2025 жылы АЕК мөлшері 3692 теңгеден 3932 теңгеге артады
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3932 теңгені құрайды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың да мөлшері артады.
Жеке куәліксіз жүруге болмайдЫ
Бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға 7 АЕК, яғни 27 524 теңге, ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса 13 АЕК, яғни 51 116 теңге айыппұл төленеді.
Тыныштықты бұзуға тиым бар
Заң бойынша сағат кешкі 22.00- ден таңғы 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға 19 660 теңге, яғни 5 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге, яғни 10 АЕК айыппұл салынады.
Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы 20-дан 150 АЕК дейін, яғни 78 640 – 589 800 теңгеге дейін.
Қоғамдық орындар ішімдік ішуге болмайды
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен, немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК, яғни 19 660 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған жеткіншектің ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерiнде айыппұл салынады, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа қамалады.
18 жасқа толғандар жүруге болады
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз кешкі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК, яғни 11 796 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге, яғни 7 АЕК айыппұл салынады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде, яғни 39 320 және 393 200 теңге айыппұл көзделген.
Жолақы төлемегендерге айыппұл бар
Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақы төлемегендерге 7 864 теңге, яғни 2 АЕК айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін, шопырға 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл көзделген.
Ортақ орындарды ластама
Қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге айыппұл төлейді.
Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп естептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге, яғни 10 АЕК айыппұл көзделген.
Тыйым салынған орындарда темекі шегуге болмайды
Тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге, яғни 15 АЕК айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса айыппұлдың көлемі 20 АЕК-ге, яғни 78 640 теңгеге дейін өседі. Ал ұшақта темекі шеккені үшін 50 АЕК, яғни 196 600 теңге төлеуге тура келеді. Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған. Темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады.
Көлік салонында кәмелет жасқа толмаған балалар отырғанда темекі шеккені үшін 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынады. Осы заңсыз әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері екі есеге, яғни 78 640 теңгеге артады.
Кесіп өтсең айыппұл арқалайсың
Жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға 2 АЕК, яғни 7864 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет қайталанса немесе бұдан біреу зардап шексе 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
Пәтер өзімдікі деме…
Пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК, яғни 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер қайта жоспарлау үйдің берiктiгi мен орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқса 314 560 теңге, яғни, 80 АЕК төлеуге тура келеді.
Тал жұлу – 78649 теңге
Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желекті жою және бүлдіру бұзушылығы үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК, яғни 78 649 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл iшiнде қайталанса айыппұл сомасы 30 АЕК, яғни 117 960 теңге. Ортақ пайдаланатын аумақта шлагбаум, автотұрақ кедергілері мен үй жиегіндегі учаскелерді басып алу секілді бұзушылықтар кіреді.
Басқа пәле тілден…
Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер 20 АЕК мөлшерiнде, яғни 78 649 теңге айыппұл салуға не бестен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Құқық бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса 15 тәуліктен 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады.
Түкіру тегін емес…
Қоғамдық орында түкіргені үшін сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады.
Жылдамдықты 60-тан асырма…
Әкімшілік кодекстің 592-бабына өзгеріс еніп, «3-1» тармағы қосылды және 4 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Белгіленген шектен 60 км/сағ және одан жоғары жылдамдықпен жүрген жүргізуші 40 АЕК, яғни 2024 жылы 147 680 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
Тас жолдарындағы камералар көліктің орташа жылдамдығын да есептей бастады. Орташа жылдамдықты түзу учаскедегі камералар тіркейді және қашықтықты еңсерген уақытқа бөледі. Айыппұл мөлшері жылдамдықты қаншалықты асырғанына байланысты 5-40 АЕК арасында болады.
«Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқ және ешқашан жүргізуші куәлігін алмаған тұлға көлікті мас күйінде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде) басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылса, 7 жыл жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға жіберілмейді», – делінген басылымның хабарламасында.
Көлік айдай білу де бір өнер…
Қазір мопед жылдамдығы сағатына 10-нан 20 км-ге дейін асса 5 АЕК, яғни жүргізуші 18 460 теңге айыппұл төлейді, ал 1 қаңтардан бастап мемлекетке 19 660 теңге берешек болады. Бұл қауіпсіздік белдігін тақпаған, шлем кимеген не аялдау және тоқтау ережесін бұзған жүргізушілерге де қатысты.
Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендер 10 АЕК, яғни қазір 36 920 теңге айыппұл арқаласа, келер жылы 39 320 теңге санап беруге мәжбүр болады. Көлік жылдамдығы сағатына 20-дан 40 км-ге де асса, мүгедектерге арналған орынға көлік қойса және зебрада жаяу жүргіншіні өткізбесе, дәл осындай жазаға тартылады.
Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік тізгіндеп жүріп ұсталған не апатқа қатысып, ол жерден қашып кеткен азамат 184 600 теңге, яғни 50 АЕК орнына 196 600 теңге береді.
Утиль алымы қанша болады?
Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ден аспайтын жеңіл автомобиль үшін 294 900 теңге беру қажет. Ал мотор көлемі 2000 текше см-ден жоғары көлік үшін 688 100 теңге, 3000 текше см-ге жетпесе, 983 мың беруге тура келеді. Ал мотор көлемі үш литрден асатын машина алғандар ел қазынасына 2 260 900 теңге құяды. Бұл алым елге электромобиль кіргізгенде ғана сұралмайды.
Автомобильді есепке қою құны қанша?
Автомобильді бірінші рет тіркегенде сұралатын сома 0.25 АЕК, яғни 923 теңгеден 983 теңге болып ауысады. Шыққанына 3 жылдан аспаған машина алған тұлға 196 600 теңге, яғни 50 АЕК санап береді. Ал 3 жыл бұрын және одан ерте шыққан көлікті бірінші рет тіркеу үшін қалтада 1 966 000 теңге болуы керек.