Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өңірдегі білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті.

Мәжілісте білім саласының күрделі әрі ауқымды мәселелері қаралды. Балалардың заманға сай озық білім алуы, мектептегі орын тапшылығын, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын жою, білім ошақтарын қауіпсіз орынға айналдыру, оқушыларға өнегелі тәрбие беру, тағы басқа өзекті әрі күрделі мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиынға облыстық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, аумақтық департамент және басқарма басшылары, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ардагерлер, әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері және облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

Бүгінгі күннің басты басымдығы…

ХХІ ғасыр адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы кезең болып отыр. Бұл кезең – білім мен біліктілік дәуірі. Білім – бүгінгі күннің басты басымдығы, бәсекеге қабілетті мемлекетіміздің бағдаршамы. Ал адами капитал – экономикалық өсіміміз бен технологиялық дамуымыздың негізгі драйвері. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші ұлттық құрылтайда «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы, баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтар сіңіру – ұстаздардың міндеті деген еді.

Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген болатын. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсініп, сол себепті ұстаздарды ерекше қадірлеген. Бүгінгі күні педагогика – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды құндылық. Ұстаздарымыз осы талап үдесінен шығуы тиіс.

Былтыр қазан айында өткен педагогтердің алғашқы съезінде Президент жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететінін, ал мектептің жақсы болмағы ұстазға байланысты, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде балаларымыздың заманға сай озық білім алуына, мектептегі орын тапшылығын жоюға, оқушыларға өнегелі тәрбие беру керегіне баса назар аударуды міндеттейді. Жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілеттілігі білім мен тәрбиенің деңгейімен өлшенеді. Адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы білім мен біліктің дәуірінде санасы сергек, ойы озық ұрпақ қалыптастыру – басты борышымыз.

Күні кеше республикалық телеарналардан Сырдария ауданының 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаевтың жасанды интеллекті алғаш болып қазақша сөйлеткені туралы ақпарат жарияланды. Ауыл баласының ұшы-қиыры жоқ ғаламтор кеңістігіне жаңашылдық әкелгені көпті таңқалдырды. Мектепті биыл тәмамдайтын жас технократқа қазірдің өзінде еліміздегі 3 жоғары оқу орны – Астана ІТ университеті, СеулТех университетінің Қызылорда қаласындағы филиалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті грант ұсынуда.

Бүгінгідей мүмкіндіктер дәуірінде біздің жеткіншектеріміздің жарқырай көрінетініне, биіктерге ұмтылатынына ұстаздар да, ата-аналар да, бәріміз сенім артамыз, қолдау көрсетеміз. Барлық бала Асылжандай жас өнертапқышқа, Қызылорда қаласында құдыққа түскен екі жасар сәбиді құтқарып қалған Арман Аманжоловтай патриот ұлдарымызға қарап, бой түзеуі керек.

Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуын, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын келеңсіздіктерді түбірімен жоюымыз қажет. Сондықтан осы жиынға облыстық полиция департаменті арнайы шақырылды. Мемлекет басшысы: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек деді.

Бүгінгі мәжіліске әр ауданнан ардагерлер, қоғамдық кеңес, әйелдер кеңесі төрағалары мен өкілдері арнайы шақырылды. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарымызға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Бұрынғыдан бізге жеткен «жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деген сөз бар. Бұзақылықтың себебінің бірі – бос уақыттың көп болуында. Ювеналды полиция бөлімшесі жұмысының тиімділігіне жан-жақты талдау жасалу керек.

Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Аймақтағы демографиялық өсімді ескере келе, жаңа мектеп салу, апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқытудың алдын алу басым бағыттардың біріне айналды. Өткен жылдың қыркүйек айында үш ауысымдыққа көшуі мүмкін болған облыс орталығындағы 6 мектептің 4-уіне 1 850 орындық қосымша ғимараттар салып, іске қостық. Қызылорда қаласы, Бәйтерек шағын ауданынан пайдалануға берілген 600 орындық жаңа мектеп 2 мектептің (№№ 261, 280) сыйымдылық жүктемесін төмендетті. Былтыр Шиелі ауданы, Байсын ауылында 250 орындық мектеп ғимараты ел игілігіне табысталса, жыл басында 550 орындық 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен 8 мектеп салуға қатысты жұмыс жасаудамыз. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Өткен жылы 10 мектептің іргетасы қаланса, биыл 11 мектептің құрылысы басталады.

Білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Соңғы жылдары білім сапасын арттыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. ҰБТ-ның орташа көрсеткішінің және қатысушылар санының жыл сайынғы өсімі байқалуда. Дегенмен, 2023 жылғы тестілеу қорытындысына қарасақ, оған қатысуы мен орташа балл көрсеткіші төмен мектептер бар.

Мысалы, Қызылорда қаласындағы №267 мектепте 8 бітіруші түлектің 8-і де, яғни 100 %-ы тестілеуге қатысқан, орта балл – 61,6. Арал ауданындағы №60 мектепте бітіруші саны – 7, тестке қатысқаны – 4 немесе 57,1 %, орташа балл – 64,2. Жаңақорған ауданындағы №224 мектепте бітіруші – 13, ҰБТ-ға қатысқаны – 10 немесе 77 %, орташа балл – 63,8. Қазалы ауданындағы №134 мектепте бітіруші саны – 4, барлығы қатысқан, орташа балл – 60. Аталған мектептердің көрсеткішіне қатысты жан-жақты талдау жасап, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттыруды тапсырамын.

Мектеп бітіруші түлектердің әрі қарай өмірде өз жолын тауып, жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсіп, маман болып шығуы аса маңызды. Орта есеппен бір грантты 800 мың теңге деп алсақ, 2023 жылы 4 973 бала мемлекеттік грант иеленген, яғни, осы балалардың отбасына 3 млрд. 978 млн. 400 мың теңге инвестиция келген. Бұл дегеніміз – тұрғындар үшін айтарлықтай жеңілдік.

Өкінішке қарай, кейбір мектептерде жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік, зорлық көрсетуі, суицидке баруы тіркелуде. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Олардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтыратын кез келген жағдайға тосқауыл қоюымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде бұл мәселеге тоқталып, «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.

Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Кейбір мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде кейбір мектепте оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» – деп алаңдаушылық білдірген болатын.

Өткен жылы қыркүйек айында «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Биыл облыс орталығынан Психологиялық қолдау орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа орталықтар жұмысы балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталуы тиіс.

Қала мен аудан келбетін келтіріп, күндіз-түні күннің ыстық-суығына қарамастан таңғы 4-тен түнгі 12-ге дейін тоқтамай еңбек етіп жүрген жандардың, үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп отырған электриктердің алатын жалақысымен мұғалім жалақысын мүлдем салыстыруға келмейді. Шиелі ауданында №40-шы мектеп мұғалімі Бегалиева 901 мың теңге, Арал ауданында 14-ші мектеп мұғалімі Алмағанбетов Серік 869000, Арал ауданындағы 230 мектеп мұғалімі Асанова 854000 теңге жалақы алады.

Халқымызда “Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді” деген мақал бар. Көпке топырақ шашудан, әрине аулақпыз. Дегенмен түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарында, мейрамханаларда жиі бой көрсететін педагогтардың бар екені жасырын емес. Бәріне бірдей тіл тигізбейміз. Мемлекеттің бала болашағы үшін жұмсаған инвестициясының қайтарымы болуы қажет. Ол – сапалы білім, әрі әрбір ұстаз қоғам алдындағы педагог бейнесін қалыптастырушы екенін жете сезініп, соған лайықты болуы шарт. Бірінші кезекте мектеп директоры өзі басқаратын ұйымына үлгі болуға тиіс.

Ауылдағы жағдайды ауыл әкімі өте жақсы біледі. Кішкентай ғана ауыл. Конкурссыз алып жатқан мұғалімдердің жұмысқа орналасуында үлкен күмән бар. Конкурссыз не үшін алады? Ол белгілі. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.

Кішкентай ғана ауыл ішінде әңгіме жатпайды. Уақытында ауыл әкіміне, білім бөліміне баяндаса тиісті шешімдер қабылданса, мұндай жағдайлар орын алмас еді. Келгелі айтып келе жатырмын. Оңтүстік өңірлерде осындай жағдайлар көптеп кездеседі.

