Сыр өңірінде жылу электр орталығының тозығы жетіп тұрғаны баршаға аян. Ескі орталықтың орнына жаңадан ЖЭО құрылысы бастау алғаны да белгілі. Дейтұрғанмен, қыс мезгілі жақындаған сайын «тоңып қалмаймыз ба?» деген өңір жұртының қорқынышы сейілер емес.

Жуырда Қызылорда облысы әкімдігіндегі өңірлік коммуникациялар қызметінде осы мәселеге орай арнайы брифингте ұйымдастырылды. Сала мамандары жылу маусымына дайындық барысы жайында ақпараттармен бөлісті. 

Мәліметке сәйкес, Қызылорда қаласына жылу 13 қазаннан бастап берілсе, облысқа қарасты аудандарда 13-16 қазан аралығында іске қосылатынын мәлімдеді. Соның нәтижесінде бүгінде облыс орталығындағы 700 көпқабатты тұрғынүй мен 757 нысан жылуға қосылыпты. Ал қалған ғимараттарға жоғарыда белгіленген мерзім ішінде жылу беру жоспарланған. 

«Негізінен облыс бойынша 1064 әлеуметтік нысан және 845 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған барлық көпқабатты тұрғын үйлер толығымен жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу беру маусымына 237,7 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде, тұрғындарға 205 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін 33 мың тонна қатты отын керек. Осыған дейін облысқа 100 мың тонна көмір жеткізілді», – деп мәлімдеді ақпарат алаңында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы  Болатбек Ысмағұлов.

Алайда, Қызылорда халқы жылуға жарымай отырғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Ақпарат алаңында мамандар тарапынан жылумен қамту жұмысында мәселе жоқ деген уәж айтылғанымен, халық қала аумағының өзінде жылудың ала-құла беріліп отырғанын айтып ашынады.

Негізінен әлеуметтік желіде облыс орталығындағы жылуға жарымай, жанайқайын жеткізіп жатқандар қарасы аз емес. Соның қатарында қаланың сол жағалау тұрғындары да жылудың тауқыметін тартып отырғаны айтады.

“Сол жағалаудағы жаңа тұрғын үйлердің жағдайы мәз емес. Жылу ала-құла беріледі. Бір бөлмеге жылу келсе, екінші бөлменің батареясы мұздай күйде тұр. Бұл жылдағы құбылыс. Оның үстіне өшіреміздегі кәріз құбырынан су кетіп, қиын жағдайға қалдық. Бұл да “жығылғанға жұдырық” болды. Осы жайында ЖКХ-ға хабарлассақ КСК жауапты екенін мәлімдейді. Кімге айтарымызды білмей, шарада басымыз шақшадай болып отыр”, – дейді сол жағалаудағы 65 үй тұрғыны Сапар Ерімбетов. 

Сыр халқы жылумен жарыққа қатысты оқыс жағдай орын алғанда көмек сұрап, “Жедел әрекет ету орталығы” коммуналдық мекемесіне хабарласқанымен еш қайран болмай тұрғанына да ашулы. 

Негізінен бұл орталықтың жұмысы 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Жоба аясында 101, 102, 103 жедел желілері бір жүйемен 112 байланысына біріктірілген. Сондай-ақ, сол жылы мемлекеттік органдардың халықпен тиімді байланыс механизмдерін орнату бағытында 109 бірыңғай байланыс орталығын құру бастамасы қолға алынған еді. Осы жұйе арқылы қаланың инфрақұрылымына тиімді қызмет көрсету көзделіп, оған жылу, жарық, сумен жабдықтау, жол шұңқырлары, қоқыс, қоғамдық көлік мәселелері секілді бірқатар қызметтер біріктірілген. 

Алайда, тұрғылықты халық әлі күнге дейін бұл орталықтың шарапатын сезінбей отырғанына разы. Ешқашан “Жедел әрекетету орталығы” шұғыл көмек көрсетпейтінін алға тартады. Халықтың арыз-шағымын қабылдағанымен,  бірде-бір маман төбе көрсетіп келмейтініне ашынады. Жедел көмек көрсете алмайтын мұндай орталықтың жұмысын тоқтату керек деп есептейді.

Қалай дегенде де құзырлы орын тарапынан жылу маусымында мәселе жоқ екенін мәлімдеп отыр. Қаланы жылумен қамтамасыз етуде негізгі қондырғылар штаттық режимде жұмыс жасап тұрғанын алға тартады. Бірақ әлі күнге дейін жылуға жарымай отырған бұқараның сенімінен гөрі күдігі басым болып тұр. Жергілікті әкімдік жылда жылу маусымында туындайтын келеңсіздікті қалпына келтіріп, “Жедел әрекет ету орталығына” қатысты жүйесіздікті жойса деген талаптарын жеткізіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған