Еңбек күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы коммуналдық мекемелерге 52 жаңа арнайы техниканың кілтін табыстады. Іс-шараға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы сала еңбеккерлерін құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын.
2013 жылғы қарашада Президентіміздің Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні болып бекітілді. Бұл – жасампаз ісімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздерге деген құрметтің белгісі. Сыр өңірі қандай жетістікке жетсе де, қандай биіктен көрінсе де, өздеріңіз секілді еңбексүйгіш азаматтарымыздың еңбегінің жемісі деуге әбден болады.
Коммуналдық сала еңбеккерлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеге сатып алынған 5 арнайы техниканы «Қызылорда су жүйесі», 23 көлікті «Жасыл Қызылорда», 24 көлікті «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне табыстаудамыз. Тұрғындардың таза, қолайлы ортада өмір сүріп, сапалы қызмет алуын жақсарту өте маңызды. Жаңа техникалар жұртшылықтың игілігі үшін қызмет етеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.