Шаһар басшысы Асылбек Шаменов ел дамуына елеулі үлес қосып, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие нәрін сіңірген ардагер-ұстаз Галина Тоқсейітованы қабылдап, мерейлі 75 жасымен құттықтады.
– «Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасатыңыз арқылы зор құрметке бөленген Сіздің жеке басыңыздың кіршіксіздігі қатар жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ бала-шағаңыз үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз» – деген қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы ардагер-ұстазға Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақы дәстүрмен сый-құрмет көрсетті. Кездесуде қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және мерейтой иесінің әріптестері, замандастары мен шәкірттері Галина Мүсілімқызының өлшеусіз еңбегі мен адамгершілік ұстанымын тілге тиек етіп, тілектерін білдірді.
«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орын ұстаздыкі» деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев айтпақшы, білім парасатымен, қадір-қасиетімен елге үлгі, шәкірт санасына шамшырақ бола білген ардақты жандардың арасында Галина Мүсілімқызы өзіндік қолтаңбасымен, бітім-болмысымен ерекшеленеді.
Қабылдауда мерейтой иесі үлкенге лайық құрмет көрсеткен қала әкіміне алғысын жеткізді.