Неміс көрген, тепкісі тиген адам оңайлықпен оқу іздей ме, оны Кеңес өкіметі де жақтырмайды. Немістен аман келгенмен, өкіметтің құрығына түсіп, тағы да Сібір деген алтын шығаратын аймаққа айдалып кетіпті. Мен интернатқа жатып оқитын жылы апам үйдің ішінде желпініп жүр.

– Бақбер, әкеңнің інісі табылды.

Шынын айтайын, мен бұған дейін әкемнің Қыпшақбай деген інісі бар екенін естімеген едім. Сірәсі, тұтқынға түскен солдаттың елдегі бауырлары ізімізге «үндемес» түседі деп, ондай жағдайды отбасында отырғанда сөз қылмайды екен.

– Ағам қайда кетіп еді? – деймін.

– Соғысқа.

Содан кейін көңілім көтеріліп, жүгіріп отырып жолдастарыма жеттім.

– Соғыстан Қыпшақбай ағам келіп жатыр.

– Соғыстың біткені қашан, – дейді балалар.

– Менің ағам герой екен. Олар соғыстан соң да сол жақта қалған көрінеді.

Қыпшақбай ағамды көргенше төбем көкке жеткендей желпініп жүрдім. Ақыры, әке-шешем бастаған балалар ағамызға да жеттік-ау. Түрмеден келген адамның не күйі болсын, жаза мерзімі бітсе де, «сатқын” деген ағайынның әңгімесінен қайбыртып сонау Сібірде өлмешінің күнін кешіп жүре берген. Тайганың өз заңы бар дейді, тайгада өмір сүретін адамдардың да заңы бар. Жыл он екі ай қыстан сібірліктер арақ ішіп сақтанады. Ішімдік сол елдің, сотталғандардың, жазасын өтегендердің дастарқан басындағы тағамының бір түріне айналған. Біз ағамызды көрген жолы үйде абыр-сабыр болып, масаң адамдардың даурыққан дауысы шығып жатыр екен. Соғыстан көптеген ағаларымыздың арақ ішуді үйреніп қайтқанын қоссақ мас болған елдің үрдісіне Жосалы да кіре бастаған еді.

Ағамның қасында Сібірден ала келген орыс әйелі, одан туған екі баласы бар. Орыс әйелмен еркін сөйлесетіндей тайпалып тұрған тіл жоқ, онықы-мұнықы айтып, туыстар арзан орысшамен құтылып жатқан секілді. Сірәсі, ағамның түр-түсі бөлек әйелі, бір мен емес, басқаларға да таңсық. Ауыз үйде жүрген әйелдер:

– Келін қайынағаларына шай құйып бермей ме екен?- деп күңкілдеп қояды.

– Солай деп айтсайшы өзің – дейді екіншісі.

– Қалай айтамын? Орысша білмеймін.

… Қысқасы, ниетінде орыс әйелді мүйіздеп тастайық деген пікір болмаса да, бейтаныс жанды ағайындар айқұшақ қауып қарсы ала қоймаған. Ағамның үйіне кейін де барып тұрдым, оты-суы, тілі-ділі бөлек жанның қазақ дәстүріне еніп кетуі қиын шаруа ғой. Ақыры, жеңгеміз екі баласын ертіп, кетіп тынды да, ағамыз қайтадан төсек жаңғыртты. Екінші некесінен туған бауырларым әлі күнге Жосалыда, Қызылорда қаласында тіршілігін жасап жатыр.

Кезінде алыс қалаға барып оқуды армандағанда, Қыпшақбай ағам жылт еткен үміттің көзіндей еді, жер таниды, тіл біледі. Ал өз көкем «бүгін жақсы оқы, ертең институтқа барып, әрі қарай қызмет істеп кетесің” деп ақыл беріп жатқан жоқ. Ол кісінің өзі түсінетін мөлтек тіршілігі бар. Ауланың бір бұрышында немесе қораның тасалау түкпірінде құрал-сайман салынған қобдиша тұратын. Ішінде адам қызығар мол дүние жоқ, атауыз, балға, шеге, топса, біз секілді ісекерлер. Құдай мені сол қобдишаға құштар қылып қойған. Көктем туысымен ауыл балалары «айкөл» ойнаймыз. Сондайда талдан кескен бұтақтың екі ұшын үшкірлеу үшін көкемнің қобдишасына түсемін. Онда жүзі пышақтай, ағаштың артық қырын теп-тегіс етіп алатын өткір шапашот бар. Сол шапашотқа қолым тиісімен «айкөл” ағашын үшкірлей беремін. Үшкір ағаш жерден тез көтеріледі, ұруға да жақсы. Қас қылғанда, шапқан ағашымыздың арасынан қашаннан қалған шеге шығады. Шегесіне қараймыз ба, оны да қоса шауып жібереміз. Әкем шапашотты не үшін пайдаланғанымды айттырмай-ақ біледі.

– Жүзін майыстырып тастапсыңдар, – деп зықымызды шығарады. Арада ондаған жылдар өткенде әкем марқұм дүние салды. Біздің ат жалын тартып мініп, азаматтардың көшіне қосылып жатқан шағымыз. Сонда апам:

– Қобдиына маза бермеуші едің. Бәрі саған қалды,-деді.

…Мектеп бітірген соң да оқуымды жалғастырып, адам болу бала кезден, сонау «Диірментөбеде” жүргендегі арманым еді.

Ауылда әрі тартып, бері созуға жететін білім қайдан болсын, төрт жылдан кейін шұнаң етіп бастауыш мектеп те бітіп қалды. Енді ел қатарлы Жосалыдағы интернатта жатып білім алуға тиіспін. Қалаға аттануға оқталып жүрмін. Туыстың бәрі Жосалының төңірегінде, Қызылордаға қарай елтең-селтең шығып, қызметке араласқан бірі жоқ. Болса, «Диірментөбеге» аты дүбірлеп алыстан естілетін қаланы бір көріп қайтқым келеді. «Қалада машина көп, автобус бар, адамдар телефон арқылы хабарласады, қазақтар біріне бірі орысша сөйлейді» деген әңгімені Қызылордаға барып қайтқан қатарларымнан естимін. Барарын барамын-ау, кімнің үйіне қонамын.

– Апа, осы менің нағашыларым қайда? – деймін әрі-сәрі ойланып.

– Тұқымы көбейсін, оңған нағашың жоқ, – дейді апам. –Қайтесің іздеп!»?!

Шындығында, менің нағашы жұртым Киікші Кете руынан. Бірақ апамның бірге туған бауыр түгілі, Сыр өңірінде немере-шөбере туысы да қалмаған. Дариядан бастау алып, құм мен қыраттың талайынан өткен соң, дарияға қайта құятын ескі арналар секілді, туыстан ең жақын дегені жеті-сегіз аталықтан әрі қосылады. Бәлкім, шешем төркінсіз өткен тағдырына іштей нала да болар, әйтеуір, нағашым жайлы әңгіме қозғалса, бірден тиып тастайды.

Анамның туысы да, бірге туған бауыры да – тілеуін тілеген бес баласы. Нағашыдан тұқым-жұрағат қалмаған. Қазақ табиғатында жалғыз бала өсірмейді, ата-анасы да қара-құрасыз қалмайды. Сонда менің анам жер бетіндегі жалғыз жан болғаны ма? Қазақтың «сұрай-сұрай Меккеге де барады» деген сөзі рас-ау, кейінірек бір шындықтың ізін шыжымдап шығарған едім.

Менің ңағашыларым кезінде қазіргі Жалағаш ауданының «Мәдениет» деген ауылының ескі орнында өмір сүрген екен. Анам 1915 жылы дүниеге келген. Кіндіктен жалғыз. Нағашы атамның аты Ойнар екен. Өзіне тетелес Жайнар деген інісі екеуі бір табаннан ұзамай өмір бақи қоңсы отырған. Ағайынның ақылы ма, әлде Ойнар атамның өзі ойлап тапты ма, көзім кеткенде шаңырағымды ұстап, түтінімді түтететін бір ұлым болса деген ниет шығар, босқыншылық елдің бір қызын, қалыңына жарты қап тары беріп, тоқалдыққа алып қалады.

