Коллаж: Kazinform
Армения Президенті Ваагн Хачатурян Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл сапар аясында жоғары деңгейдегі бірқатар келіссөз жүргізілуі керек. Әсіресе, саяси, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық бағытта жаңа бетбұрыс болуы мүмкін. Осы тұста Kazinform тілшісі екі ел қарым-қатынасының басым бағыттарына шолу жасап, мән-маңызына үңіліп көрді.
Eкіжақты қарым-қатынастың орнауы
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай-ақ, 1992 жылы 27 тамызда Армения Республикасымен дипломатиялық байланыс орнатты. Сол жылы қазанда елімізде Армения Республикасының Елшілігі ашылды. Ал Армениядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі 2007 жылдың наурызынан бері жұмыс істейді.
Екі ел қарым-қатынасы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық арқылы дамып келеді. Екі ел арасындағы қатынасты реттейтін негізгі құжаттар 1993 жылы және 1999 жылы қабылданды. Олар – Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастардың негіздері туралы шарт және достық пен ынтымақтастық туралы шарт. Екінші маңызды құжаттың биыл 25 жылдығы аталып өтті.
Екіжақты және көпжақты қатынасты одан әрі дамытуға және нығайтуға деген ұмтылыс жоғары деңгейдегі өзара сапарлармен айқындалады. Мәселен, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянның 2019 жылы 29 мамырдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасына жұмыс сапарымен келуі. Сапар шеңберінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті 2019 жылы 31 қыркүйекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Армения Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар шеңберінде Армения Премьер-Министрі Н. Пашинянмен екіжақты кездесу өтті.
2021 жылы маусымда Армения Президенті А. Саркисян Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Ал 2022 жылдың ақпанында Армения Премьер-Министрі Н. Пашинян ЕҮАК отырысына қатысу үшін Қазақстанға кезекті рет ат басын бұрды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ ҰҚК сессиясына қатысу үшін 2023 жылы 23 қарашада Ереванға жұмыс сапарымен соқты.
Бұған қоса, тұрақты негізде ЕАЭО, ТМД сондай-ақ түрлі және көпжақты форумдар мен іс-шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының премьер-министрлері арасында жұмыс сапарлары мен екіжақты кездесулер өткізіліп келеді.
Екі елдің парламентаралық өзара іс-қимылы дәстүрлі жоғары деңгейде, сенімді негізде дамып жатыр. Қазақстан-Армения парламенттік достық топтары форматында да, халықаралық парламенттік ұйымдардың алаңдарында да ұстанымдары мен бастамаларын өзара қолдап жүр.
Тауар айналымының өсуі
ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 53,1 млн доллар болған. 2022 жылы 43,1 млн доллар болған еді, яғни бір жыл аралықтағы өсім 23 пайызға жетті.
Жалпы тауар айналымының 33,3 млн доллары Қазақстан экспортына тиесілі болса, қалған 19,8 млн доллары Армения үлесінде. Енді «Қазақстан Арменияға не жеткізді?» деген сауалға келсек. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, еліміз Арменияға:
- темір өнімдерін (1,7 млн доллар)
- өңделмеген алюминий (0,79 млн доллар)
- қағаз (0,67 млн доллар)
- пластмасса (222,7 мың доллар)
- сусындар (171,1 мың доллар)
- қара металдан жасалған бұйымдар (115 мың доллар)
- ұннан жасалған дайын өнімдер (80,7 мың доллар)
- қант және кондитерлік өнімдер (44,1 мың доллар)
- бидай ұнын (29,7 мың доллар) тасымалдаған.
Ал Армения тарапы Қазақстанға:
- этил спиртін (4,1 млн доллар)
- тоңазытқыш пен мұздатқыш (1,4 млн доллар)
- дәрі-дәрмек (0,9 млн доллар)
- сусындар (0,35 млн доллар)
- гигиеналық және косметикалық құралдар (141,5 мың доллар)
- электр трансформаторлары (134,5 мың доллар)
- ферроқорытпалар (97,4 мың доллар)
- сорғылар (88,7 мың доллар)
- бояулар, лактар мен ерітінділер (62,3 мың доллар) әкелген.
Бұдан бөлек, биыл сәуірде Ереван қаласында қазақ-армян бизнес-форумы өткізілді. Осы жиында да экономиканы дамытуға негізделген бірнеше құжат қабылданды.
Екі елдің бизнес саласындағы әріптестігі де қарқынды өсіп келеді. Бір ғана мысал, Ұлттық банк дерегінше, 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстанға Армениядан 11 млн доллар инвестиция тартылған.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып жатыр. 2006 жылы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім шеңберінде екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту үшін көптеген бастамалар іске асты.
2010 жылдан бастап Қазақстанның Армениядағы елшілігінің қолдауымен Ереван мемлекеттік университеті түркология кафедрасының жанынан қазақ тілі, мәдениет және тарих орталығы құрылды. Ал 2016 жылы Арменияның Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Сондай-ақ Арменияда түрлі мәдени іс-шара, соның ішінде конференциялар, әдеби-музыкалық кештер және кітаптар таныстырылымы ұйымдастырылды.
Армян тіліндегі «Қазақ әдебиетінің антологиясы» кітабының тұсаукесері, «Абай-175», «Еревандағы Абай оқулары» жинақтарының тұсаукесері өтіп, қыпшақ тіліндегі армянографиялық жазба ескерткіштерінің тақырыбына арналған халықаралық конференциялар болды.
Қазақстанның «Наири» мәдени орталықтары қауымдастығының қызметі, сондай-ақ Қазақстанның 14 қаласында жұмыс істейтін армян мәдени орталықтары Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етіп келеді.
Екі елдің мәдениет және өнер өкілдері түрлі халықаралық және өңірлік іс-шараларға белсенді қатысады. Бұл Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамытуға ықпал етіп отыр.
Екі ел түрлі салада байланыс орнатып үлгерген. Қазақстан мен Арменияның саяси сарапшыларының да арасында тығыз қарым-қатынас бар. Мысалы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, екі елдің ынтымақтастығын нығайту арқылы жаһанда болып жатқан оқиғаларды түсінуге, талдауға болады, сондықтан да екі ел байланысы маңызды.
– Екі ел сарапшыларының арасында диалог орнатылған. Сол арқылы біз бір-біріміз туралы білімімізді арттыра аламыз. Бұл қарым-қатынас екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, өңірлік саясат мәселелерін, болып жатқан процестерге баға беруге мүмкіндік ашты, – дейді сарапшы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Армения президенті Ваагн Хачатурян елімізге ресми сапармен келеді.
Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.