Сырдария ауданының тұрғыны Б. есімді келіншек перинаталдық орталықта егіз балаларды өмірге әкелген. Олардың бірі – ер бала, екіншісі – қыз бала. Алайда, қыз бала қайтыс болған.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі егіз балалардың туу туралы акт жазбаларын жасау кезінде акт жазбаларын қате мәліметтермен толтырған.
Нәтижесінде, ақпараттық жүйеде ер баланың мәліметтерінде қыз баланың аты-жөні, ал қыз баланың мәліметтерінде ер баланың аты-жөні туралы мәліметтер, сонымен бірге, ер баланың қайтыс болғаны туралы жазба шыққан.
Егіз балалардың тууын тіркеу кезінде бөлім тарапынан жіберілген қателіктер заңды күшіне енген сот актілерімен дәлелденген. Осылайша, сот шешімі бойынша ер балаға қайталама туу туралы куәлігі берілген.
Келіншек ер баланы дәрігерге көрсету үшін алып барғанда, ақпараттық жүйеде оның қайтыс болғаны туралы мәлімет шыққанын, сол себепті баласына ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмегенін, балаға тегін берілуі тиіс сүт қоспасын, дәрі-дәрмектер мен қажетті емдерді ала алмағанын, оларды ақылы түрде алуға мәжбүр болғанын, соттың түпкілікті шешімі шыққанша, жан және тән азабын шеккенін көрсетіп, моральдық зиян мен сот шығындарын өндіруді сұраған.
Сырдария аудандық сотының шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, бөлімнен талап қоюшының пайдасына 350 000 теңге моральдық зиян, мемлекеттік баж және сот шығындары өндірілген.
Алайда, аудандық бөлім бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берген. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істің мән-жайын зерттеп, бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.