Отыз жылдан астам өткізген саяси-қоғамдық өмір жолымда талай адаммен әріптес, жолдас, дос болдым. Олардың барлығы есте қалған жоқ. Тек қана бірен-саран әріптес, жолдас болған адамдармен көп жылдар бойы әртүрлі өмір, саяси-қоғамдық іс кезеңдерін бірге атқарып, дос, сырлас, майдандас серік болдым. Сондай кісілердің біреуі – кеше ғана өмірден өткен Жақсыбек Егізбайұлы еді.

Жақсыбек ағамен өткен ғасырдың 90-жылдарының басында таныстым. Сол жылдар, дәлірек айтқанда,1985 жылы Горбачевтың басқару кезіндегі жариялылық, қайта құруды бастаған кезі еді. Міне, осы кезде қазақ қоғамының санасында да саяси өзгерістер пайда болды.«Мен қазақпын» деп қорықпай айтатын жігіттер пайда болды. «Азат», «Азаттық», «Бостандық» деген сөздер жиі айтыла бастады. Соның нәтижесінде 1990 жылы 30 маусымда Сәбетқазы Ақатай, Батырхан Дәрімбет және тағы басқалар «Азат» азаматтық-саяси қозғалыс ұйымын құрды. Онымен таныстығым сол кезде басталды. Жақсыбек аға ол кезде Қызылорда пединститутының (қазір Қорқыт Ата университеті) жәй ғана қатардағы мұғалімі еді, Жалпы айтқанда «Азаттық» мүшелерінің басым көпшілігін, негізгі омыртқасын мұғалім, дәрігер, оқытушы ортасынан шыққан қазақтың интелигенттері құрады. Біздің облыстық ұйымның негізі сол пединституттың оқытушылары болатын. Атап айтсам, Әнуар Тәжібайұлы, Есіркеп Бейсембаев, Төребай Ділманов және басқа да көптеген оқытушылар біздің ұйымды алға сүйрелеген жігіттер.  Олардың көпшілігі саяси өмірдегі жолдарын аяғына дейін жеткізбесе де, олардың барлығына айтар алғысым ерекше. Жақсыбек аға осы жолдан,  саяси-қоғамдық өмірден аяғына дейін шыққан жоқ.

«Азат» ұйымы алғашқы бес жылды өте белсенді өткізді. 1995 жылы елімізде бұрынғы либералды Ата заң ауыстырылып, оның орнына авторитарлық басқару әдісіне бағытталған жаңа Конституция қабылданды. Осы кезден кейін еліміздегі «Азат» ұйымы қысымға түсіп, тұрмыстық, жұмыссыздық қиын кезге тап болып, белсенділердің әрқайсысы бас қамын іздеуге мәжбүр болды. Біздің облыстық ұйым да сол жағдайға ұшырадық. Жиналып, ақылдастық. Не істеу керек? Бізде де жабайық деген ұсыныс түсті, қарсылар да болды. Мен жеке басым бұдан былай ашық саяси күрес жолын, саяси партия құру арқылы күресті жалғастыруды қолдайтынымды айттым. Көпшілік осы ұсынысты қолдап, мен «Азат» облыстық ұйымының мөрі мен басшылығын Жақсыбек Егізбайұлына тапсырдым. Ол осы ұйым арқылы күресті, қазақтың тілі мен ұлт мәселіне басты назар аударып, жұмысын жалғастыратын болды. Осы бағыттан өмірінің соңғы күндеріне дейін таймай жұмыс істеді.

1999 жылдар шамасында «Азат» республикалық ұйымының басшылығына Хасен Қожахмет келді. Ол бұл жұмысқа қызу кірісті, «Азатты» қайта жандандырамын, тірілтемін деп жария салды. Жақсыбек аға бұл бастаманы бар ынта-жігерімен қолдады. Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ азаткерлері осы ұсынысты қолдап, бұл мақсатқа сол жылы 50 жасқа толатын Хасен Қожахметтің мерейтойын пайдалануды ұсынды. Атап айтқанда, шымкенттік Ахмет Сейсенбай бұл шараны Шымкентте өткізейік деп, Хасен Қожахметке «Ұлт Қаһарманы» деген атақ беру жөнінде ұран көтеріп, пиар-акциялар жүргізді. Бастаманы айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова және бірнеше алматылық ақын, жазушылар қолдады. 1999 жылдың тамыз айында Жақсыбек аға екеуміз Шымкентке аттандық, Хасенге арнаған сый-құрмет, марапаттарымыз бар. Қаланың үлкен бір орталық ғимаратының залында Хасеннің 50 жылдығына арналған кеш өтті, адамдар көп жиналды. Алматыдан Қадыр Мырза Әлі келді, қасында Берік Шаханов деген ақын бар. Бұл іс-шара біткен соң, жоғарыда аталған ақындар және біз, Жақсыбек бәріміз Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауданында 2-3 кездесулер өткізіп, елді араладық. Айтпақшы, қасымызда сол аудан әкімінің бір орынбасары еріп жүрді. Бірақ, кейін білдім, билік біздің алдымызды орап кетіпті. Осы іс-шарадан кейін Хасен Қожахметті Алматыдағы Ықлас атындағы қазақтың Ұлт-аспаптар музейінің дирек­торы етіп тағайындады. Мінеки, олардың бізді алдап түсіргенін сонда ғана білдік. Әрине, біз бұл жерде Хасенді кінәлап отырған жоқпыз. Саясатта жүргендер кейде осындай қателіктер жасайтын. Жақсыбек ағаның саясат жолында осындай талай бұрылыстарды бастан кешіргенін айтып отырғаным ғой. Бірақ ол бұрынғы істі  жалғастыра берді, ғылыми зерделеу, оқытушылық, насихат, саяси ағарту, тіл, ұлт мәселесін, саяси-қоғамдық процестерді қатар жүргізе берді. Қол үзбеді, сайлау болса, бос қалған депутаттық орындарға таласып жүріп, ақыр соңында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттығына қол жеткізді. Қолынан келгенше депутаттық міндетті белсенді атқарды деп ойлаймын.

