КӨМІР ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН ЖАПТЫ

Ұлыбританияда соңғы жұмыс істеп тұрған Рэтклифф-он-Сор көмір электр станциясы жұмысын тоқтатты.

Әлемдегі алғашқы көмір электр станциясы Холборн Виадукты 1882 жылы Лондонда Томас Эдисон салған. Бұл тарихи оқиға Ұлыбританияда өнеркәсіптік революцияның бастауы болды. ХХ-шы ғасырдың бірінші жартысында көмір елдің барлық дерлік электр энергиясын қамтамасыз етті. 2012 жылы көмір Ұлыбританияның 39% қуат көзін құраған.

Алайда климаттың өзгеруіне қатысты ғылыми дәлелдер негізінде көмір ластаушы қуат көзі екендігі дәлелденді. 2015 жылы Ұлыбритания үкіметі көмір қуатын он жыл ішінде тоқтатуға уәде берді.

Көмірден толығымен бас тарту бастамасы тез жүзеге асты. 2010 жылы жаңартылатын энергия көздері Ұлыбритания электр энергиясының тек 7%-ын ғана қамтамасыз етсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 50%-дан асып, көмір жағуды біржолата тоқтатуға мүмкіндік берді. Жасыл энергияға көшудің сәтті жүзеге асқаны соншалық көмір электр станцияларын жабу жоспары межеден бұрын орындалды.

Қоршаған орта министрі Лорд Дебен Ұлыбритания көмірге тәуелді мемлекет болғанын және қазір оны бірінші болып тоқтатып жатыр дейді.

Ұлыбританияда көмірден электр энергиясын өндіру тоқтап, қазба отынына деген 142 жылдық тәуелділік аяқтады.

Көршілеріне сатып отыр

Чехия. Чехияда электр энергиясының үштен бірін өндіретін алты ядролық реактор бар. Алғашқы коммерциялық ядролық реактор 1985 жылы пайдалануға берілді. Бұл ретте Үкімет атом энергетикасының болашағын берік ұстанады. Мәселен, Чехия үкіметі 2040 жылға қарай ядролық қуаттың айтарлықтай өсуін көздейді.

Еуродақ депутаты Томаш Здеховский:

 – Бізде атом электр станциясын пайдаланудың жақсы тәжірибесі бар. Чехияда ядролық отынмен жұмыс істейтін екі станция бар – «Дуковани» және «Темелин». Екі станция да Чехиядағы барлық энергияның үштен бірінен астамын өндіреді. Бұл бізге саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Біз энергияны көршілерімізге экспорттай аламыз. Мысалы, Австрия немесе Германияға.

ЕСКІСІН ЖАҢАҒА АЛМАСТЫРАДЫ

Мажарстан. Мажарстанда елдің электр энергиясының жартысына жуығын өндіретін төрт ядролық реактор бар. Алғашқы коммерциялық ядролық реактор 1982 жылы пайдалануға берілген. 1956 жылы Венгрияның Атом энергиясы жөніндегі ұлттық комитеті құрылған. 1966 жылы Мажарстан мен Кеңес одағы арасында атом электр станциясын салу туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылған. 1967 жылы Будапешттен оңтүстікке қарай 100 шақырым жердегі Пакш алаңы таңдалды. 1971 жылы 880 МВт Атом зауытына тапсырыс берілді, алғашқы блоктың құрылысы 1974 жылы, ал екіншісі 1979 жылы басталды. Төрт ВВЭР-440 реакторы (V-213 моделі) 1982-1987 жылдар аралығында іске қосылды.

Еуродақ депутаты Андрош Ласзло:

– Мажарстан ескісін алмастыратын жаңа атом электр станцияларын салуға инвестиция салуға шешім қабылдады. Елде Атом энергиясы саяси тұрғыдан өзекті мәселе емес. Біздің «Фидеш» партиясы келесі атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Әрине, атом энергетикасына қарсы топтар бар. Бірақ Мажарстанда бұл маңызды тақырып емес екенін қайталаймын. Жұмыс істеп тұрған атом электр станциясы елдің барлық энергиясының шамамен 50 пайызын өндіреді.

БЕЛЬГИЯ “АТОМДЫ” ЖАППАЙДЫ

Бельгия. 1990 жылдан бастап электр энергиясын тұтыну өскен. 2016 жылы атом энергетикасы электр энергиясының 51,3 пайызын қамтамасыз ете бастады. Елдегі алғашқы коммерциялық атом электр станциясы 1974 жылы жұмысын бастаған.

1913 жылы Катангада сол кездегі бельгиялық Конго уран кенін тапқан. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында Бельгия уран қоры айтарлықтай аз елдердің біріне айналды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де Америка Құрама Штаттары Бельгия колониясындағы уран қорына қызығушылық танытқан. Өткен ғасырдың 40- 50 жылдарында Бельгия АҚШ-тағы уранның негізгі жеткізушілерінің бірі болды. Бұл сауда қатынастары Бельгияға азаматтық мақсатта ядролық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 1952 жылы елде SCK•CEN ядролық зерттеулер оқу орталығы құрылды.

Бірінші Doel 1 атом электр станциясы 1974 жылы пайдалануға берілді. Келесі он жыл ішінде желіге тағы алты реактор қосылды. Бірақ соған қарамастан Бельгия 2025 жылға қарай атом энергетикасынан толығымен бас тартуға шешім қабылдаған еді. Алайда 2022 жылдың наурызында екі реактордың жабылуын тағы 10 жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.

Брюссель дипломатиялық академиясының кеңесшісі, Бельгия адвокаттар алқасының мүшесі Жан Брабандер:

– Франция АЭС дамуын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Германияда оларды «қатыру» туралы шешім қабылданды. Жеке өзім де атом электр станциясының болашағын жан-жақты бағалаймын. Бір жағынан, бір күні станцияны өшіру керек екенін түсіну керек. Бұл көп уақыт пен ақшаны қажет етеді. Екінші жағынан бұл зиянды шығарындыларсыз «таза энергия» саналады. Тағы бір мәселе – АЭС энергиясының құны. Атом электр станциясының құрылысы қымбат болып саналады және қандай технологияны таңдау керектігін анықтау маңызды.

Тұтастай алғанда бұл зиянды шығарындыларсыз «таза энергия» есебінде, сондықтан атом электр станцияларының сөзсіз артықшылығы бар. Бельгия атом электр станциясын салған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Бұл бізге тек пайдалану ғана емес, ядролық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату тәжірибесі де болды. Ол өте күрделі процесс. Бүгінде Бельгияда елге энергетикалық қажеттіліктерді жеңуге көмектесетін екі атом электр станциясы жұмыс істейді.

КОРЕЯ РЕАКТОРЫ ҚАНДАЙ?

Кореяда 26 реактор жұмыс істеп тұр. Олар мемлекетке қажетті жалпы электр энергетикасының 30 пайызын өндіреді. Оның бірі – Син-Ханул-2 реакторы өткен жылы ғана пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, Сеул-3 және Сеул-4 реакторлары салынып жатыр. Сонымен қатар 2 реактор жұмысын тоқтатқан. Ал кореялық компаниялар салған бір АЭС шетелде, яғни, Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп тұр. Кореяның өзіндегі және БАЭ-дегі АЭС-тер APR-1400 реакторымен жұмыс істейді.

Оңтүстік Кореяда атом электр стансасы 4 бөліктен тұрады десек болады: реактор ғимараты, ядролық қалдық қоймасы, трубина ғимараты және басқару алаңы. Ал реактор орналасатын ғимарат күмбез түрінде салынады. Алдымен ғимарат салынатын алаңның табанына гранит тасы төселіп, үстіне бетон құйылады. Күмбез биіктігі – 72 метр. Бұл 24 қабатты үйдің биіктігімен пара-пар. Диаметрі – 54 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр 37 сантиметр. Қабырғаны айналдыра диаметрі 57 мм арматура жіберіліп, күмбезді бойлай жоғары-төмен 6 мм бірнеше ондаған арматурадан өрілген қосымша жуан темір арқан салынады. Содан кейін бетон құйылады. Мұндай қалыңдықтағы әрі көптеген арматурамен құйылған қабырға тосыннан реакторда апат болған жағдайда радиацияның сыртқа таралуына жол бермейді. Сырттан ұшақ соғылса да, зеңбірекпен атқыласа да былқ етпейді. 900 мың тонналық соққыға төтеп береді

Реактор электр энергиясын өндіру үшін ішінде 900 мыңға жуық ядролық отын салынған капсула қолданылады. Капсула – табанының барлық қабырғасы 20 см болатын, ұзындығы 4 метр болатын және ұзынынан әр қабырғасына 16 темір өзекше жіберілген құрылғы. Мұндай бір құрылғының салмағы – 640 келі. Реакторға осындай 241 капсула бірден салынады және 1,5 жылдан кейін оның 10-ы ауыстырылып отырады. Осы капсулаларды алмастыру үшін реактор жұмысы 7-10 күнге уақытша тоқтатылады. Айта кетерлігі, баланың саусағындай ғана болатын кішкентай бір ядролық отын 15 тонна көмірдің электр энергиясын беруге қауқарлы.

