойынша – процеске қатыспаған, шешім шығарылған тарапқа істі қарау уақыты туралы тиісті түрде хабарланғаны, ал ол процестік әрекетке қабілетсіз болған жағдайда тиісті түрде ұсынылғаны жөнінде баяндалған құжат, сот актісінің Қазақстан Республикасының аумағында орындалмағаны немесе ішінара орындалғанын растайтын құжат.

Өндіріп алушы өтінішхатты іс бойынша шешім шығарған сотқа да беруіне болады. Бұл сот өтінішхатты шетелдік сотқа жібереді, ол өтінішхат бойынша шешім шығаруға құқылы, бірақ өтінішхат міндетті түрде шет мемлекеттің сотына жіберілуге тиіс.

Ал өтінішхатты экономикалық соттың шешімі орындалуға жататын құзыретті сотқа жіберген кезде іс бойынша шешім шығарған сот жазып берген атқару парағын да қоса береді.

Қазақстан Республикасы құқықтық көмек көрсетуді көздейтін көпжақты шарттарды ратификациялады: Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенция (1954 жылғы 1 наурыз); Азаматтық немесе сауда істері жөніндегі сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы конвенция (1965 жылғы 15 қараша); Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелер алу туралы конвенция (1970 жылғы 18 наурыз).); Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенция (1993 жылғы 22 қаңтар); Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға хаттама (1997 жылғы 28 наурыз), Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенция (2002 жылғы 7 қазан) және көптеген басқалар.

Қазақстан ТМД елдерімен де, басқа шетел мемлекеттерімен де азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты шарттар да жасасқан.

 Грузия, Литва Республикасы, Түркия Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Үндістан Республикасы, Корей Халықтық Демократиялық Республикасы, Моңғолия, Пәкістан Ислам Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы сияқты елдермен азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуді көздейтін Қазақстан Республикасының екіжақты шарттары жасалды, ратификацияланды және қолданылады.

Көрсетілген процестік әрекеттерді жасау кезінде Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекеттер соттарының тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру мәселелері бойынша, сондай-ақ сот шешімдерін және соттардың өзге де ресми құжаттарын орындау туралы өтінішхаттар бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Сот  Әкімшілігі өзара іс-қимыл жасайды.

Қазақстан Республикасы соттарының, шет мемлекеттер соттарының тапсырмалары, сот шешімдерін және соттардың өзге де ресми құжаттарын орындау туралы өтінішхаттар бойынша көрсетілген конвенциялардың ережелерін орындауға Сот Әкімшілігінің аумақтық Департаменттері уәкілетті.

Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментімен 2024 жылы шетелден келіп түскен тапсырмалар мен өтінішхаттар орындалған. Соттың тарапынан шетелге жолданған тапсырма орындалған. Жолданған 6 өтінішхаттың 3-уі орындалып, 3-уі қаралу барысында.

Қазіргі уақытта Республика соттары өзара іс-қимыл жасайтын негізгі елдері Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Германия Федеративтік Республикасы, Польша, Болгария,  отбасылық құқықтық қатынастармен байланысты істер бойынша Түркия Республикасы болып табылады.

Осы негізде, Қазақстан Республикасы соттары халықаралық норманы қолдануды даудың мақсатына сәйкес және мәні бойынша жүзеге асырады.

                                                                     Ұйымдастыру-талдау бөлімінің  бас маманы О.Қожаева

                                                                 

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған