Қызылорда облысына Нұрлыбек Нәлібаев әкім болып келгелі 2 жыл 6 ай, яғни 870 күн болыпты. Аз ба, көп пе? Уақыт өлшеміне салсақ, көп емес. Алайда осы уақыт ішіндегі атқарылған істермен өлшер болсақ, аз емес…
Әңгіме басын баспанадан бастар болсақ қазанда берілген 10 үйдегі 470 пәтерді айтпағанда биылғы Конституция күні қарсаңында қаладағы Жаппасбай батыр көшесі бойынан әлеуметтік осал топтағыларға бюджет есебінен сатып алынған 150 пәтердің кілтін табыстау сәтінде сөйлеген облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өз сөзімен айтар болсақ: “Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілген. Биылғы жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлаған».
Енді кейін шегінсек, 27 тамыздан тура бір ай бұрын да, яғни 25 шілдеде дарияның сол жағалауынан 150 пәтер берілген. 25 шілдеден бір ай бұрын, яғни мамырдың 27-інде де Тасбөгет кентінде бой көтерген екі көпқабатты үйден 150 отбасына пәтер берілген. Тізбектей қарап отырсақ биылғы жылы қызылордалықтарға әр ай сайын баспаналы болу бақыты бұйырып отыр екен. Сәуірдің сегізінде де Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден тағы да 150 отбасы пәтерлі болған.
Наурызда да құр алақан емеспіз. Үлкен мереке қарсаңында қаладағы Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 пәтер берілген. Пәтер саны аз көрінгенімен, Амал мерекесі – 14 наурызда Тасбөгет кентінде тағы 134 отбасы баспаналы болған. Қаңтардың тоғызында Тасбөгетте 53 отбасы үйлі болған жыл басы жақсылықпен басталып, әр ай сайын баспана беріліп тұрғанына қарағанда бұл орайда әкімнің әр айға бағдарлаған халықты қуанту, отбасыларына шаттық сыйлау арқылы ел еңсесін көтеру ұстанымы байқалады. “Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынып, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілген екен. Биыл да мемлекеттік бюджеттен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй құрылысы салынуда. Оның 16-сы жеті қабатты болады екен».
Осыдан тура бір жыл бұрын, қыркүйектің 29-ында облыс орталығынан “Анаға тағзым” орталығы ашылды. Орталықтың құрылысы бітіп, пайдалануға берілгенінен бір бөлек, оның кәсіпкердің демеушілігімен салынғаны бар жұртты таңырқатты. Шынын айту керек, қандай да болмасын қалталы азаматтың қалтасынан қаржы шығарып, анау-мынау емес 1,7 млрд. теңге ақшаға орталық салып беруі бұрын ойға келмеген екен. Басы “Анаға тағзымнан” басталған жергілікті кәсіп иелерінің туған жерге тағзым етуі жалғасын тауып, қызылордалықтар біраз ғимаратты болып қалары сөзсіз. Олардың қатарында күні кеше ашылған “ҚазГермұнайдың” “Оқушылар сарайы” да бар.
Саутсойлдың “Музыкалық колледжі” де қызылордалықтардың талай жылғы арманының іске асқаны болып тұр.
Бір қызығы қызылордалықтар армандай алмаған 1000 адамдық “Өнер орталығының” іргетасы 2022-ші жылдың қыркүйегінде қалан[1]ды. Іргетасы қалану рәсімінде “құны 3,7 млрд. теңге болатын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық, ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы іс-шаралар өтетін болады” деген әкім сөзіне сенгендерден сенбегендердің көп болғаны рас. Алайда, биылғы жылдың наурызында, яғни біржарым жылда “Өнер орталығының” құрылысы бітіп, ашылу рәсімі болғанда әкім сөзінің шындыққа айналғанының куәсі болдық.
Облыс орталығында аймағымыздағы 141 мыңнан аса отбасына, оның ішінде 48 мыңнан астам көпбалалы аналарға үлкен сый болған “Неке сарайы”, “Отбасы орталығы”, сол жағалаудағы “Автовокзал”, “Қан орталығы” қысқа уақытта іске асқан, халық көз жеткізген шындықтың жалғасы.
Жоғарыда айтып өткендей Н.Нәлібаев әкім болып келгелі бергі біршама уақытта бірталай іс болды. Соған шамалы шолу жасадық.
Бұл жолғы айқара бетке бәрі бірдей сыймады. Келесіге жалғастырмақ жоспарымыз бар… Айтпақшы деректер мен дәйектер ресми ақпарат көздерінен алынды.