Қазіргі уақытта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін банкте көруге болады. Бұған себеп несие мен ипотеканың шырмауына түсіп, енді одан құтылғанша әлек болуы. Жалпы еліміздегі көптеген халық банктен несие алады. Бірақ көптеген экономист мамандар несиеден бас тарту туралы кеңес береді. Дегенмен, несие алмауға болмайтын кейбір жағдайлар болады. Мәселе, оның қандай мақсатқа байланысты алынуында. Егер де сіз бір кәсіпті дөңгелету үшін алсаңыз, онда болады.
Несие рәсімдеу үшін кез келген азамат алдымен пайыздық мөлшерлемеге назар аударатыны рас. Қай банкте пайыздық мөлшерлеме төмен, соған асығады. Алайда пайыздың өзіне бей-жай қарамаған абзал. Пайыздарды ұсынарда банктер де түрлі қитұрқы әрекеттерге барудан тайынбайды..
Несие алудың тиімді жолдарына тоқталсақ, ең алдымен, қай банктің пайызы төмен екенін зерттеу қажет. Әдетте пайыздар екіге бөлінеді: біріншісі – атаулы пайыздық мөлшерлеме, екіншісі – жылдық пайыздық мөлшерлеме. Осы тұста сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі деген ұғымға ерекше көңіл бөлу керек. Қарапайым мысал, банктер көптеген жарнамада 10-12 пайызбен несие беретінін үлкен әріптермен жазып, астына СЖТМ 27 немесе 33 пайыздан басталатынын көрсетеді. Енді мұны оқыған адам 12 пайызбен несие ала аламын деп ойлайды, бірақ оның артында 33 пайыздан басталатын мөлшерлеме тұр. Бұл пайыздық мөлшерлеме, тіпті 50 пайыздан да басталуы мүмкін. Демек, банктер әр тұтынушыға әртүрлі пайызбен несие береді деген сөз. Егер қаржылық біліміңіз болмаса, онда сізге несиені көбірек пайызбен беруге тырысады.
Мемлекетімізде бірінші деңгейдегі банк – еліміздің орталық банкі саналатын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Ал екінші деңгейлі банктер жайлы Forbes.kz порталында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, қазір 29 банк халыққа қызмет етеді. Банктер рейтінгіне үңілсек, 2017 жылы «Қазақстан Халық банкі» АҚ бастаған тізімде 32 банк болатын, ал бір жылдан кейінгі жалпы мәліметтерде 2018 жылғы қазан айындағы рейтинг тізіміннен 5 банк есімі шеттетілген, оның бірі қызметін тоқтатып, енді бірі лицензияларынан айрылған, кейбірі бірігіп, енді бірі атауын ауыстырған.
Сымбат Ерболат
Қорқыт ата Университетінің 3 курс студенті