Реактор орналасқан алаңның төменгі қабатында қуаты сарқылған капсулаларды сақтауға арналған қойма бар. Қойма – ені шамамен 10, ал ұзындығы 15 метр болатын бассейн. Бассейн 100 пайыздық бор қышқылына толтырылған. Сеул-1 реакторының астындағы осындай бассейнде 200 капсула сақталып тұр. Сақтау мерзімі – 20 жыл. Осы мерзімде бассейн толып кетсе, онда басқа қоймаға ауыстырылады. Ядролық отынның қуаты сарқылып, жарамсыз күйге түссе де жылу бөлуін жалғастыра береді. Мәселен, 200 капсула салынған бассейндегі бор қышқылының жылуы – 30 градус. Ал бассейнде таза су болса, онда оның қызуы мұнан әлдеқайда жоғары болмақ, яғни капсула радиация бөлуін жалғастыра береді. Сондықтан, оңтүстіккорейліктер ядролық отын қалдықтарын жерге көму сынды шараны қарастырып та отырған жоқ.

Сеул атом электр стансасы реакторды салқындату үшін Сары теңізден секундына 50 тонна су алып отыр. Осы суды реактор 324 градусқа дейін ысытып, оны құбыр арқылы бу генераторына айдайды. Бу генераторында су 240 градусқа дейін төмендетіліп, жоғары қысым турбинасына жетеді. Сөйтіп, ротор бойындағы қалақшаларды айналдыру арқылы электр энергиясын өндіреді. Турбинадағы қысым – 158 бар (қысым өлшем бірлігі). Қалақшалар бір минуттың ішінде 1 800 айналым жасап, 24 мың вольттық электр энергиясын тудырады. Жоғары қысым турбинасында су 10-40 градусқа дейін салқындайды. Ал теңізге қайта құйылатын кезде судың температурасы шамамен 7-8 градус болады. Жалпы, бұл реакторларда қолданылатын судың буланып, ауаға таралуы 0 пайызға тең. Теңізге құйылатын су радиацияға да ұшырамайды. Өйткені, реакторды салқындататын су мен теңізден алынған су бір-бірімен араласпайды, яғни тұйық цикл технологиясы қолданылған.

“Қазақстандық атом электр станциялары” ЖШС-і

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов:

ҒАЛЫМДАР ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІП ЖҮР

– Атом физикасы бойынша еліміздің ғылыми әлеуетін анықтау үшін Ғылым академиясы өткен жылдан бастап Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың, Семей қаласындағы Ядролық қаруды қолданудың салдарын жою орталығының, Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытының, Алматыдағы Ядролық физика институтының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, біз Дубна қаласында орналасқан халықаралық үкіметаралық ғылыми-зерттеу ұйымы – Біріккен ядролық зерттеулер институтына барып көрдік. Оның құрылтайшыларының бірі – біздің мемлекетіміз. Мұнда 100-ге жуық қазақстандық ғалымдар зерттеу жүргізіп жүр. Ондағы ғалымдардың орта жасы – 27. Соңғы 2 жылда олар жоғары рейтингті журналдарда 316 ғылыми мақала жариялады.

Бейбіт атом саласына мамандар Серікбаев атындағы ШҚТУ, Аманжолов атындағы ШҚУ, Шәкәрім атындағы СМУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев атындағы ҚҰТЗУ және Дәукеев атындағы АЭБУ-да дайындалады. Атом саласының ғылыми нәтижелеріне келсек, соңғы жылдары 473 мақала жоғары рейтингті журналдарда жарияланған. Бұл осы саладағы жақсы іргетас бар екенін көрсетеді. Айтылған көрсеткіштерге сүйене отырып, Қазақстанның бейбіт атом саласын дамытуда айтарлықтай әлеуеті бар деген байламға келеміз.

“ӨЗ АҒАМЫЗ” АТОМ САЛЫП ЖАТЫР…

Белгілі өзбекстандық физик-ядрошы, Ташкенттегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы Шохмирзо Умаров:

Өзбекстан өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясын (АЭС) салуға кірісті. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы дайындалып, жобалау жұмыстары басталды.

Өзбекстан аумағында АЭС салу идеясы 1970 жылдардан бастап талқыланып келді. Дегенмен түрлі жобалар келіссөз деңгейінде қалып отырды. АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұсыныстары зерттелді, бірақ түпкілікті келісім «Росатоммен» жасалды.

Биыл 27 мамырда Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу туралы шешім қабылданды, яғни елімізде әрқайсысының қуаты 55 МВТ болатын (жалпы қуаты 330 МВт) 6 энергоблок бой көтермек. 10 қыркүйекте осы жұмыстарды бастау туралы хаттамаға қол қойылды. Оған сай, жобалық құжаттарды дайындау ісі қолға алынды.

АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай, барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр.

Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді. Тиісінше, біздің елдің энергобалансында барлық энергия өндіру көздері болуы тиіс: күн, жел, су электр станциялары және АЭС.

Жизақ облысында ірі энергетикалық нысан бой көтереді. Сәйкесінше, оған қажетті инфроқұрылым қалыптасады, атап айтқанда жол, аурухана, мектеп. Мұның барлығы Жизақ облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.

Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр станцияларымен (ЖЭС) бір мөлшерде су тұтынады. Өйткені, екеуінде де термодинамикалық цикл жүреді, яғни су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады.

Бұл цикл АЭС-те де, ЖЭС-те де бірдей. Біз алдағы уақытта өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескере отырып, реакторларды «құрғақ» салқындату жүйесін қолдануға ниеттіміз. Ол тұтынатын судың шығынын шамамен 10 есе азайтады.

Болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға төтеп беру үшін АЭС-ті жоспарлау кезінде барлық ерекшеліктер ескеріледі. Ол салынатын жерді зерттеуден басталады. Сейсмологиялық тұрақтылығы, топырақтың сапасы және басқа да ерекшеліктері зерделенеді. Осылардың барлығы жоспарлау кезеңінде есепке алынады.

Мысалы, АЭС Армения еліндегідей сейсмикалық белсенді аймаққа салынса, онда реакторлар сол жағдайларға бейімдеп құрылады. Аталған нысан 1988 жылы болған 9 баллдық Спитак жер сілкінісіне төтеп бере алды, оның іргетасы мен өзге де қабырғаларына зақым келген жоқ. Бұл АЭС-ті жобалау кезінде тиімді шешімдер қабылданғанын растайды.

Мұнымен бірге заманауи АЭС-тер «постфукусималық» талаппен салынады. Онда ең экстремалды сценарийлер ескерілген. Мәселен, АЭС цунами қаупі өте төмен, шөлейтті аймақта салынса да, ол цунамиге төтеп бере алатындай талаппен құрылады. Апаттық кезеңде электр энергиясымен жабдықтау үшін арнайы дизелдік генераторлар қарастырылады. Бұл шаралар кез келген төтенше жағдай сәтінде АЭС-тің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Ma’no» зерттеу бастамалары “Росатом” Өзбекстанда АЭС салады орталығының директоры Бахтиёр Эргашев:

– Атом электр станциясының Орталық Азия елдері үшін ұтымды тұстары көп. Сондықтан түрлі қуаттағы АЭС-терді салу «энергия-миксті» сақтап тұруға бағытталған. Қандай да бір энергия өндіру көздеріне тәуелді болып отыру орынсыз. Бұған дейін Өзбекстан қуаты 2,4 млрд МВт болатын үлкен АЭС салуды жоспарлаған. Дегенмен, қазір сол белгіленген орында аз қуатты атом электр станциясының құрылысын бастау көзделіп отыр.

«Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сергей Агафонов:

ЭЛЕКТР ҚУАТЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫНА ТАП БОЛДЫҚ

– Біз электр қуатының тапшылығына тап болдық. Қазір электр энергиясы бойынша тәуелділікті жылына шамамен 60 млрд. теңгеге бағалап отырмын. Тапшылықтың негізгі кезеңі екі жыл бұрын байқалған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі. Қазірдің өзінде импорттық электр энергиясының бағасы біздегіден үш есе қымбат. Әрине, бір атом электр станциясы бұл мәселені шешпейді, бірақ атом энергетикасын дамытуға серпін береді. Жеке өз басым үш атом электр станциясы елеулі үлес қосады деп ойлаймын.

Қазіргі кезде Қазақстанның энергетикалық балансының құрылымында көмір генерациясы 70 пайыздан астам. Мен жаңартылатын энергия көздерін көбейтуді қолдаймын, бірақ тек жаңартылатын энергия көздері арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алмаймыз.

Атом электр станцияларынан тиімді ештеңе жоқ. Электр станциясы 80 жылдай уақыт жұмыс істейді, яғни бұл кезеңдегі өзін-өзі ақтауға 20 жыл ғана мерзім керек. Қалған 60 жыл бойы ол 90% тиімділікпен жұмысын жалғастырады.

Жаңартылатын энергия көздерінің жұмыс істеу мерзімі қысқа – шамамен 25 жыл, ал бұл уақыттың жартысы станция шығындарын ақтауға жұмсалады. Қазақстандағы мұндай станциялардың тиімділігі 40 пайыздан аспайды.

Баршамыз көмірмен энергия өндіретін станциялардың мұржасынан күнделікті шығып жатқан түтінді көріп жүрміз. Олар қоршаған ортаға күл мен шаң шашып, ластап отыр. Көмір шаңы да қауіпті екенін білуіміз керек.

“РОСАТОМ” ӨЗБЕКСТАНДА АЭС САЛАДЫ

Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Оның құрылысын бастау туралы құжатқа Ресей Президенті Владимир Путиннің биыл 27 мамырда Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойған.

Сарапшылардың болжамына сай, 2050 жылға қарай Өзбекстанда энергияға деген сұраныс 2 есе артады. Тиісінше, экономиканы тұрақты дамыту үшін ел үкіметінің алдына негізгі энергия көзін жасақтау міндеті қойылды.

Ведомствоның мәліметінше, әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор Жизақ облысындағы Тузкан көлінде салынады. Ресейлік «Росатом» құрылыстың бас мердігері болады, сонымен қатар құрылысқа өзбекстандық компаниялар да тартылады.

Жизақ облысында салынатын аз қуатты АЭС-тің реакторлары «РИТМ-200Н» деп аталады. Атом энергиясы агенттігінің ақпаратынша, ол Ресейдің атом энергетикасы саласындағы ең озық технологиялары қолданыла отырып әзірленген. Әр реактордың жылу қуаты – 190 МВт, өндіретін электр қуаты – 55 МВт, қызмет ету мерзімі – 60 жылға дейін. «РИТМ-200Н» сериялы реакторлар Арктиканың қатал климаттық жағдайында жүк тасымалымен айналысатын кемелерге орнатылып, сынақтан өткен.

2012 жылдан бастап «Арктика», «Сібір», «Орал», «Якутия» және «Чукотка» әмбебап мұзжарғыш кемелері үшін 10 «РИТМ-200» реакторы жасап шығарылды. Алғашқы үшеуі қазірдің өзінде пайдалануға беріліп, Арктиканың батыс аймағындағы кемелерде қолданылып келеді. Сондай-ақ, «РИТМ-200» реакторы базасындағы АЭС бүгінде Усть-Куйга ауылында (Якутия) салынып жатыр. Оның бірінші энергоблогын 2027 жылы іске қосу жоспарланса, ол толық қуатта 2028 жылдан бастап жұмыс істемек.

“ҮЛКЕН” ҮЛКЕН БЕ?

Үлкен ауылы Жамбыл ауданының солтүстік-шығыс бөлігінде, аудан орталығынан 289 шақырым, Алматы облысының орталығы саналатын Қонаев қаласынан 330 шақырым қашықтықта, Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Ауылдың жалпы ауданы 7,7399 гектарды, ал елдің мекеннің ауданы 217 гектарды құрайды екен.

80 жылдардың ортасында дәл осы ауылда Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін қуаты 4 000 МВт-тық Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік аудандық электр стансасын салу жоспарланған болатын. Алайда, жоба өнеркәсіптік өндірістің күрт қысқаруына және электр энергиясын тұтыну көлемінің төмендеуіне байланысты тоқтатылған. 1986 жылы елді мекен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының құрамынан Алматы облысының Күрті ауданы құрамына беріліп, жұмысшылар ауылы санатына жатқызылған.

Үлкен ауылының тұрғындары негізінен балық өнімдерін қайта өңдеумен және саудалаумен, сондай-ақ таяу және алыс шет елдерге экспорттаумен айналысады. Тұрғындар Балқаш көлінен балық аулап, оны өңдейді. Ауылда екі балық кәсіпорны жұмыс істеп тұр.

Ауылда энергетикалық «KEGOC» АҚ компаниясының филиалы орналасқан. Оның мамандары жергілікті трансформаторлар мен шағын стансаларға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ ауылда бір орта мектеп, учаскелік полиция, дәрігерлік амбулатория, дәріхана, мектеп кітапханасы мен пошта бөлімшесі бар. Сонымен қатар екі тұтынушылық кооператив, 23 дүкен, 5 асхана, дәмхана, жанар-жағармай құю стансасы, демалыс аймағы, фотосалон, екі қонақ үй, екі шаруа қожалығы жұмыс істейді екен.

1987 жылы 1 176 орынға шақталған орта мектеп ашылған. Онда 268 бала білім алады. Ал мектеп жанындағы шағын орталықта 50 бала тәрбиеленеді.

Ауылда жеке тұрғын үй жоқ, көпқабатты 31 үй бар. Оның 24-і ауыл округінің балансында. 22 үйде адамдар тұрады. Қалған үйлерде ешкім тұрмайды, бос. Бұл үйлер 1984-1990 жылдары салынған. Сондықтан қазіргі уақытта ескіріп, тозып тұр. Үйлерде жеке-жеке электр қазандықтары орнатылған. Пәтерлерге сол арқылы жылу беріледі. Ауылда табиғи газ жоқ. Тұрғындар газ баллонын қолданады.

Ауылда интернетпен және электр энергиясымен байланысты еш мәселе жоқ.

Бүгінде елді мекенде 3 мыңдай адам тұрып жатыр.

– «Адамдардың көңіл-күйі жақсы. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі АЭС құрылысын қолдайды және аталған жобаның жүзеге асырылуын тағатсыздана күтіп жүр. Соңғы жылдары бұл мәселе елімізде жан-жақты талқыланып жатыр. Ауылымыз бастапқыда-ақ электр энергетикасының орталығы ретінде ойластырып, сол үшін іргетасы қаланған болатын. 1984 жылы осы жерде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік аудандық электр стансасын, кейіннен Балқаш жылу электр орталығын салу жоспарланған еді. Алайда, екі жоба да жүзеге аспай қалды. Енді міне үшінші мәрте АЭС салуға талпыныс бар. Егер халық АЭС қажет деп шешім қабылдаса және ол Үлкенде салынуы тиіс болса, онда ауылды айтарлықтай оң өзгерістер күтіп тұр», – дейді, ауылға АЭС салуынан үлкен үміті бар ауыл әкімі К.Кесенов.

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин:

БІЗДЕ МАМАНДАР ТАПШЫ БОЛАДЫ ДЕГЕН УӘЖБЕН КЕЛІСПЕЙМІН

Атом энергетикасын дамытуды энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында қарастырып отырмыз. Сарапшылар алдағы кезеңде электр энергиясы бойынша елеулі тапшылық болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Әлемнің біраз мемлекеті атом энергетикасын дамытып келеді. Қазақстан мамандары қарастырып отырған реакторлар ІІІ+ технологиясына жатады, яғни бұлардағы қауіпсіздік деңгейі өте жоғары.

Референдумда қолдау болса, біз келіссөзге кірісеміз. Мәселен, 2025 жылы вендорды анықтау, үкіметаралық келісімдер мен тиісті шарттарды бекіту үшін дайындық жұмыстарын атқару керек. Жалпы, АЭС құрылысына 5-6 жыл, сондай-ақ дайындық жұмыстарына 3-5 жыл уақыт керек. Біз 2 реактордың құрылысын қарастырып отырмыз. Осының бәрін ескере отырып, 10-11 жыл аралығында атом электр станциясын пайдалануға беруге болады.

Еліміздің осы салада ғылыми және кадрлық әлеуеті бар. Сонымен қатар, АЭС құрылысына қатысатын вендорды таңдаған кезде, олармен бірге отандық ғалымдардың білімін жетілдіру бағдарламасын даярлаймыз. Атап айтқанда, 10 жыл ішінде мамандардың бірнеше буынын дайындықтан өткізу мүмкіндігі бар. Шетелдік АЭС-терде біздің мамандарды тағылымдамадан өткізе аламыз. Сондықтан бізде мамандар тапшы болады деген уәжбен келіспеймін.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ядролық физика кафедрасының оқытушысы Амангелді Нұрлан:

ЗИЯНДЫ ЗАТТАР 0 ТОННАҒА ТЕҢ

Елімізде органикалық отынды жағу кезінде көмірқышқыл газы – 81,6 пайыз, метан – 12,4 пайыз және азоттың шала тотығы 5,6 пайыз бөлінеді. Бұл – зиянды заттар. Айталық, жылу электр орталығы мен атом электр стансасы 1 ГВт электр энергиясын өндіреді делік. Сол кезде ЖЭО 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 1 500 тоннаға дейін майда күл, 3 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газын, 300-400 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал АЭС-те мұндай зиянды заттар 0 тоннаға тең.

1200 МВт екі блокты АЭС салқындату мұнараларындағы судың жылдық шығыны 0,063 млрд текше метр деп бағаланады. Балқаш көлінің көлемі -108 млрд текше метр. Балқаш көлінің бетінен булану көлемі жылына 18,934 млрд текше метрді құрайды. Яғни, Балқаш көлінен АЭС қажеттіліктері үшін жұмсалатын жылдық су ысырабы оның табиғи булануының шамамен 0,33 пайызына ғана тең.

2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін 2 есеге артады. Жалпы, әлемде 415 реактор жұмыс істе тұр. Олар 373 735 МВт электр энергиясын өндіреді.

Әлемнің 15 елінде 60 реактор салынып жатыр. Бұл реакторлар пайдалануға берілген кезде қосымша 62 637 МВт электр қуатын өндіретін болады.

ҰСЫНЫЛҒАН РЕАКТОРЛАР ҚАУІПСІЗ

Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталық атқарушы директорының орынбасары Олег Романенко:

– III және III+ буынды су реакторлары атом электр станцияларының жоғары қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бұл реакторлар қос контурлы: реактордағы су қайнамайды, бірақ қызады және жылуды екінші контурдағы бу генераторлары арқылы береді, онда бу пайда болып, содан кейін ол турбинаға жіберіледі. Олар герметикалық қабық – контейнментпен, сондай-ақ апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған. Қуат жоғалған жағдайда реактордың белсенді аймағы салқындатуды жалғастырады, ал процестер баяулайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни, ұсынылған жобалар әлдеқайда қауіпсіз.

3, 3+ буын қондырғыларында ауыр апаттар ықтималдығы өте төмен. Атом электр станциясының 10 млн. жылдан астам жұмысында тек бір ғана апат болуы мүмкін. Алайда атом электр станциялары бар болғаны 60, 80 немесе максимум 100 жыл пайдаланылады.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин:

БҰЛ ТАҚЫРЫПТЫ ЗЕРТТЕП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ

Біз су ішіндегі су атом реакторын таңдап қойдық. Қауіпсіздік мәселесінде бір проблема болған. Сол проблема аздап шешілмей жатыр деуге болады. Біз салсақ деп отырған 1200-1400 мегаваттық атом реакторын Қазақстанның энергетика жүйесіне кіріктіру оңай шаруа емес. Тепе-теңдікті сақтау, апаттық сәтсіздіктер кезінде тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты мәселелер айқын емес. Бірақ оның бәрін шешуге болады. Ең оңтайлы жолын табу керек.

Қазақстанның жүйесіне шағын қуатты реакторлар жақсы келер еді. Мысалы, тоқсаныншы жылдары 640 МВт-тық су ішіндегі су атом реакторын салмақшы болдық. Қазір шағын модульдік реакторлар сәнге шыға бастады. Ал біз 2000 жылдардың басынан бері бұл тақырыпты зерттеп келе жатырмыз. Ақтауда Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының алаңында АЭС салуға бағытталған жоба болған. Ол жерде 300 МВт-тық екі блок орнатпақ болғанбыз. Қазір әлемнің шағын модульді реактор деп жүргені сол. Бұл істе біз жер шарының алдына шығып кеткенбіз. Осының бәрін ескерсек, шағын модульді реакторларды да есептен шығарған жоқпыз. Біздің компания осы технологияны ұсынушылармен серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды. Өте сезімтал ақпараттарды алмасумен байланысты басқа да құжаттар бар. Бұл америкалық компаниялардың бірі — NuScale Power. Екіншісі — General Electric. Бұл жапон-америкалық бірлескен кәсіпорын болып есептеледі.

ТҮРКИЯДА “РОСАТОМ” ЕКІНШІ АЭС САЛАДЫ

Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының Түркияның Синоп қаласында екінші атом электр стансасын салуға өтінімі басқа бәсекелестерінен басым түскен.

Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі А.Байрактар: «Росатом» – Түркияға инвестиция салып, атом электр станцияларын салуда біршама тәжірибе жинақтаған компания.

Синоп атом электр станциясы мемлекеттік және жеке сектор арасындағы бірлескен кәсіпорынға айналуы мүмкін және оны лицензиялау шамамен 2-3 жылға созылады. Сондай-ақ түрік билігі Қытаймен Фракияда АЭС салу және АҚШ-пен шағын модульдік реакторлар салу туралы келіссөздерді жалғастырып жатыр. Америкалық Westinghouse Electric Company Түркияда шағын және қарапайым атом реакторларын салуға ниетті.

Түркияның Энергетика министрлігі Оңтүстік Корея мен ҚХР ұсыныстарын да қарастырып жатыр, бұл процесс әлі аяқталған жоқ.

2050 жылға қарай Түркия жалпы генераторлық қуаты 15 мың МВт болатын жалпы 12 реактор салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Росатом Түркиядағы алғашқы Аккую атом электр станциясының құрылысын жүргізіп жатқандығы белгілі.

Орталық Азиядағы New NuclearWatch Institute Консультациялық кеңесінің төрағасы Бауыржан Ибраев:

БІЗ «ҚАЖЕТ ПА, ЖОҚ ПА» ДЕГЕН СҰРАҚТЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ӘЛІ ЖҮРМІЗ

2018 жылы Өзбекстан АЭС салуға шешім қабылдаған кезде ресейлік тарап бізге келіп ұсыныс жасап, өзбек еліне қарағанда бұл салада біздің әлеуетіміздің жоғары екенін атап өтті. Одан кейін ешқандай тәжірибесі болмаса да, мұндай шешімді Моңғолия қабылдады. Ал біз «қажет па, жоқ па» деген сұрақтың төңірегінде әлі жүрміз. Елімізде АЭС қажеттілігі көп уақыт бұрын туындады. Дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік өз экономикасын атом энергетикасына сүйеніп көтерді дей аламын.

Ядролық физика институты атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасының меңгерушісі, Энергетика министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салалық кеңесінің мүшесі, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD докторы Әсет Шәймерденов:

ҚАЗАҚСТАН ЯДРОЛЫҚ САЛАҒА ЖАҢАДАН КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТ ЕМЕС

Атом саласы – атом өнеркәсібінің, энергетиканың және ғылымның жиынтығы. Сондықтан сала мамандары көптеген мәселені шешумен айналысады. Басты міндетіміздің бірі – болашақта және бүгін пайдаланылатын ядролық энергетикалық реакторлар қауіпсіздігін арттыру. Атап айтқанда, ядролық бөлшектердің түрлі элементтермен өзара әрекеттесуін зерттеу, ядролық реакцияның тұрақтылығын анықтау, материалдардың радиациялық сәулеленуі қасиеттерінің әсерін зерттеу, медицина мен өнеркәсіп үшін заманауи және перспективалы радиоизотоптарды өндіру технологияларын әзірлеу, ауыр апаттар мен олардың салдарын анықтау. Осы уақытқа дейін жүргізген зерттеулердің нәтижесінде медицина мен өнеркәсіп салаларына арналған радиофармацевтикалық препараттар мен радиоизотопты өнімдер шығаруды жолға қойдық. Қазір ауруханаларды өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қам[1]тамасыз етіп жатырмыз, яғни елімізде өндіріліп отырған радиофармпрепараттың 90%-ын институт өндіреді.

Біздің зертхана (Атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасы) ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеуден бастап ядролық және термоядролық реакторлардың перспективалық конструкциялық және функционалдық материалдарын реакторлық сынауға дейінгі қызметтердің кең спектріне ие. Зертханада екі ірі қондырғы бар. Сындық стенд – нөлдік қуатты ядролық реактор және газ-вакуумдық ілмек қондырғысы. Сондай-ақ, біз ядролық объектілердің жобалық құжаттамасының ядролық, радиациялық және ядролық-физикалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Зертханада 16 маман жұмыс істейді. Оның 60%-дан астамы 40 жасқа толмаған. Зертхана қызметкерлері халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға, семинарларға, техникалық кездесулерге үнемі қатысады. Зертхана Жапония, Германия, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Латвия ұйымдарымен кең халықаралық ынтымақтастыққа ие.

Егер атом саласының рөлін нақты сипаттамалар тұрғысынан қарастыратын болсақ, мен атом саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің санын айтқым келеді, онда оның рөлі жоғары емес. Қазақстанда атом саласында жұмыс істейтін үш ірі мемлекеттік кәсіпорын бар – олар «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ, «Ұлттық ядролық орталығы» және «Ядролық физика институты» РМК. Бұл мекемелерде барлығы 25 мыңға жуық маман бар. Алайда, Қазақстандағы атом саласының әлеуметтік-экономикалық рөлі орасан зор. Мысалы, Қазатомөнеркәсіп уран кенін өндіріп қана қоймай, сонымен қатар АЭС үшін жылу бөлетін жинақтар, қосылған құны жоғары түпкілікті өнім шығарады. ҚР ҰЯО атом энергетикасының қауіпсіздігін арттырумен және бұрынғы Семей сынақ полигонындағы радиациялық қауіпсіздікті мониторинг жасаумен айналысады. ЯФИ – медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптардың (радиофармпрепараттарды қоса алғанда) елдегі ең ірі өндірушісі. Азғыр полигонын­дағы радиациялық жағдайға мониторинг жүргізеді, өнеркәсіпте, медицинада және ауыл шаруашылығында радиациялық технологияларды әзірлейді және енгізеді.

Меніңше, бұл мәселеде халық санасында бірнеше бағыттағы үрей бар сияқты. «Атом» сөзінен қорқудың бірінші себебі – Семей полигоны. Оның зардабын тұрғындар әлі де тартып келеді. Екінші себеп, менің ойымша, халықтың атом саласы туралы жетік білмеуіне байланысты. Ал адам бірдеңе білмесе, одан әлбетте қорқады

Қазақстан ядролық салаға жаңадан келген мемлекет емес. Біздің ел уран өндіруден әлемде бірінші орында және осы элементтің барланған қоры бойынша екінші орында. Қазақстан Ақтау қаласында жылдам нейтронды атом электр станциясын да іске қосты. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты Қытайдың атом электр станциялары үшін жылу жинақтарын шығарады, ал еліміздегі төрт ғылыми-зерттеу реакторы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша белсенді зерттеулер жүргізіп жатыр. Бұл жетістіктер АЭС құрылысы жобасын жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге қабілетті мамандарды дайындаудың жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстанда атом энергетикасының табысты дамуына негіз жасайтын бірегей ресурстар мен білікті кадрлар бар.

Атом электр станциясының артықшылығы көп. АЭС – бұл тұрақты электр энергиясының көзі ғана емес, сонымен қатар ғылымды қажетсінетін және инновациялық технологияларды дамытудың драйвері. Бүгінгі таңда еліміздің болашақ энергия тапшылығын, экономикалық және технологиялық дамуын жабу үшін электр энергиясының жаңа көздерін салу қажеттілігі айқын болып отыр. Жаңартылатын электр көздері елдің электр энергиясына деген қажеттілігін жаба алмайды өйткені мұндай көздер өзгермелі, тұрақсыз және қуаты аз. Қазақстанда жаңа МАЭС салу үшін су ресурстары (өзендер) аз. ЖЭО-ны қолдануды кеңейту орасан зор экологиялық проблемаларға алып келеді және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу тұжырымдамасына қайшы келеді. Сонымен тұрақты электр энергиясын қамтамасыз ете алатын атом электр станциясы ғана қалады. Сонымен қатар бұл электр энергиясының басқа көздері дамымайды дегенді білдірмейді. Елдің энергетикалық жүйесі теңдестірілген және әртараптандырылған болуы керек.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған