13 қыркүйек 2022 Қызылорда өңірі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойын­ша алдыңғы қатарда.

Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылдың қаңтар-тамыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Отырысқа бірқатар министрлер мен онлайн режимде барлық өңірдің әкімдері қатысты. Екі мәселе бойынша министрлер баяндама жасады.

Селекторлық жиында Экономика министрі Әлібек Қуантыров Қызылорда облысының негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсімі 18,3% құрап, республика бойынша алдыңғы қатарда екенін жеткізді.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдерімен өткізген жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалғанымен, бірқатар көрсеткіштерді көтеруде қала, аудан әкімдеріне жұмысты үйлестіру қажет деді.

– Аймақта өңдеу өнеркәсібінде 6,2 пайыздық өсім қалыптасты. Әсіресе, Жалағаш пен Арал, Сырдария аудандарында елеулі өсім бар. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібі бойынша Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданына жұмысты жандандыру қажет. Құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру бағытында Қызылорда қаласындағы көрсеткішті әлі де көтеру керек. Асылбек Өмірбекұлы, қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқанын білемін, бірақ мерзімінде түгендеу жұмыстары жүргізілмей, базаға енгізілмей қалғандықтан статистика басқаша. Жұмысты ретке келтіру қажет.

Барлық аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне экономикалық өсімді ай сайын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау міндеттеледі, – деді Н.Нәлібаев.

11 қазан 2022. Қызылорда өңірі инвестиция тарту көрсеткіші бойынша рес­публикада бірінші орында.

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы мәселесі қаралды. Жиынға тиісті сала басшылары мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрағанын баяндады.

Министр өз баяндамасында Қызылорда облысы негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша жоғары өсім көрсеткенін атап өтті. Есепті кезеңде инвестиция тарту көлемі 24%- ға жоғарылаған өңіріміз республика бойынша көш басында.

«Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында байқалуда», – деді Әлібек Қуаңтыров.

Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, аймақта мұнай өндірісі азаю салдарынан төмендеген өнеркәсіп саласынан бөлек макроэкономикалық бойынша өсім қалыптасқанын атап өтті.

11 қаңтар 2023 Қызылорда өңірі негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша рес­публикада І орында.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндалды.

Отырысқа министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысып, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қызылорда өңірі негізгі капиталға салынған инвестиция қарқыны бойынша республикада І орында екенін атап өтті. Ведомство басшысы басқа да салалар бойынша Сыр өңірі алдыңғы көрсеткіштерге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Мұнан бөлек, жиында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр алдағы егін егу маусымы қарсаңында жанар-жағармай тапшылығын тудырмас үшін ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін дизель отынымен қазірден бастап қамтамасыз етуді ұсынды.

Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында және бөлінген қаражатты уақытылы әрі мақсатқа сай игеру бойынша қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Өткен жылды жақсы нәтижелермен қорытындыладық, аймағымыз әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша республикада алдыңғы қатарда. Биыл да жұмыс қарқынын төмендетпей, межелі міндеттерді уақытылы орындау керек. Әсіресе, инвестиция тарту көлемін одан әрі ұлғайтып, жаңа жобаларды ұсыну қажет. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына және қала, аудан әкімдеріне «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп облыстағы әрбір өнеркәсіп нысаны бойынша егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесімен облыстың өнеркәсіп өндірісін, өңдеу өнеркәсібін оң тенденциясын қамтамасыз етудің нақты ұсыныстарын енгізуді тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

17 қаңтар 2023 Трансферттерді игеру: Қызылорда өңірі үздік атанды.

Әкімдіктердің мақсатты трансферттерді игеру рейтингі шықты. 2022 жылы қай әкімдік қандай нәтиже көрсетті?

ҚР қалалары мен облыстарының әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар қолдау және даму бағдарламаларын іске асыруға республикалық бюджеттен тұрақты түрде нысаналы трансферттер бөлінеді. Дағдарыс кезінде бұл мақсатты трансферттер өте маңызды. Алайда, ресми статистика көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар берілген қаражатты толық игермеген.

Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында еліміздің қалалары мен облыстарының әкімдіктеріне 2,9 триллион теңге мақсатты трансферттер бөлініп, барлық қаражаттың 92,5 па-йызы ғана орындалды. Орындалмаған сома 220,6 миллиард теңгені құрады, бұл – қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған айтарлықтай қомақты қаржы. Оның 15,8 миллиард теңгесі ғана үнемделген қаржы болса, 204,8 миллиард теңге – игерілмей қалған сома. Бұл қаражат қалалар мен облыстарға пайдасын тигізуі мүмкін еді.

Пайыздық көрсеткішке қарағанда, республика өңірлері арасында мақсатты трансферттерді игеру бойынша көшбасшылар Қызылорда және Қостанай облыстары болды: тиісінше 99,2 және 99 пайыз. Үздік үштікке республикалық маңызы бар Шымкент қаласы да енді, орындалуы – 98,6%.

08 ақпан 2023 Байқоңыр қаласын дамыту мәсе­лелері талқыланды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті.

«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының бірлескен іс-қимылдарының арқасында «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселелері тиімді түрде шешімін табуда. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің белсенді ықпалдастығымен Байқоңыр қаласында 2022 жылы республикалық референдум және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 19 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлауы өтеді. Бұл науқан да тиісті деңгейде өтетініне сенімдімін», – деді аймақ басшысы.

Жиында тараптар арасындағы ортақ жоспарлар сөз болып, оның ішінде Байқоңырдағы жылу электр станциясын газға қосу арқылы тұрғындарға төлем құнын төмендету мәселесі талқыланды.

Қазіргі таңда Байқоңырда 5 тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Байқоңыр халқының тұрмыс-тіршілігі, жалпы Бай[1]қоңыр кешенінің жағдайы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Сондықтан қаланың әлеуетін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жобалар жүзеге асрылатын болады.

Аймақ басшысы Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін модернизациялау бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін биылғы жылы республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, қалада қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайтын балабақша ашу жоспарымен бөлісті.

Бұдан бөлек, облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысымен бекітілген «2022-2025 жылдарға арналған Байқоңыр қаласы жастарын қолдау» жөніндегі кешенді жоспарының жүзеге асып жатқандығын айтып, алдағы уақытта да бірлескен жобалардың нәтижелі орындалатынына сенім білдірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған