Қазақстан Республикасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бет-әлпетті толықтай жабатын киімдерге заңнамалық тұрғыда тыйым салынған. Осыған сәйкес қоғамдық орындарда никаб, паранжа, балаклава, маска және тұлғаны тануға кедергі келтіретін өзге де киім түрлерін киюге болмайды.
Осы тақырып аясында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Оспанов Бақтияр және Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Абдразақова Раушан Смағұлқызы Іскаков атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында соңғы 5 жыл ішінде елімізде бет-жүзді жабатын маска және өзге де құралдарды қолдану арқылы 105 қылмыс жасалғаны жөнінде мәлімет берілді.
Теолог мамандардың айтуынша, ислам дінінде бетті толық жабу парыз немесе діни міндет болып саналмайды. Дәстүрлі исламда негізгі қағидаттар — әдептілік, ибалық және қоғаммен үйлесімді өмір сүру. Ал бетті тұмшалауды діни талап ретінде көрсету көбіне радикалды ағымдардың ықпалымен таралатыны атап өтілді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жабатын киімдерге шектеу қойылғанын түсіндірді. Аталған норма қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұлғаны анықтауға және құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, полицейлер Қазақстанда діни сенім бостандығына толық жағдай жасалғанын, алайда кез келген діни рәсім мен киім үлгісі қолданыстағы заң талаптарына қайшы келмеуі тиіс екенін жеткізді. Дін мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары мәдениет пен конфессияаралық келісім қағидаттары аясында жүргізілетіні де атап өтілді.
Іс-шара соңында студенттер зайырлылық қағидаттары төңірегінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты әрі нақты жауаптар алды.