Қазақтың тілі десе, халқымыздың мәдениеті мен ділі, азаттығы мен кемел болашағы үшін күрескен ата-бабаларымыздың ерен еңбегі ойыма оралып, жүрегім елжірейді. Өзіңіз ойланып қараңызшы, бабаларымыздың қайсарлығы, табандылығы, қайраттылығы болмаса, біз осыншама жерді, тілімізді, дүниетанымымызды, болмысымызды, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалар ма едік?!
Иә, Тәуелсіздігімізді алған уақытта және одан кейінгі кезеңдерде де қазақ тілінің қолданылуы туралы өткір мәселелер болды. Оны жасыра алмаймыз. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп Конституцияда көрсеткенімізбен, оның қолдану аясы өте тар болғаны көз алдымыздан өтті.
Бірақ, кейіннен жағдайдың оң жаққа қарай түзелгенін көрдік. Қазіргі таңда қазақ тілі трендке айналды десек те болады. Яғни, біз дамудың бірнеше сатыларынан өте келіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтердік.
Өзім куә болған жағдайды айта кетсем, осыдан 15 жыл бұрын мен Көкшетау қаласына оқуға барғанымда, автобуста жол ақысын төлеу үшін қазақша сөйлеп қалсам, барлығы жалт қарайтын. Көрдіңіз бе, осыдан-ақ қазақ тілінің күнделікті өмірде сирек қолданылғаны көрінеді. Әрине, солтүстік өңірлерде ана тілімізді қолдану төмен болғаны барлығына белгілі. Бірақ, мен қаймағы бұзылмаған таза қазақы ортада өсіп, тәрбиеленгендіктен, қазақ тілін күнделікті өмірде сирек қолданғанды таңсық көретінмін. Осылайша, уақыт өте берді. Енді жағдайдың өзгергенін қараңыз, мен сол қалада және солтүстік өңірлерде 15 жастан 30 жасыма дейін жүріппін. Сол аралықта үлкен жаңашылдықтар орын алды. Мемлекетіміз күшейді. Талап қойыла бастады. Мемлекеттің тілдің мәртебесі артып, күнделікті қолданыста алдыңғы орынға шықты. Қазақ тілін меңгергісі келетін өзге ұлттардың саны артты. Баяғыдай жалт қарайтын көзқарастар жоғалды. Түптеп келгенде, ана тіліміз қоғамда сұранысқа айналды. Қазақ тілін меңгерген азаматтардың мүмкіндігі көбейді. Іргелі жобалар жүзеге асырылды. Ғылым, өндіріс, техника салаларында қазақша терминдер пайда бола бастады. Әрине, бұл жетістіктердің барлығы оңай келген жоқ. Мұның артында, сөзсіз, елін ойлаған ағаларымыз бен апаларымыздың өлшеусіз еңбегі жатыр.
Қоғамдағы мұндай өзгерістердің барлығы жүрегінде патриоттық сезімі бар мен үшін үлкен мақтаныш болды.
Тағы да бір мысал. Жоғары оқу орнының соңғы жылдарында белгілі себептермен орыс тобында білім алуға мәжбүр болдым. Қасымда солтүстік өңірдің тумасы, өзіміздің қара домалақ қазақ қызы бар еді. Әттеген-айы, қазақ тіліне шорқақтау болатын. Мен оған тез арада қазақ тілін үйрену керектігін жиі айтатынмын. «Ертеңгі күні мемлекеттік тілге деген талап күшейеді. Заң білімін алып жатырмыз, болашақ мемлекеттік қызметшілерміз, бізге мемлекеттік тілді де, ресми тілді де жетік білу керек деген талап қойылады» – деп қамшылайтын едім. Алайда, жас болғандықтан, ол менің сөзіме аса мән бермеді. Солай уақыт өте береді. Айтқанымдай, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейді. Қазақ тілін жетік меңгерген азаматтар ғана мемлекеттік қызметке орналаса алатын болды. Құрбым кезінде мемлекеттік тілді меңгеруге ден қоймағанына өкініп, қазір оқу курстарына жазылып, өзін шыңдауға кірісті.
Бұл мысалдармен мен не айтқым келді? Біздің мемлекетіміз күшейген сайын, талап та күшейді. Соның арқасында ана тіліміздің мәртебесі артып, қолданылу деңгейі сатылап көтерілді.
Қазір ана тіліміз қоғамның сан саласында қолданылатын әдемі тілге айналды. Әрине, әлемнің өркениетті елдерінде өз тілінің мәртебесі туралы мәселе жоқ. Тіпті, айтылмайды да. Өйткені, тіл мәселесі реттеліп, жолға қойылған. Ал, бізде мемлекеттік тілді қолдануға қатысты мәселе туындады. Оған заңдылық деп те қараған жөн болар. Өткен тарихымызды барлығымыз жақсы білеміз. Тәуелді болдық, кей жағдайларға көнуге мәжбүр болдық. Ал, қазіргі жағдайда Тәуелсіздігімізге шүкірлік етіп, даму бағыттарын күшейтуді көздеп келеміз.
Уақыт алға озған сайын заманның бізге қоятын өз талаптары болады. Бүгінде мен ана тіліміздің қолданысы артқанына қуанғаныммен, кей нәрсеге күйінішпен қарайтын тұстарым да жетерлік. Неге дейсіз ғой? Заман ағымы бізді әлеуметтік желілерді қолдануға алып келді. Қазір барлығымыздың қолымызда ұялы телефон бар, әлеуметтік желілерді қолданамыз. Желілер жағдай білудің, хат-хабар алмасудың, адамдармен араласудың жаңа тәсіліне айналды. Күнделікті өмірімізге еніп кеткені соншалықты, желілерсіз кештеріміздің сәні болмай, жаңалықтан құр қалғандай сезінеміз. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, сол әлеуметтік желілерде жазған қазақ тіліндегі жазбаларымыз қаншалықты сауатты?
Өзіміз жиі қолданатын «WhatsApp» желісін алып қарасаңыз, хат-хабар алмасу барысында сөздердің қате жазылып, қателікпен қолданылып жүргенін жиі байқаймыз. «Адамдар асығып жаза сала ма, әлде солай қалыптасып кеткен ба?!» – деп бір сәтке ойланып қаласың. «Жанм», «калаи», «неистеп» деген және осыған ұқсас небір орфография, грамматикадан мүлдем хабары жоқ, қате толып тұрған хабарламаларды көзім шалып қалады. Мен, тіпті, қате жазылған хаттарға жауап бергім келмейтіні де бар. Бүкіл әлем қолданатын танымал «Tiktok», «Instagram», «Facebook» желілерін ашып қалсаңыз, қазақша сөздердегі қателерден көз сүрінеді. Қате сөздер мен сөз тіркестері өріп жүр. Онда тұрған не бар, жәй әлеуметтік желілер ғой дейтін шығарсыз? Қазақ тіліндегі контент дамып жатыр, оның еш сөкеттігі жоқ дейтін боларсыз?
Бірақ, біз мұндай қателерге қазір тұсау салмасақ, үлкен қасіретке тап болуымыз мүмкін. Өсіп келе жатқан балаларымыз сөздердің жазылуы осылай екен деп қабылдап кетеді. Үлкендеріміз осылай жазды, дұрысы осы деген ой қалыптасады. Ақыр соңында, сөздің дұрысы мен бұрысын ажырата алмайтын ұрпақ өсе ма деп алаңдаймын. Ана тіліміз барлық қадір-қасиетінен айырылып, жұпыны күй кеше ме деген ой көңіліме маза бермейді.
Сауатты жазу деген барлығы бірдей ақын, жазушы, журналист болуы керек деген сөз емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сауатты жаза білген адамның ойы жүйелі болады. Ойы жүйелі адамның көзі ашық, көкірегі ояу болады. Ал, білімді адам қай салада жүрмесін, елімізді алға сүйрейтін үлкен қозғаушы күш. Көрдіңіз бе, сауатты жаза білудің астарында ұлттың болашағына әсер ететін үлкен құндылық жатыр. Сол себептен, менің ойымша, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ана тіліміздің сауатты қолданылуына қатаң бақылау жасауымыз қажет.
Мемлекеттік тілді мойындату, қолдану аясын кеңейту, мәртебесін нығайту сияқты өткір мәселелердің оң шешімін тауып, жолға қоя білгенімізде, енді әлеуметтік желіде қолдануды реттей алмай жатқанымызға қынжыламын.
«Мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін не істеу керек?» – деген сұрақ қойылса, мен әлеуметтік желілердегі қателерге қазірден тосқауыл жасап, сауаттылықты талап етуіміз керек деп жауап берер едім. Себебі, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, әлеуметтік желілер өмір сүру салтына және қоғамдық пікірлердің алаңына айналды. Ал, біз оны жақсы жағына қолдана біліп, әлеуметтік желілерде сауатты жазылған қазақ сөздерін трендке айналдыруды күшейтіп, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейте беруіміз қажет. Біздің бұдан ұтарымыз көп. Бірінішіден, бүкіл әлем, жасымыз да, кәріміз де әлеуметтік желілерді қолданатындықтан, оқырманы мен көрермені көп ортада ана тіліміздегі сауатты, мазмұнды, мағыналы контентті көбейтеміз. Екіншіден, қазақ тілі көркем әдебиеттерде ғана емес, қоғамдық дамудың барлық бағытына икемді заманауи тіл бола алатынын да айғақтаймыз. Бұл біздің тілімізді жұтаңдату емес, керісінше, оның өміршеңдігін дәлелдейтін, кең ауқымды, көп бағытты тіл екенін көрсететін жол деп есептеймін.
Сондықтан, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту ғана емес, оны қолдану сапасын арттыру мәселесін де көтеруіміз керек. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі сауаттылықты арттыру маңызды. Ол үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, тіл тазалығын сақтауды талап ету жеткілікті. Соның аясында әлеуметтік желілерге арналған іргелі жобаларды да жүзеге асыру қажет.
Қазірдің өзінде мемлекеттік тілімізге деген сұраныс жоғары. Әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контенттердің аудиториясы көп. Ана тіліміздегі дүниелер өтімді. Қазақ тіліндегі сөздер сәнге айналған. Желілерде түрлі ұлт өкілдерінің қазақша білуге деген құлшынысын байқаймыз. Қоғамның осындай игі өзгерістерін тиімді қолданып, құндылықтарымызды әспеттеп, замануи дүниелерді жасаушылардан қазақ тілінің сапасы мен мазмұнын талап етсек, ана тіліміздің мәртебесі асқақтай түсер еді.
Осындай ойлардың жетегінде жүргенде, ана тіліміздің болашағы туралы өлең шумақтары жүрегімнен еріксіз төгілген еді. Қозғап отырған тақырыпты өзімнің өлеңіммен аяқтағым келеді.
Байтақ жерде онсыз да аз-ақ қазақ,
Аз болған жоқ өткерген азап, мазақ.
Қиқу салып қиялдап жүрген кезде,
Жаза алмай қалдық па қазақшалап?!
Жанға батты қателер желідегі,
Көзден жасым еріксіз төгіледі.
Үлкен болып жоғалтсақ сөздің құнын,
Ұрпақ бізді қалайша кешіреді?!
Тоқтай тұршы, ойланшы, ертеңіңді.
Сәлден кейін кімдерді етем үлгі?!
Қасиетін жоғалтсам қара сөздің,
Кім біледі қай жаққа кетерімді?!
Рух бар еді елімнің жастарында,
Сол жастарды жоғалта бастадым ба?!
Рухсыздану жатқандай көрінеді,
«Tiktok» деген әлемнің астарында.
Жанды жеген ойлардың азабын-ай,
Мысқылдаған дұшпанның мазағындай.
Өз-өзіңе көмекке келсең екен,
Арда туған ардақты қазағым-ай!
Әрине, ертеңін ойлаған әр адам патриот. Мен де өз елімнің патриотымын. Тәулік сайын түрленген ғаламда ұлттық болмысымызды, тілімізді, ділімізді, құндылықтарымызды жоғалтып алмасақ екен деймін.
Өркениет биігіне ұмтылған қазақты тек ұлттық құндылықтары ғана ерекшелеп тұрады. Құндылықтардың ішінде ана тіліміз басты орында. Ал, оны жоғалтқанымыз, бүтін ұлт ретінде жоғалғанымыз деп түсінуіміз қажет. Сондықтан, ұлттық болмысымызды айқындайтын басты белгіміз – ана тіліміздің жұтаң тартып, қасиеті мен сапасынан айырылған, құнсыз тілге айналуына жол бермейік!
Нұргүл Нұрбайқызы,
Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша
Департаментінің бас маманы