Қала әкімі Асылбек Шаменов көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жалпы қалада 815 көпқабатты тұрғын үй мен 281 аула бар. Соның ішінде 44 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай, бірінші кезекте абаттандыруды керек ететін 17 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Солардың бірі – Абай даңғылы, Ш.Есенов және Ғ.Мұратбаев көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары. Жоба бойынша аулаларға тротуар салынып, асфальт төселетін болады. Арнайы көліктерге арналған автотұрақтарға орындар дайындалып, жасыл желек отырғызуға орындар жасалады. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Азамат құрылыс» ЖШС жоспардағы жұмыстардың 60 пайызын орындады. Ендігі кезекте аула абаттандырылып болғаннан кейін, тұрғындар бей-жай қарамай аулаларына тал отырғызып, қаланы сырттан келген қонақтар таңқалатындай жасыл желекке айналдырса екен дейміз. Жұмыс қалай атқарылып жатқанын көріп қайтқан шаһар басшысы мердігер мекеме мен тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, аулалардың тұрғындардың көңілінен шығатындай сапалы жасалуын тапсырды.
Мұхаммедшах Маратұлы