Есімде, осыдан 17 жыл бұрын, 2007-ші жылдың қысында жаңадан тағайындалған аймақ басшысы, белгілі мемлекет қайраткері, жарқын саясаткер, қалыпқа сия бермейтін тұлға Мұхтар Құл-Мұхаммед көпшілік күтпеген тұстан Серік Қожаниязовты қала әкіміне үміткер етіп ұсынды.
Бұл шешім көп жұртты таңқалдырды. Әдетте бұл лауазымға жергілікті элитаға ықпалы бар саяси ауыр салмақтылар тағайындалатын. Өйткені өңірде облыс орталығын басқару – көптеген, кей реттерде көзге көріне бермейтін мүдделер арасында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлерге бағына отырып, күрделі қарым-қатынастардың қиылысында мәселе шешу, жария емес баланстарды сақтай білу. Бұл жерде саяси шыңдалған, барлық ықпалды топтармен ортақ тіл таба білетін, икемді, тәжірибелі шенеунік жақсы.
Серік Салауатұлы бұл кезеңде жұртқа танылған саясаткер деп айту қиын еді. Кузбасс политехникалық институтының түлегі, инженер болып жұмыс бастаған технолог, Қызылорда жөндеу-механикалық зауытының шебері, инвестициялық өндірістік жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар, аймақтың бұрынғы басшысының шақыруымен облыстық өндіріс және кәсіпкерлік департаментін басқарған.
Былай айтқанда инженерше ойлау жүйесі қалыптасқан технар, сөзге жоқ прагматик. Киноларда олар туралы Штирлицтің дауысымен былай дер еді: “Мінезі – өте ұстамды, қызметтік міндетті мінсіз атқарады. Атына кір келтіретін байланыстары байқалмады”.
Жаңадан тағайындалған қала басшысының алғашқы күні жұрт алдындағы іс-шарадан, немесе қарамағындағылардың “данышпан басшылық” қоластында жұмыс істейтіндеріне сенім білдірген “тақ сөзінен” басталмады, канализация суына толған өжіреден басталды.
Қызылорда Қызылорда болғалы бері бағзы заманнан келе жатқан бұл проблема әбден шегіне жеткен уақыты еді. Енді облыс әкімі М.Құл-Мұхаммед екеуі ескі мөлтек ауданда, боққа толған өжіреде алғашқы мәжілістерін өткізді.
Киім үлгілері: ұзын резеңке етік, джинсы және жұмысшы көйлегі. Бұған дейін жүздеген миллион теңгені апатты жоюға жұмсаған коммунальщиктердің әдемі есебі, айналадағы көрініске сай, ондай сенімді көрінбеді.
Алғашқы күн ғана осылай өтпеді. Қызылорданың жаңа әкімінің әрбір күні “Қожаниязов қайда?” деумен басталды. Барлық кезде жарық сөнсе де, коммунальщиктермен бірге басында болды, автобус жөндегенді көзімен көрді, бақылады, жөнделген жол учаскесімен жаяу жүріп көрді, тіпті жылу жүйесіндегі жылу сақтағыштың қалыңдығын өз қолымен тексерді.
2007-ші жыл үшін бұның бәрі үйреншікті емес еді, біртүрлі көрінетін.
Немесе, есте сақталған тағы бір бұрынғы жайды айтар болсақ, бұдан 20 жыл бұрын Қызылордада Е.Әуелбеков те осылай, бірақ керзі етікпен тәртіп орнатып еді. Бірақ ол кездері коммунист басшы қатаң режим қолданды – қызметтен шығару мен қатаң жазалау.
Серік Салауатұлы ешкімді қызметтен босатпады, барымен жұмыс істеді, үйретті, жауапкершіліктің бір бөлігін өзіне алды. Қарқынды жүйелі жұмыс нәтижесінде бір жылдан соң көптеген өжірелер тазарды, канализация және сумен қамтамасыз ету жүйесі қалыпқа келе бастады. Жаңа электр және жылу стансасын салу, ақырында қаланы жылы сумен қамтамасыз ету, бұрын қала тарихында ешқашан болмаған, ойға келе бастады.
Алайда, үлгермеді. Әдетте көп реттерде кадр мәселесінің қалай шешілетіні белгілі. 2008-ші жылы облыстың жаңа басшысы оны ауыстыруға шешім етті. Ешқандай себепсіз және ешқандай нұсқасыз.
Қожаниязов орталықта мықты басшы ретінде танылып қойған еді, бірден Астанаға шақыру алды. Бірнеше жыл Президент әкімшілігінде қызмет етті, одан кейін Үкіметте негізгі бөлімдерді басқарды, содан соң Экология вице-министрі болды. Әдеттегідей жұртқа жария болмаса да, мінсіз, нәтижелі қызмет істеді.
Аймаққа оралуы
Осыдан екі жылға дерлік уақыт бұрын Серік Салауатұлын тағы да, тәжірибелі басшы ретінде туған өлкесінің дамуына көмектесуге шақырды. Жаңа аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев оған өндірістен бастап ауылшаруашылығына дейін маңызды учаскелерді сеніп тапсырды.
Күтпеген жерден, 2024-ші жылдың қаңтарының алғашқы жартысында бұдан 17 жыл бұрынғыдай С.Қожаниязов Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалды.
Облыс әкімі Н.Нәлібаев оның кандидатурасын қала басшысы болуға ұсынғанда алғашқы кезекте кәсібилігін, өңірде де, орталықта да үлкен тәжірибе жинағанын, әрине ең бірінші кезекте патриоттығын негіз етті. Серік Салауатұлы Қызылордада туған, осында оқыған, Ресейде білім алып, әскери қызметін өтегеннен кейін туған қаласына қайтып келіп, өндірісін көтеруге атсалысты. Алғашқы шақырғаннан-ақ Астанадағы беделді қызметін тастап, өз қаласына қайтып келді.
Мәслихат бұл ұсынысты қабыл алды. Көптеген адамдар оның көп жылдар бұрын әкім болғанда әрбір мәселеге жете назар аударғанын, барлығын ретімен шеше білгенін еске алды, әрі бастаған ісін соңына дейін аяқтай алмағанын да ел ұмытпапты.
Алдағы жылдарға оның қандай жоспарлары бар? Бәрін жазбай-ақ қояйын, тек негізгілеріне тоқталайын.
Әрине ең бірінші кезекте жаңа ТЭЦ-ті іске қосу. Аймақ басшысы Түркиядан инвесторлар тартты, олар өз қалталарынан 215 млрд. теңге қаржы салуға дайын. Қала 100% өз-өзін жылумен қамтамасыз етеді. Әрі 150%- ға электр энергиясының мол қоры бар.
Сондай-ақ Қызылорда үшін үлкен өзгеріс – қаланың көпқабатты үйлері жылы сумен қамтамасыз етіледі. Қаланың екі ғасырлық тархында, тіпті еліміздің Астанасы болған кезінде де, одан бері де “кемелденген социализмнің” бақытты жылдарында да, тіпті тәуелсіздігіміздің 30 жылында да қала тұрғындары суды шәйнекпен ысытып келеді. Қазір Аристондар, электр су жылытқыштар әрбір қызылордалықтың үйінде бар десе болады. Өте қымбат, басқа қалалардың құбырларындағы ыстық судан 4 есе қымбат. Содан да көптеген адамдар үнемдеуге мәжбүр, қызылордалықтар өзге облыс орталығы тұрғындарынан бай емес.
Қала активінің мәжілісінде облыс әкімі Н.Нәлібаев бірнеше ірі жобалар туралы айтты. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі бөлігі 2 жолақтан 4 жолаққа ауысады. Бұл 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция. Келер жылы Жезқазғанға дейінгі жол салынады.
Тағы да осындай леп белгілерін лепілдете беруге болады. Жол инфрақұрылымы, көгалдандыру, қала келбеті дегендей.
Келер жылы Жезқазғанға дейін жол салынып болады. Болмағанда біздің Қызылорда бөлігі. Шамалы уақытта ірі көлік артериясының тоғысында тұратынымыз анық. Елді мекендердің басым бөлігі табиғи газға қосылып та болады.
Шыны кластері ақыры іске қосылды. Жергілікті шикізаттан еліміздің тарихында алғаш рет табақша шыны жасалуда.
Құрылыс саласына бейімделген ерекше индустриялық аймақ жасау идеясы бар.
Қала әкімінің облыстық деңгейде мықты қолдауы бар деген сөз. Жергілікті бизнестің беделді өкілдері қала басшылығына Қожаниязовтың келуін қуана қарсы алды. Олар өңір басшылығының осындай керемет жобаларынан өздерінің де сырт қалмайтындарын айтуда. Олардың көпшілігін біз жақсы білеміз (бізге сырттан келетіндер аз, келген жағдайда да табыс тапқаннан кейін кетіп қалады). Олар алдағы жылдары өз қаражаттарына әлеуметтік, қоғамға пайдалы инфрақұрылым – стадион, мектеп, аурухана, кітапхана, шығармашылық үйлерін салмақшы.
Міне, мемлекеттік және жеке сектор арасында қоғамға пайдалы осындай ынтымақтастық бар. Егер де бизнесті қудаламаса, пайыз беруге мәжбүрлемесе, олардың ұсыныстарын қабылдай білсе олар да өз туған өлкелерінің болашағы үшін қаржы салуға дайын болатындығы белгілі.
Өзім, қызылордалық ретінде осы қалада балабақшадан бастап, сонда мектеп бітіріп, қарапайым мектепте жай мұғалім болып қызмет еткен, туған жер перзенті ретінде өңірде болып жатқан өзгерістерге аса қуаныштымын.
Біздің өңір өте қиын. Алға ілгерілеушілікпен оптимист болып “ура” дей беруге де кейде себеп аз…
Керісінше кері тартатын песси[1]мистерге аймақтың болашағы жоқ деп айтуға негіз көп.
Соңғы 10 жылда мұнай көлемі 3 есе төмендеді, көтерілетін түрі де жоқ. Сырдария суы да жыл сайын азайып келеді, елдің негізгі өндірісі – күріш егісі де қысқарып келеді. Экологияның да шешілмеген тұстары көп. 1992- ші жылдан бері Арал өңірі ресми экологиялық апат аймағы деп танылды. Денсаулыққа, таза суға, азық-түлікке қатысты қиындықтар жетерлік.
Алайда тұрғындардың ынтымақтастығы, проблемаларды бірлесе шешуге деген ұмтылысы, қиындықтан қорықпайтындығы, нағыз қызылордалықтарға тән патриоттығы қуантады.
Серік Салауатұлына Парламент депутаты ретінде де, қарапайым қызылордалық ретінде де көмектесуге дайынмын.
Сондай-ақ Қызылордада туып, осында өскен, алайда қазір өңірден сыртта тұрып жатқан қызылордалықтарға “кіші отанда” болып жатқан оң өзгерістерге назар аударыңыздар дегім келеді.
Бәлкім, елге оралатын, немесе жобалардың кей бөлігін туған жерге бағыттайтын, өз туған жеріміздің, қаламыздың көтерілуіне үлес қосатын уақыт келді.
Бәріміз бірге болайық, оң өзгерістерді бірге жүзеге асырайық!
(ФБ-дағы парақшасынан)