2011 жылы еліміз суперпрезиденттік авторитарлық басқару жолына түсті. Оппозициялық саяси идеалогиялар мен күштер күштеп тарқатылып, олардың басшылары сотталып, енді бірі түрмеге жабылды, атылды, шетелге қуғындалды. Міне, осы кезде белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім «Ұлт тағдыры» деген қоғам­дық бірлестік ашатынын хабарлап, оның облыстық басшылығына Жақсыбек Егізбайұлын шақырды. Ол оған белсене кірісті, себебі бұл бірлестік тек қана тіл, ұлт мәселесімен айналысады, басқа саяси радикалды әдістерден аулақ боламыз деп келіскен. Сонымен бірге Д.Көшім қаржы тауып, бұл ұйымның өз офис қаражаты, офистік техникасы болады деген еді. Жәкең бұл іске қызу кірісіп, ұйымды құрып, юстиция бөліміне тіркеуге берген еді. Заң бойынша бұл ұйым республикалық мәртебе алу үшін кем дегенде 9 облыстық ұйым тіркелуі тиіс болатын. Бірақ, қандай себептен болғанын білмеймін, құжаттарын юстиция тіркемеді, бірақ Жақсыбек аға ұйым тіркелмесе де оны басқарып, жұмыс істей берді. Сол кездері онымен кездес­кенімде Дос інісіне реніштерін жасыр­май айтқан еді. Осылай жалғаса берді, 2019 жылы күтпеген жерден Назарбаев билікті Тоқаевқа тапсырып, аяқ астынан президенттік сайлау өткізетін болды. Міне, осы жерде оны ашуландырған тағы бір жағдай алды. Осы кезге дейін тіркелмей жүрген «Ұлт тағдырының» Қызылорда облыстық ұйымын биліктегілер дереу тіркеп, Жақсыбек ағаны ескертпей оның басшылығына басқа адамды сайлай салды. Ол білмеген жағдайда «Ұлт тағдыры» президентікке үміткер етіп Ә.Қосанов­ты ұсынды. Ол осылай тағы бір рет саясаттан опық жеген еді.

Бірақ, ол мойыған жоқ, бұрынғы тіл, ұлт мәселелеріне араласып, жұмысын жалғас­тыра берді. Өмірінің соңғы күн­деріне дейін Қызылорда облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі, «Тіл сақшысы» газетінің редакциялық алқа мүшелігін атқарды. Саяси-қоғамдық өмірде саналуан пікір, көзқарастары тоғысып, қарама-қайшылық жиі болады. Онымен саяси пікірталастар кезінде ерекше қарама-қайшы көзқарастар болмағанын айтқым келеді. Ол менің пікіріме ерекше құлақ түретін. Бірақ, бір жағдайда, осыдан үш жыл бұрын бір рет көзқарастарымыз келіспей қалғанын айта кетейін. Оның 80 жылдық мерейтойының алдында бір үлкен жиында екеуміз әжептәуір сөзге келіп қалдық, мен ашуланып оның 80 жылдық мерейтойына бармадым. Бірақ, бір апта өткен жоқ, ол телефон соғып тұр: «Әй, Сағат, екеуміз бір жерден шәй ішейік» дейді. Сөйтсем, бір жерден дастархан дайындап қойыпты. Әй, Жәкем-ай, «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» деген осы екен ғой. Ақжүрек, жайсаң аға екеніңді осылай көрсеттің емес пе?..

Осы орайда мынандай әңгіме бар екен. Егер, ескі дос ұрысып, қатынастары үзілсе, олардың қайсысы бірінші болып достық қолын ұсынса, сол адам бірінші жұмаққа барады екен. Жұмақтың төрінде бол, Жәке!

САҒАТ ЖҮСІП

белгілі саясаткер

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған