Қызылорда қаласында «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер» атанып, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ернияз Омаровтың бюсті ашылды. Медицина саласына еңбегі сіңген оған одан өзге Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының Құрметті Азаматы атақтары берілген. Басқосуда сөз алған облыс басшысы танымал дәрігердің салаға сіңірген еңбегі аз емес екенін тілге тиек етті.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы:
– Антына адал болған Ернияз Омарұлы аймақтың денсаулық сақтау саласының атасы атанды. Еңбек жолын Тереңөзектегі «Арысқұм» жайлауындағы малшылар қонысында фельдшер болып бастап, медициналық бекет меңгерушісі, облыстық ауруханада хирург, емхана меңгерушісі, қалалық, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің, басқарманың меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Ауласына бюсті қойылған осы қалалық көпбейінді аурухананың, 5 аудандық, 7 ауылдық аурухана мен 20-дан астам ауылдық дәрігерлік емхананың ашылуына еңбек сіңірді. Қызметтің қай сатысында жүрсе де, дәрігерлік міндетін мүлтіксіз орындады. Елу жылдық еңбек жолында он мыңға жуық ота жасап, талай науқасты ажалдан арашалап қалған. Әсіресе балаларды емдеуге баса мән берген. Көп жылғы тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, медицина ғылымдарының кандидаты атанған. Зейнетке шықса да, дәрігерлік қызметін жалғастырып, жас мамандарға білгенін үйретіп, тәрбиеледі, – деді.