«Кәрінің бары — игі» деген халық тәмсілі қазақы болмыста қарияға құрметтің өзегін баяндап тұрғандай. Ал қазір ұлттық менталитетке жат қылық танытып, ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын бозбүйрек ұрпақ көбейді. Алайда, қазыналы қарттарымызға көңіл аударып, жан-жақты көмек қолын соза алатын жақсы адамдар қоғамда баршылық.
Адамның көңілінен нәзік ешнәрсе жоқ. Бір ауыз жылы сөз, жылы ілтипат қарт адамдарға қаншалықты шексіз қуаныш әкелететінін әркім түсіне бермейді. Алайда қарттар үйіндегі апаларымыз бен аталарымызды бұл бір күндік қуаныш жұбата ала ма?
Біздің мақсатымыз — ардақты қарттарымызға төл мерекеде қуаныш сыйлап ғана қоймай, олардың денсаулығы мен алтын уақыттарын тиімді өткізуге «Мархабат» мүгедектер қорының кіші жобасының аясында орындалып отырған «Егде жастағы адамдардың психоэмоционалды жағдайын түзету үшін релаксация аймағын ұйымдастыру» жобасы аясында «Ақ босаға» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қарты бар елдің – қазынасы бар» атты шарасы өтті.
Шарада қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мақсатында арнайы жабдықталған релаксация кабинетінің таныстырылымы ұйымдастырылып, ондағы құрал-жабдықтар қарттар игілігіне берілді.
Жобаны «Ақ босаға» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тәжиева Зейнар Дастанқызы таныстырып, релаксация бұрышының психоэмоцияналды көмек көрсету бағытындағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, шараға жиналған қарттарды төл мерекесімен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Шара барысында қызмет алушылар мен қарттарға арналған арт-класс, компьютерлік сауаттылық, қолөнер бұйымдарын үйрену мен дәстүрлі садақ ату өнерінен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Қарттар балаша қуанып, бір сәт сергіп, шараға арнайы келген волонтер жастармен бірге би билеп, мәз-мейрам болысты. Сонымен қатар, тәттілер мен сусындардан дәм татып, арқа-жарқа уақыт өткізді. Шеберлік сағатында белсенділік танытқан қатысушы қарттарға арнайы марапат пен кәдесый ұсынылды. Мерекенің мұншалықты мәнді өткеніне қарттар да риза болып, өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар, шара соңында қатысушы қонақтар естелік суреттерге түсіп, дайын фотолар сыйлыққа ұсынылды.