2022-2023 оқу жылы Қызылорда облысында 15 546 оқушы 9-сыныпты және 8210 түлек 11-сыныпты аяқтауда.

Биыл қорытынды аттестациялау 9-шы сынып бітірушілер үшін 2 – 13 маусым аралығында өтеді, ал 11-сынып бітірушілер үшін 5 – 19 маусым аралығында болады.

2021-2022 оқу жылында 415 оқушы «Алтын белгі» иегері болса, 804 оқушы үздік аттестатқа ие болған. Ал биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» 537 оқушы үміткер болса, 915 түлек Үздік аттестатқа үміткер болып отыр.

Мұғалім мен мектепке сыйлық берілмейді…

Қызылорда облысында соңғы қоңырау Министрліктің ұсынысына сәйкес ағымдағы жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізілді. Айта кететін жәйт, шешімді мектептер өздері дербес қабылдады.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дипломдарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі.

Ал 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру шарасы мектеп қабырғаларында 20-22 маусымда өткізілетін болады.

Сынып сағаттары мен салтанатты жиын ұйымдастыру кезінде дипломдар мен сертификаттар салтанатты түрде табысталады. Педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, демалыс агенттіктерін, жеке студияларды тарту үшін ата-аналардан қаражат жинауға жол берілмейді.

Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады.

Бұл мақсатта облыстық білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына тыйым салу жөнінде ескертілді. Ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Білім сынағы – ҰБТ

ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Мұның ең басты артықшылығы – барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуы.

Жалпы ҰБТ өткізудің форматы өзгеріссіз. Тек «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді.

Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар саны – 20. Өткен жылы 15 сұрақ болған. Ал оқу сауаттылығы бойынша сұрақтар былтырғы жылы 20 болса, биыл 15 сұрақ.

Сонымен қатар 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді.

Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

Тестілеуде барлық тест тапсырмалар саны – 120. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты, яғни, 240 минутты құрайды. Пәндердің саны жалпы – 5. Онда 3 пән міндетті болса, 2 пән бейіндік болып есептеледі.

Қызылорда облысында 3 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы жұмыс жасауда. Олар Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде орналасқан.

Биылғы оқу жылының қорытындысымен 7 421 мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ге қатысады деп жоспарлануда.

Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарынан бітіруші түлектер ҰБТ-ны мамыр-шілде айларында тестілеу пункттері орналасқан аудандарға барып тапсырады.

Жуырда ғана бастау алған білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ-ның маңызды төртінші және бесінші кезеңіне түлектердің басым бөлігі 28 сәуір мен 14 мамырда тіркелген.

Қазақшаға көп, орысшаға аз

Қызылорда облысында жаңа 2023-2024 оқу жылында алдын ала болжам бойынша 1-ші сыныпқа 17 543 оқушы қабылданады деп күтілуде.

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап білім беру ұйымдарының 1 – сыныбына оқушыларды қабылдау жұмыстары басталды.

1 сәуір – 25 мамыр аралығында болжалды контингенттің 63,6%-ы немесе 11 325 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Олардың ішінде қазақ бөліміне 10 545 бала, орыс бөліміне 780 баланың құжаты қабылданған.

Лагерлер толық дайын…

Биыл Қызылорда облысында 10 лагерь жұмыс жасайтын болады. Оның ішінде 7 лагерь мемлекеттік, ал қалған 3 жазғы тынығу лагері жеке. Лагерлерде жалпы облыс көлемінде 7 ауысымда 8 890 бала тынығатын болады.

Қала сыртындағы жазғы тынығу лагерлерін әктеу, сырлау жұмыстары 15 мамырға дейін аяқталып, бүгінде балаларды қабылдауға толық дайын.

Сонымен қатар облыс бойынша мектептердің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылады. Онда 98 мыңға жуық оқушы қамтылатын болады.

Жазғы тынығу лагерлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен қамтылады.

Бұдан басқа 1 326 бала «Қазгермұнай», «Қазатомпром», «РЗА» ЖШС, «СКЗ-U», «Дежуба цемент заводы», «Қызылкұм» ЖШС, «Таң ЛТД» ЖСШ, «Тілеп» ЖШС басқа да жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында 2023 жылғы жаз мезгілінде«Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында облысқа 600 орынға квота бөлді. Оның 320 оқушысы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагеріне, 280 оқушысы басқармаға қарасты Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында демалады.

Ал «Жасыл ел» әлеуметтік жобасы аясында 1871 оқушы мен студенттер маусымдық жұмыспен қамтылады.

Жазғы тынығу кезеңінде оқушыларға Сыр өңірінің тарихи орындарына және еліміздің басқа қалаларына Астана қаласы, Байқоңыр ғарыш айлағы, Шымкент қаласы, Тараз қаласы, Сауран, Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлері, Қорқыт ата ескерткіш, экскурсиялар мен арнайы турлар, музейлерге 17 300 бала саяхаттайтын болады.

Барлық сыртқы және мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерьлерінің кең көлемде ашылу салтанаты 2 маусымда ұйымдастырылады.

Жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанындағы аулалық клубтар, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыру, волейбол, баскетбол, футбол, қол добы, стол теннисі, қазақша күрес, таеквондо, зияткерлік, дебаттық тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, компьютерлік сауаттылық, техникалық Робототехника 3D, өнер, тілді шеберлігін дамыту би, ән айту, домбыра, «Шебер қолдар», сурет салу, бисер, кілем тоқу бағыттарында оқушылар кең көлемде қамтылатын болады.

Облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбеттің брифингінен

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған