Қызылордада Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға дәстүрлі Президент шыршасы өтті.
– «Сыр елінің армандар шыршасы» атты шытырман оқиғалы жаңа жылдық ертеңгілікке Қызылорда қаласынан және аудандардан 9-13 жас аралығындағы үздік жетістікке қол жеткізген 200 оқушы қатысты. Шыршаға келген бүлдіршіндер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауы мен естелік сыйлықтарын алып, театрландырылған қойылым тамашалады.
Шара барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың оқушыларға деген ыстық лебізі мен жаңа жылдық құттықтауы жеткізілді.
Сыр өңірінде 337 мектепте 184 мыңнан астам оқушы және 678 балабақшада 50 мыңға жуық бала білім мен тәрбие алуда.
Аймақта өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін үлкен жобалар қолға алынып, жаңа нысандар ел игілігіне табысталды.
Өңірімізде балаларды әлеуметтік қолдау басты назарда. Биыл 1-4 сынып тарда оқитын 62918 және әлеуметтік осал отбасыларынан шыққан 5-11 сыныптағы 26654 оқушыға, барлығы 89572 балаға тегін ыстық тамақ берілуде.
Алдағы уақытта да білім саласына мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын табатын болады.
25 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін Президент шыршасына облысы мыздан түрлі сайыстарда жеңімпаз атанып, үлгілі тәртібімен және үздік оқуы мен көзге түскен 5 оқушы қатысады.
* * *
Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті.
Жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналған Жаңа жылдық мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта зор жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатысты.
Жаңа жылдық шырша салтанаты Оқушылар сарайының өнерпаздары әзір леген қойылыммен басталды. Қызықты кешке жиналған балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз Ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды.
Жаңа жыл мерекесі – балалар үшін ұмытылмас оқиға. Өйткені олардың бақытты жүздерін, шынайы күлкілерін көруден артық ештеңе жоқ. Соған сай мереке қуанышында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы балаларды құттықтап, өтіп бара жатқан 2024 жылы білім саласының жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– «Шаһарымыздың өздеріңдей білімді де, талапты жастары әлемнің ең озық оқу орындарында білім алуда, спорт саласында да биік белестерді бағындыруда. Сыр елінің абыройын көтерген сол аға-әпкелеріңнен үлгі алып, зерделі де зерек, білімді де, білікті болыңдар. Жаңа жыл өздеріңе де, сендерді мәпелеп өсіріп отырған ата-аналарыңа да тек жақсылық әкелсін. Алдағы Жылан жылы – қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы саналады. Ендеше Жылан жылы жетістіктер жылы болсын!» – деп шаһар басшысы балаларға сыйлықтар табыстады.
Ертегі қойылымдары мен концерттік бағдарлама ғажайыпқа толы кешті жандандыра түсті.