Осы аптада өткен Үкімет отырысында “Қазақстан балалары” тұжырымдамасының қабылдануына орай жоғары технологиялық-медициналық көмекті дамыту барысы туралы Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова баяндама жасады. Министр баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің «Денсаулық» бағыты бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіріп отыр. Балалардың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыру үшін нақты әрі маңызды шешімдер қабылданды. 

Алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылды. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді. Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында.

Балаларға көрсетілетін медицина­лық көмектің сапасын жетілдіру мақса­тында 2 жылда 24 стандарты жаңартылды. Алғаш рет сирек кезде­сетін орфандық аурулар стандарты әзірленіп, балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты бекітілді. Сонымен қатар салмағы аз боп туған нәрестелерді күтуге және балаларға арналған басқа да медициналық бағыттары бойынша қызмет тарифтері 40%-ға дейін артты, алдағы уақытта 19 бейіннің тарифтері қайта қаралады. 

Бұрын тек ересектерге жасалып келген «гамма-пышақ» аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол — күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық опера­циясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүм­кіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабі­летін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардио­хирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде.

Осылайша, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің енгізілуі балалардың өмір сапасын жақсарта отырып, соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасу­ша­ларды трансплантациялауға бала­ларды жіберу 3 есеге, ал кардио­хирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды және де бұл қадамдар бала­лар арасындағы мүгедектік деңгейін 11%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы жылы елімізде протондық, йод­терапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады. 2025 жылы еліміздегі  емханалардың 80%-да педиатриялық бөлімшелер ашылып, балаларды ерте кезеңнен бақылау күшейтілді, 336 даму және ерте араласу орталығы құрылып, ауытқуларды дер кезінде анықтау мүмкіндігі артты.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бейіндер бойынша төсек-орындарды қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оңалтуды 10 күннен артық күту мерзімін азайту және бұл көмекті 100% қолжетімді ету күтіледі. Сонымен қатар елімізде заманауи перинаталдық орталықтар желісін дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында екі перинаталдық орталықтың жобалау жұмыстары аяқталса, 4 өңірде жобалар әзірлену үстінде Ал Қызылорда мен Орал қалаларында жаңа нысандарды салу үшін үлгілік жоба бейімделуде. 

Еліміздегі барлық мектептер емха­наларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункт­тердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен, мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкім­дер­ден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданыс­қа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталықтары, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау Ко­дексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сон­дай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыс­тық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанға жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға қысқартуға қол жеткізіп, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы мақсатқа жеткен 9 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Бүгінде 3500-ға жуық мектеп қатысатын балалардың денсаулығын нығайту үшін «Саламатты мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Алайда, осы бастамаға өңірлердегі мектептердің аз тартылуы байқалады. 2028 жылға дейін жалғасатын «Болашаққа сау тіспен» жоба аясында былтыр мектептерде 125 стоматологиялық кабинет ашылды. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 кабинет ашу жоспарлануда. 

Балабақша мен мектепке бару кезінде пайдаланылатын балалар денсаулығының электрондық паспорты іске қосылды. Былтыр алынған профилактикалық егулер, медициналық шектеулер цифрлық форматқа көшірілді, енді ата-аналар барлық деректерді мобильді қосымша арқылы көре алады. Сонымен қатар «Мектеп медицинасы» жеке модулі пысықталуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында ауқымды әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылды, бүгінде елімізде балаларға медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді. Нәтижесі ретінде соңғы 2 жылда нәресте өлімінің деңгейін 13%-ға, балалар өлімін 5,5%-ға төмендегенін атап айтқым келеді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған