Бір жылды артқа тастадық… Әдеттегідей жақсылықтарымыз да көп, сондай-ақ жанға жақпайтын жамандықтар да жетерлік. Жаһандық деңгейде де, аймақ шеңберінде де, отбасы төңірегінде де…
Қалай болғанда да келер жылдан үміт көп. Өзімізден бұрынғылар айтып кеткендей “Үмітсіз – шайтан”
Есімі елге белгілі маман, нумеролог Бақыт Құралайқызы келер жылға болжам жасапты.
Оның айтуынша, 2024 жылдың саны – 8. Ал бұл мақсатқа, мансапқа жетуге көмектесетін цифр. Сондықтан ұлу жылын бизнес бастап, ақшалы болуға жол ашатын жыл деп атауға болады.
Жасыл ұлу жылының стихиясы – ағаш.
Соңғы кездері уақыт жылдам өтіп жатыр, зулап барады. Бірақ 2024 жылы уақыт керісінше баяулайды. Өйткені ағаш өзі баяу өседі, ұлу да ақырын қозғалады. Жылдың ұраны – асықпай, аңдап басу. Кім асығады, сол қателеседі. Сол себепті әр қадамын ойластырып, жоспар құрып, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халық даналығын басшылыққа алатын адамдардың жолы болады. Тәуекелді жаны сүйетін, жоспарларын үнемі ауыстыра беретін жандарға қиын болуы мүмкін.
2024 жыл – көгалдандыру жылы. Алдағы жылы қоршаған ортаны қорғап, табиғатты аялап, баса мән беріп, көгалдандырып, гүлдендіретін жыл.
Бұдан бөлек бұл карма және гравитация саны. Карманың жағымды тұсы – осы күнге дейін тер төгіп, еңбектенген адамдар жұмысының жемісін көреді. Ал кемшін тұсы ата текпен байланысты болуы мүмкін. Кейде адам өміріндегі көп дүние цикл бойынша қайталанады, соған мән беру қажет.
Баяу жылдың кемшіліктері де бар. Табиғаттағы бес стихия өзін көрсетуі мүмкін. Қыс жылы өтіп, ақпан-наурыз айларында су тасу қаупі бар. Гравитация жылы болғандықтан, жер сілкінісі, немесе ұшақ апаты, яғни төтенше жағдайлар қаупі артады. Сол себепті осыларға күні бұрын мән беріп, алдын алу маңызды.
Сонымен қатар 2024 жылы әлемде жасанды интеллектінің дамуы қарқын алады деп күтілуде.
2024 жыл – қарызға өмір сүріп жүрген жандардың қаржылық сауаты ашылатын жыл.
Сегіз саны материалдық дүниелерді білдіреді. Яғни адамдар рухани баюдан гөрі тұрмысын жақсартуға, кредиттерін жауып, депозит ашуға, кәсіп бастауға мән береді. Көбінің зейіні соған ауады. Мысалы, өткен жыл махаббат, отбасылық бақыт, шаңырақ көтеру жылы болса, 2024 жыл ақша, мансап, бизнес жылы. Қазақтардың материалдық жағдайы, қаржылық сауаты артады, несиесі азаяды деп болжап отырмын. Әр қазақстандық кәсіпкер болуға ұмтылатын жыл.
Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ұлу жылының да «минус» жақтары бар.
Бір жағынан халықтың қаржылық сауаттылығы артып, кәсіп ашатындар көбейеді десек, екінші жағынан салықшылар тарапынан жеке кәсіпкерлікке бақылау, қысым күшейгелі тұр. Тарихқа үңілсек, бұрын да ұлу жылы осындай қыспақ болған екен. Мәселен, сонау 1928 жылғы кәмпеске. Енді келесі жылы кармалық сегіз саны болғандықтан, артықшылықтары – елде сауда-саттық өсіп, экономика дамиды. Үкімет те бұған жағдай жасап отыр, Қытаймен визасыз режим орнатты. Ал екінші жағынан әділеттілік болу үшін салық бақылауын қатаңдатады, сөйтіп, керісінше, халықтың мүмкіндігін шектейді. Сондықтан кейбір адамдар бизнес жүргізуден қорқып, қолды бір сілтеуі мүмкін. Бірақ ұлу жылы керісінше батыл қадамға барған жөн. Үкімет те соған мүмкіндік берсе құба-құп.
Сондай-ақ ұлу жылы кім Шығысқа жылжиды, сол адам ұтады.
Яғни Қытай, Малайзия, көршілес шығыс елдерімен көбірек алыс-беріс жасассақ, еліміз дамиды. Бұл жыл шығыс елдеріне барып, сауда-саттық, экспорт-импорт жағын дамытуға қолайлы жыл. Өнеркәсіп, зауыт-фабрика, жаңа жұмыс орындары көптеп салынады деп ойлаймын.
Дүниеге келген жылы «4-ке» аяқталатын, мысалы 1964, 1974, 1984, 1994, 2004 жылдары туған адамдар үшін ұлу жылы жайлы, жеңіл өтеді, көптеген мүмкіндікке жол ашылады, энергия артады.
Ал туған жылы «0» мен «1» аяқталатын, мысалы 1990, 1991, 2000, 2001 жылғы адамдар үшін 2024 жыл баю жылы. Кейбіреулері баспаналы болады, кәсіп ашады, қызметі өсіп, жалақысы көтерілуі мүмкін.
Сондай-ақ туған жылы «5», «6», «7» сандарына бітетін, мысалы 1985, 1986, 1987 жылғы азаматтар үшін келесі жыл өте ресурсты болады. Яғни олар білім алады, жан-жақты дамиды, денсаулығы жақсарады.
2024 жылы әлемдегі текетірес әлі де сақталады. Жылдың матрицасында 4 саны тұрғандықтан, аздаған агрессия болады. Бірақ 2025 жылға қарай геосаяси шиелініс бәсеңдейді.
2024 жылдың бірінші жартысында елдер арасындағы қақтығыс әлі де сақталады. Ал екінші жартыжылдықта, яғни 2025 жылға жақындағанда жағдай тұрақталып, тынышталады. Сондықтан келесі жылды екіге бөліп қарастыруға болады.