Енді білім, денсаулық сақтау саласында біраз нәтиже бар, қатаң шаралар қабылданып жатыр. Білім саласынан қаншама қаржы үнемдедік. Оны ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсап жатырмыз, әрі қарай жалғасын табады.

Сондықтан біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Алдарыңыздан өттік. Әділ, таза жұмыс жасауға шақырдық. Ал, енді кейбір әріптестеріміз оған құлақ асқысы келмесе заң бойынша қатаң шаралар қабылданатын болады.

Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы:

Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты

– Облыс көлемінде қабылданған шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты. Өткен жылы аймақта 68 қылмыс жасөспірімдермен жасалды, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24-і орта мектеп оқушысы, 52-сі колледж студенттері, 8-і жұмыссыздар.

Қылмыстың алдын алу бағытында тұрақты түрде «Бала-Заң Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Мектеп» жедел профилактикалық шаралары және «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» акциялары өткізілді. Сонымен қатар күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері жүргізілуде. Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 6521 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 306 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 345 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды.

Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылды.

7 ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылса, тағы да 7-нің құқығы шектелді. Девиантты мінез-құлықты 5 жасөспірім мектеп-интернатына, ауыр қылмыс жасаған 3 кәмелетке толмаған Абай облысындағы ерекше режимдегі жабық интернатқа орналастырылды. Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 9 дүкен иелеріне әкімшілік хаттамалар рәсімделді.186 жасөспірім және 121 міндеттерін орындамаған ата-ана полицияның есебіне алынды.

Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов:

Өзіміз өзгердік пе?

– Бүгінгідей жиынды бұдан бір жыл бұрын ақпан айында өткізген болатынбыз. Барлық сала өкілдерін қатыстыра отырып, кең көлемде талқылау тек білім саласында өткізіліп келеді. Бұл – білім саласының қоғам үшін, мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бірақ «осы жиындардан қаншалықты нәтиже шығарып жатырмыз, алда не істеуіміз қажет?» деген мәселе біз үшін шынында өзекті.

Өткен жиында отбасы, қоғам туралы сөз болса, бүгінгі жиында білім мекемелеріне тікелей қатысты қызметкерлер жөнінде ой бөліскім келеді.

Ұстаз, мұғалім ретінде өзіміз жайлы керемет теңеулерді жиі естиміз, оқимыз. Оны мақтаныш тұтамыз. Заң арқылы мәртебеміз де көтерілуде, айлық та көбеюде. Қоғам пікірінде біз туралы оң өзгеріске бет бұрғандай жағдай. Ал өзіміз өзгердік пе? Әлемдік алпауыттарға жұтылмас үшін руханият, мәдениет, білім бойынша алда болуға тиіспіз. Қазіргі қоғамда мұғалім мамандығын жан қалауымен таңдағандар және бұл салаға кездейсоқ келгендер де бар екенін жасыруға болмас. Біле білсек, мұғалімдікті алып жүру, бұл – күрделі жауапкершілік.

А.Есжанов:

Біз мұнымен тоқтамаймыз

– Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы. Сапалы біліммен қатар өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды. Бұл бағытта табысқа жету үшін жоспар қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделу қажеттігін жете түсінуіміз керек. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие саласында жүргізілген зерделеу бұл салаға кейінгі жылдары жеткілікті мән берілмегенін көрсетіп отыр. Білім мекемелеріндегі тәрбие жоспарлары бұдан 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтқан. Күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалған күйі қолданылып келген. Осы ретте, аймақ басшысының қолдауымен «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталық қызметкерлері облыс көлеміндегі барлық мектеп пен колледждерде әдістемелік көмектер, семинарлар мен жиындар өткізуде. Біз мұнымен тоқталмаймыз. Алдағы уақытта оқушымен қатар педагогтер, жас мамандардың тәжірибесін арттыру мақсатында тәрбиелік мәндегі жылдық іс-шара жоспарларын жасақтап, сол негізде жұмыс жасайтын боламыз.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған