Қала әкімінің халықпен кездесуі Белкөл кентінде жалғасты. Шаһар басшысы Серік Қожаниязов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайында тұрғындарды толық хабардар етті.
Кентте инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айтар болсақ, 8 көше түнгі жарықпен жарықтандырылып, 11 электр трансформаторы орнатылды. Үш көшеге электр желісін тарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 76,6 млн. теңге бөлінді. Мұнымен қоса 12 көшенің электр желілерін қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталды.
Кәсіпкерлікті өрістету бойынша «Іскер» бағдарламасы аясында жалпы құны 16 млн. теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылды. Жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызға төмендеді.
– 2008 жылы қала әкімі болған кезде сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедппен бірге су тасқынына орай Бірқазан елді мекеніне барғансыз. Сол менің ойыма түсіп отыр. Бір топ азаматтар болып Бірқазаннан осы жерге келіп тұрмыз. Бірқазанның тарихы тереңде жатыр. Біздің ауылымызда жол бар, жағдай жасалған. Бірақ балаларымызға ойын алаңы керек. Ауылымыздағы 100- ге жуық халық жер ала алмай отыр. Жұмысты бірге жасайық. Өзіміз үшін жасайық. Бастысы көзбояушылық үшін жасамаңыздар.
– Бірқазан қалаға іргелес елді мекеннің бірі. Қателеспесем 300-ге жуық халық тұрады.
Осы кезде шаһар басшысы қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратовты шақырып алды.
– Серік Салауатұлы, бізге келіп арыз жазса, барып зерттейміз,-дейді бөлім басшысы.
– Белкөлдіктердің осы уақытқа дейін әлі бірнеше мәселесі шешілмей келеді. Оның алғашқысы – жер мәселесі. 2005 жылдан бері 1200-ден аса тұрғын жер кезегінде тұр. Біз әлі жер алған жоқпыз. Оған дейін бос жатқан жердің бәрін осыған дейінгі әкімдер тұрғындарға үлестіріп, бүгінде сол жерде ағайындары қоныстанып алды. Алдында сіздің қабылдауыңызға барып, жер мәселесі бойынша шағымымды айтқанда Белкөл кентінің әкімін шақырып алып, «бос жер бар ма?» деп сұрадыңыз. Әлбетте Белкөлде инфрақұрылымы жасалған бос жер жоқ. Әр жерде 5-6 сотық жер ғана болмаса, үй салуға жер табылмайды. Жолдың арғы бетінен Белкөл кентінің бас жоспары сызылған. Оны әкімдіктегі жігіттер компьютерден көрсетті.
Сол жерге қаншама жылдан бері неге инфрақұрылым бармайды? Соны реттеу керек. Жер кезегінде тұрғаныма 20 жыл болды. Енді 20 жыл күте алмаймын. Мен халқыммен бірге жер аламын, бізге ендігі жер берілуі тиіс. Бұған дейін сіздің қабылдауыңызда болғанда «Бәйтерек» елді мекенінен жер берсем аласыз ба?» дедіңіз. Ал салаға жауапты мамандар барлық белкөлдікке ол аумақтан жер берілмейтінін айтты. Қазір екі елді мекеннің бір-біріне қатысы жоқ екен. Өзім ғана жер алмаймын, халқыммен бірге аламын деп, мен сол жерді иеленуден бас тарттым. Бізге белкөлдіктерді бір жерге шоғырландыратын жер беруді сұрадық. Ал ол өтінішіміз орындалмай келе жатқанына көп болды. Мұнан бөлек, мектептің шатыры желді күні ұшып кеткен. Соны реттеу тиіс екенін ескертсек те, орындалмай жатыр.
Бәріңіз білесіздер, Белкөлді теміржол екіге бөліп тұр. Соның арғы бетіндегі балаларды бергі бетке таситын автобус керек деп, қалалық білім бөліміне де жаздық. Әлі шешілмеді. Облыс әкіміне де сол арызды жолдадық. Бізге келіп, ол жол 3 шақырымға толмайтынын айтып, өтініш орындалмайтынын жеткізді. Сонда не істейміз? Балаларды күндіз қасқыр жеп кетсе де ешкім білмейді. Аймағымызда адам денсаулығына қасақана зиян тигізетін орындар жетерлік. Солардың қақ ортасында отырмыз. Біздің айналамызды жаулар қоршап отыр. Қандай жау десеңіз сізге айтайын. Іргемізде асфальт зауыттың түтіні бұрқырап жатыр. Жанымызда мал базар бар. Иісі мүңкіп жатыр. Қасапхана бар, оның иісі мүлдем бөлек әлем. Қоқысты өртейтін жер бар. Көк түтін болып, иісі мұрынды жарады. Мұндай жағдайда халықтың талап-тілектері кезек күттірмей шешілуі керек қой. Артық нәрсе сұрамаймыз. Заңға сәйкес, өзімізге қатысты дүниелерді талап етеміз, – деді кент тұрғыны Дариха Бегалиева.
– Инфрақұрылым әкелу оңай шаруа емес. Бірақ заңдылығына сәйкес, бәрін уақытымен істеуге болады. Егер инфрақұрылым апаратын ыңғайлы жер болса, әкімдеріңіз оны реттеп, ары қарай жұмыс атқарады. Заңдылығында инфрақұрылым бармайтын, Белкөл кентіне тиіс емес жер болса, ол жер пайдаланылмайды. Біз барлығын заң аясында реттеп, шешеміз. Бұған дейін атқарылған жұмыс та аз емес, қалғаны да уақытымен шешіледі, мен құзырлы органдарға тапсырма беремін, – деді қала әкімі Серік Салауатұлы.
Мұнан бөлек белкөлдіктер көтерген сауалдарда «Орталық» көшесіне аяқ су жүргізу, мәдениет үйін салу, көпқабатты №1, 11, 12 үйлердің шатырын жөндеу жайы қозғалды.Шаһар басшысы халықтың сұранысына сай қажетті жұмыстарды жүргізу бойынша нақты шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Мұхаммедшах Каюп