Қазақ десе, алдымен Абайды айтатынымыз рас. Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ақын жайлы білмейтін қазақ жоқ шығар. Сонау заманнан бері қарай өмір ағымының беталысын, тіршілігінің тынысын дөп басып айтқан Абай өлеңдерінде тәрбие мол деп сеніммен айтуға болады.
Ұлы Абайды ұлықтап, ұрпақ есінде қалдыру үшін бар жерде ескерткіштер салынып, көше атаулары беріліп жатыр. Тіпті 2022 жылы елімізде Абай облысы құрылды. Қазақтың бас ақынына шет мемлекеттердің де сый-құрметі ерекше. Франция, Венгрия, Мысыр, Ресей, Өзбекстан, Иран, Әзірбайжан сынды тарихқа толы мемлекеттердің өзі Абайды ұлықтағаны біз үшін үлкен абырой.
Қызылордадағы «Мұрагер» мектебінің бет-бейнесі болып тұрған Абай ескерткіші қаламыздағы оған қойылған жалғыз ескерткіш. Абайдың сөзі мен ұрпаққа қалдырған дана ілімі мәңгі есте қалары хақ. Ешқашан ескірмейтін естелігімен есте қалған ұлы ақынға қала орталығынан бір ескерткіш орнату ешқандай айып емес деп ойлаймыз. Арнайы Абай үшін салынған қандай да бір ескерткіш артық болмайды.
Өзге елдердің ақынға деген құрметі бізді қуантары шындық, алайда өз өңіріміз Қызылордада Абайға деген құрмет қандай? Назарбаев даңғылының бойындағы Абайдың қара сөзі мен өлеңдері бар тақтаның жазулары шаршаңқы, кафельдері шытынап жатыр. Аллея маңайы жарықтанып, жазуларына өң кірсе, халыққа пайдасы да тиер еді. Жырық қабырғаға жазылған көркем сөздердің сәні қашып, шаң басып, айналасына шөп өсіп кеткен. Сыры ұшқан Абай суреттері маңайдағы жаңадан сырланған орындықтармен салыстырғанда жер мен көктей. Орындықтардың сәнін келтіріп, бояған сырлардың Ұлы ақын сөзіне жетпей қалғаны ма? Ескеретін ел болса, ескертер біздің шын жанымыз ашып, айтарымыз аллея маңайын таза ұстап, сырлап, өң кіргізу.
Қаламыздағы табиғаттың ерекшелігі әсер ететін де болар. Дегенменен жел мен күннен зардап шеккен аллеяға жетісіне, айына болмаса да, тоқсанына, жылына бір сенбілік ұйымдастырса сәні кіріп қалар ма еді.
«Абай аллеясының» өшуі де, өсуі де өз қолымызда. Өсиетін құлаққа құйып өскеніміз шындық. Олай болса, аллея маңайын өңдеуге біз және сіз болып үлес қоссақ көрген көзге көркем демалыс орны болар еді…
Мұхаммедшах Каюп
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар