Соңғы жылдары Қызылорда халқы кейбір ақылы қызметтерге күмәнмен қарап жүр. Әсіресе көпшілік орындарда, науқан кезінде жол бойына шлагбаум қойып, ақылы қызмет жасап тұрғандардың әрекеті заңсыз деп есептейді.

Негізінен бірнеше жыл бойына Арал ауданына қарасты Қамбаш көліне кіру ақылы болғаны жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызып келеді. Халықтың пікіріне сүйенсек, жасөспірімдер көлге барар жолды шлагбауммен жауып, көлге түсу құнын 500 теңгеге бағалап, кіру ақысын қолма қол немесе Каспий қосымшасы арқылы төлеуді талап етеді. Бірақ ешқандай чек берілмейді. Бұл жайында жазылып та, әлеуметтік желіге жарияланып та жүр.

Жергілікті жұртшылықтың жаппай наразылығынан кейін бірнеше мәрте ақылы қызмет тоқтатылып, жол ашылғанымен, араға уақыт салып, қайтадан бәзбаяғы қалпына түсіп отыр. Биылғы суға шомылу науқаны қарсаңында да жергілікті әкімдік тарапынан көлдегі ақылы қызмет тоқтатылғаны мәлімделгенімен, жаздың бел ортасында қайтадан шлагбаум орнатылып, көлге түсушілерге ақылы қызмет көрсетіліп жатқаны белгілі болды.

Қазіргі таңда заңсыздықты ауыздықтауға жергілікті әкімдіктің қауқарсыздық танытып отырғаны көпшілікті күмәнді ойларға жетелейді.

Көлден көлденең табыс табудың артында кімнің тұрғаны беймәлім. Ал құзырлы орындар тарапынан бұл келеңсіздікті реттеуге асықпай отырғаны қынжылтады.

Жуырда әлеуметтік желіде тағы бір шу шықты. Бұл жолы Қазалы ауданы әкімдігіне қарасты Сырдария өзенінің үстінен өтетін Қарлан көпірі ақылы негізде қызмет көрсетіп тұрғаны мәлім болды.Негізінен бұл көпір арқылы дария бойымен 89 ауылға қатынас орнатылған. Алайда, ақылы қызметке көпшіліктің күмәні басым. Халық мұны заңға қайшы деп наразылығын білдіріп, жәрдем сұрауда.

Тұрғылықты халықтың айтуынша, заңға сәйкес жергілікті әкімдік ауылішілік жолдарды қамтамасыз етуге міндетті. Дейтұрғанмен, жол сапасы нормативке сәйкес болған жағдайда ғана «Қазавтожол» мекемесі тарапынан белгіленген тариф негізінде ақы алынуы тиіс деп есептейді. Алайда, бүгінгі қалқымалы көпірдің сапасы бұл талапқа сай келмейді деп санайды. Сондай-ақ, жолдың ақылы екенін ескертетін арнайы белгі де қойылмаған. Қазіргі уақытта көпірден өту үшін «Каспий» нөміріне 200 теңге қаражат аудару, әрі, чек ұсынбауы түрлі күдікке жетелеп отырғанын айтады. Ал ақшасын төлемегендердің өз ауылына жетуі мұңға айналған.

Осы мәселе төңірегінде Қазалы ауданы әкімдігімен байланысып, мәнжайды сұрадық. Бұл мәселеге орай аудан әкімдігінің өз айтары бар екен.

-«Қарлан учаскесіндегі қалқымалы көпір жеке кәсіпкер С.Өтегеновке «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес, 2022 жылдың 8 сәуірдегі №26 келісім шартпен сенімгерлік басқаруға 3 жыл мерзімге берілген. Бұл нысан жұмысында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мақсатында кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу бойынша іс-әрекеттер жүзеге асырылатындықтан көпірден өту ақысы болжамды шығындар негізінде әзірленген. Атап айтқанда, қалқымалы көпірді күтіп ұстау, жұмысшылардың жалақысы, күз және қыс мезігілінде сең жүру кезінде пайдаланылатын техникалар, оларға қажетті жанар-жағар май мен құрылғылардың барлығын жұмылдыру осы мекеменің өз қаражаты есебінен жүргізіліп келеді. Сондықтан, көрсетілген жұмыстардың шығынын өтеу мақсатында, кәсіпкер тарапынан көпір өткелінен өткен әрбір автокөлік түріне байланысты ақы төлеу белгіленген нормаларға сәйкес бекітілген. Қазіргі таңда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Қарлан көпірі жанынан темірбетонды көпір құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер «СтандартОйлКЗО» темір бетонды көпірді 2024 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр», деп мәлімдеді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы осы бір Қарлан көпірінің сапасы көп жылдан бері көпшіліктің наразылығын туғызып тұр. Қалқымалы көпір 2019 жылы қайта жаңғыртудан өткізілгенімен жаңа заманауи көпір салу мәселесі өзектілігін жойған жоқ.

Бірнеше жыл бойына сөз күйінде қалып келген дария үстінен заманауи бетон көпір салу ісі тек 2021 жылы нақты қолға алынған еді. Сол уақытта құрылыс 2022 жылы толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетіні айтылды. Бұл жағымды жаңалық көпшілікті зор қуанышқа бөлеген болатын.

Алайда, халықтың сенімі ақталмады. Әлі күнге дейін көпірді салуды қолға алған мердігер компания «СтандартОйлКзо» тарапынан құрылыс жұмыстары созбалаңға салынып келе жатыр. Соның салдарынан дарияның арғы бетіне қоныстанған «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Кәукей», «Бозкөл» секілді ауыл халқының үміті үзіле бастаған.

Ал аудан әкімдігінен осы мәселе төңірегінде сұрағанымызда тиісті жұмыстар жалғасын тауып жатқанын жеткізді.

-«Қазалы ауданындағы Қарлан учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы келісімшарт бойынша құны 4 257,8 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жарияланды. Соның негізінле құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге «СтандартОйлКзо» ЖШС, техникалық қадағалаушысы «Аймереке» ЖШС және авторлық қадағалаушысы «КазахскийПромтранспроект» ЖШС болып танылды. Жалпы 2022 жылы жобаны бастауға 1000,0 млн. теңге бөлініп, оның 765,3 млн. теңгесі немесе 76,5 пайызға игерілді.

Алайда ауа-райының күрт суытуына орай 234,0 млн. теңгесі облыстық бюджетке кері қайтарылды. Ал 2023 жылға бюджеттен барлығы 2 813,9 млн. тг. бөлініп, 464,0 млн. теңге аванс төлем жүргізілді. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр», деп түсіндірді әкімдік тарапынан.

Құзырлы орынның мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда мердігер мекеменің күшімен 60 свайға бұрғылап бетондау, 3ростверг, 1ледорез, 2ригель, 2тіреу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар көпірге жанасатын кірме жолдарына топырақпен көтеру жұмыстары жүргізілген.

Қызылорда облысы әкімдігі мен Қазалы ауданы әкімі тарапынан көпір құрылысының созбалаңға салынуына орай арнайы жиындар өткізіліп, жеделдету қажеттілігі айтылуда. Бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ.

Бүгінде дария бойын қоныстанған бұқара 2024 жылға үмітпен қарайды. Өйткені жергілікті әкімдік келер жылы көпір толықтай аяқталатынын айтып, жұртшылықты сендіріп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған