Сот жүйесіндегі заманауи жаңалықтардың бірі – эксаумақтық соттылық институты. Бұл ұғым Азаматтық Процестік Кодексінде көрініс тауып, азаматтық істерді қарау тәртібін жетілдіру мақсатында енгізілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Процестік Кодексіне сай, тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады.
Яғни, азаматтық істер бойынша тараптар өзара келісім арқылы істі қарау сотының орналасқан жерін өзгерте алады. Тараптар істі сот талқылауына дайындық кезеңінде аумақтық соттылықтан тыс сотты таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл өзгеріс азаматтардың сотқа жүгіну құқығын жеңілдетіп, әділдікке қол жеткізуді қолайлы әрі ыңғайлы етеді.
Азаматтық Процестік Кодекстің 32-бабына сәйкес, тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Азаматтық Процестік Кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды.
Бұл сот процесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мен азаматтардың әділдікке деген сенімін нығайту мақсатында қолға алынған. Істі бейтарап аумақтағы соттың қарауына беру сотқа деген сенімді арттыра түсетіні сөзсіз. Мұндай тәсіл ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы соттардың жүктемесін азайтып, күрделі істерге баса назар аударуға мүмкіндік береді.
Эксаумақтық соттылықты қолдану тараптардың құқығы болып табылады. Судья азаматтық іс қозғағаннан кейін, сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарған кезде, тараптардың эксаумақтық соттылықты қолдану мүмкіндігін түсіндіреді. Тараптар өз құқықтарын пайдалана отырып, істі аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхат келтіре алады. Бұл өзгеріс азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сот жүйесінің жүзеге асырылатын кез келген реформа азаматтардың мүддесін көздейді. Сот ісін жетілдіруге бағытталған жаңашыл жобалар мен бастамалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау, әділ сот төрелігін жылдам әрі қолжетімді ету, тараптардың уақытын үнемдеп, әуре-сарсаңға түсірмеу үшін қолға алынуда.
Н.Нұрбайқызы,
Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің бас маманы