Аумақтан тыс соттылық институты Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу жүйесіндегі маңызды жаңашылдықтардың бірі болып табылады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне 2021 жылғы 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістер арқылы нақты айқындалды. Атап айтқанда, Кодекстің 32-бабына (Шарттық соттылық) енгізілген түзетулер 2022 жылдың 1 тамызынан бастап заңды күшіне енді. Жаңартылған 32-баптың мазмұнына сәйкес, тараптар істі сот талқылауына дайындау кезеңінде өзара келісім негізінде аумақтық соттылықты өзгертуге және эксаумақтық соттылықты таңдауға құқылы. Бұл – азаматтық процестегі тараптардың құқықтық еркіндігін кеңейтетін, дауды қараудың тиімді әрі әділ тетігін қалыптастыратын норма. Дегенмен, заң шығарушы белгілі бір шектеулерді де сақтап қалды. Атап айтқанда, Кодекстің 31-бабында көзделген айрықша соттылық жағдайлары келісім арқылы өзгертілмейді. Яғни, ерекше соттылық белгіленген істер бойынша тараптардың келісімі заң талаптарын айналып өте алмайды. Осы тұста «эксаумақтық соттылық» ұғымының мазмұнына тоқталу орынды. Дәстүрлі қағидат бойынша, талап арыз жауапкердің тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Ал эксаумақтық соттылық – істі тараптардың келісімімен еліміздің өзге өңіріндегі соттың қарауына беру мүмкіндігі. Бұл жаңашылдық қазіргі цифрлық сот жүйесінің мүмкіндіктерімен тығыз байланысты. Бүгінде соттарға келіп түсетін барлық істер автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы тіркеліп, судьяларға электронды түрде бөлінеді. Егер тараптар істі дайындау сатысында аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы ортақ жазбаша өтініш білдірсе, іс Қазақстанның кез келген өңіріндегі сотқа жолдануы мүмкін. Мұндай жағдайда ақпараттық жүйе судьялардың жүктемесін ескере отырып, жүктемесі салыстырмалы түрде төмен сотты автоматты түрде анықтайды. Бұл – адами фактордың ықпалын азайтып, істі бөлудің ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды кепілдік. Аумақтан тыс соттылық институтының енгізілуі бірнеше өзекті міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бұл тетік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Жергілікті деңгейде қалыптасқан байланыстар мен ықпал ету мүмкіндіктері шектеледі. Екіншіден, тараптардың сот төрелігіне деген сенімі артады, себебі іс олардың өңірінен тыс, бейтарап ортада қаралады. Үшіншіден, соттар арасындағы жүктемені теңестіруге мүмкіндік береді, бұл сот өндірісінің жеделдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл өзгеріс сот төрелігінің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Электронды сот ісін жүргізу, қашықтан қатысу, онлайн сот отырыстары сияқты цифрлық құралдар эксаумақтық соттылықты іс жүзінде жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Тараптар үшін физикалық қашықтық кедергі болмайды, ал сот талқылауының сапасы мен тиімділігі сақталады. Аталған жаңашылдықтың құқықтық және әлеуметтік маңызы да зор. Ол азаматтардың сотқа қол жеткізу құқығын кеңейтеді, соттардың бейтараптығы мен тәуелсіздігіне деген сенімді нығайтады және құқық үстемдігі қағидатын нақтылай түседі. Бұл ретте аумақтан тыс соттылық – тек техникалық рәсім емес, сот реформасының бір бөлігі, сот жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болып табылады. Қорытындылай келе, аумақтан тыс соттылық қағидаты – азаматтық процестегі әділдік, ашықтық және бейтараптық принциптерін күшейтетін тиімді құқықтық құрал. Ол сот жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы қорғауға және соттарға деген қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған жүйелі қадам ретінде бағалануы тиіс. Жаңақорған аудандық сотының бас маманы Айқыз Нысанбаева