Елді ашаршылық жайлал, байлардың көбісі тәркілеуге ілініп, ауыл арасы алағай да бұлағай болып жатқан бұлғақ заман. Сырдың Қызыл беттегі ауқатты байларының малын сатып, одан жұдырықтай алтын құйып шүберекке түйіп, беті ауған жаққа бой тасалап қаша бастаған шағы. Менің атам да, сол байлардың басы болмаса да, аяғына ілініп, жазалы болатынын сезеді. Әлдеқашан жаманат хабар естіп, суыт келген атам Жақы әжеме:

– Сен ошаққа қарап, орныңды суытпай отыра бер. Маған Кеңес өкіметі тыныштық берер емес, тізімдеп бәрімізді ит жеккенге айдатқалы жатыр. Құдайдан тура келген ажал болса, қайда жүрсем де өлемін ғой, адамның қолынан қор болып Сібірде көмусіз қалғым келмейді. Мен Өзбек арқылы Ауған еліне қарай қашамын. Орнығып, тіршілігім түзеле бастаса, өздеріңді қайта келіп алып кетемін, – дейді.

Әжем отбасын бағып қала береді. Жаңа алған жас тоқалын түйеге мінгізіп, бұйдасын ұстаған Ойнар атам інісі Жайнар екеуі кете барыпты. Сол кеткеннен он жыл өтеді, атамнан хабар жоқ. Өлі-тірісін ешкім білмейді. Жиырма жыл өтеді, Жақы әжемнің енді шалынан үміті үзіледі.

– Жас қатыны жанында, малы алдында, өз қызығы өзінде, құдай алдында берген уәдесін ұмытып әкең жат жерде жүрген шығар, – деп әжем оқтын-оқтын менің шешеме алая қарайды екен. Мен қайдан білейін, – дейді апам.

Әжемнің Ойнар атамның үстінен айтқан әлгіндей ғайбат әңгімесін апам шын көріп қалады. Бала кезімде нағашыларым туралы әңгіме сұрағанда: “нағашыларыңның тұқымы құрысын, ішінде оңғаны жоқ» деп бетімді қайтарып тастайтыны сондықтан. Анамның дүниеде басы қылтиған жақсылықтың бәрінен үміті болуы мүмкін, бірақ Ауғанға кеткен әкесінен үміті жоқ. Тірі жетім болып өсті, кішкене кезінде маңыраған лақтай зар жылатып далаға тастап кеткені, өтірік уәде беріп, қайта оралып көшіріп алмағаны үшін әкесіне деген үлкен өкпесі бар, сірә.

1992 жылы Қызыларда педагогикалық институтының ректоры кезімде іссапармен Түркияға, сол елдің бас қаласы Стамбулға бардым. Қасымда жұбайым Зейнегүл бар.

– Өзім үшін бара жатырмын, менімен бірге жүр. Кім біліпті, сол жақтан Ойнар, Жайнар атамыздың бала-шағасын тауып алармыз. Сол кезде керек боларсың, – деп ойын-шынымды араластырып, жер көрсін, ел көрсін деп ілестіріп шыққан едім.

Қазақ күлегеш халық қой, бір қызығы, өз-өзіне күлгенді жақсы көреді.

Өзбек, орыс, еврей және қазақ Марсқа барыпты.

– Сен неге келдің!? – дейді өзбекке.

– Дүкен ашып, базар салатын жер таңдауға келдім.

– Сен ше? – дейді орысқа.

– Егін егемін. Кең жер керек.

Сөйтсе, еврей алтын-күміс, асыл тастар іздеп, Марсты кезіп жүр екен.

– Ау, қазақ саған жол болсын? – демей ме?

– Әй, бірлі-жарым ағайын-туыс болса, көріп қайтайын деп едім…

Ағайынмен дидарласу қазақтың қанындағы туа біткен қасиет. Біз де Стамбулдағы Қарабазар Кете Ералы, Зейнал деген бауырларымыздың үйінде қонақта болып, күнде көріп жүрген көп ағайынның бірі есебінде жайласып жатырмыз. Үкіметтің ресмилік жұмыстары біткеннен кейін Зейтінбұрныдағы шағын ауданда қандастарымыздың талайымен дидарласып, өзімше бір әсер алу, танысып-білісу мақсатым болған еді. Жайланып болғасын, Зейналға өтініш айттым.

– Біраз қазақты көрдім. Осы жердегі ауылдың үлкені кім? Алдына барып сәлем берейін!

– Ой, Бақберген айналайын, біздің үлкеніміз Әкімжан деген киікші кете, жынды шал, – Зекең күлді.

Бірақ мұндай уәжді қанағат тұтып қоя салу қисынсыз, сол “жынды” шалға көңілім соға берді. Киікші аталығынан болса, нағашыларым Ойнар мен Жайнар туралы естігені бар шығар деген үміттемін.

Зәкеңнің есігі алдында жат жердегі қала қазақтарының тіршілігін тамашалап қарап тұрғанбыз. Сөйткенше болған жоқ, жел айдап келгені, құйын үйіріп әкелгені белгісіз, көшенің басында бұтында ақ дамбал, үстінде ақ көйлегі бар, құстың қауырсынындай бір шал пайда бола кетті. Қалтылдап тез-тез жүріп келеді.

– Кеше мен «жынды шал” деп айтқан киікші кетенің осындағы үлкені, әне, келе жатыр, – деді Зейнал.

– Сәлем берейін, алмаса, алдынан қалсын,-деп үлкен кісіге құрмет үшін киімімді қайта түзеп, Зейнегүлді ертіп, ағамыз үшеуміз қарияның алдынан шықтық.

– Ассалаумағалейкум…

– Уа, кім боласың? – деді шал қабағын жерден көтеріп.

– Қазақстаннан келген қазақпын. Атым Бақберген. Мына қасымдағы келініңіз.

— Қысқасы киікші кетенің жиені, – деп Зейнал менің сөзімді нақтылай түсті.

– Нағашыңның аты кім еді?

– Ойнар мен Жайнар деген кісілер.

– Ой, Ойнардың жиені болмай, әдірам қал, – осыны айтты да, сексен бес жастағы қария жалт бұрылып, көз алдымызда ғайып болды.

Елде де халық арасында жүріп, артық-кем әңгіменің талайын естіп қаламыз ғой. Бетіңе басқан кінәрәттің орынды-орынсызы болып жатады, біз оны мойынға алғанбыз. Әсіресе, үлкен кісінің артық әңгімесіне құлақ қақпаймыз. Бірақ Стамбулға келіп бір Киікшіден нағашымның жөн-жосығын сұраймын деп “әдірам қалсын» деген әңгімесін естігенім, бәрінен бұрын қасымдағы әйелімнің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Аз күндік шет ел сапарында алдынан шыққан алғау сөзді жүрегіне ауыр алып қалуы мүмкін ғой.

– Мына киікшімен дұрыстап сөйлесу керек екен, – дедім әлденеге бекініп.

– Ой, қайтесің, тағы барсаң, тағы бір әңгіме естисің. Оған қонақ та, қолбала да бірдей, ойына келгенін айта салады, – деп Зейналдың да беті қайтып қалған.

– Жоқ, бұл шалдың әңгімесінің арғы жағында маған деген міндет бар. Демек, менің нағашым туралы біледі. Сосын, қария қабақ шытты екен деп, арнайы сәлем бермей, елге қайтқаным өзіме де ауыр. Одан да тағы бір алдынан өтейін.

Бұл сөзімді Зейнегүл де шет көрмеді. Шалға арнап шапан-шақпытымызды дайындадық. Анамызға орамал-жаулық алдық. Үйін білген соң, рұқсат та сұрамастан, босағасынан аттадық. Шалдың тұрмысы түзу, күй-жайы бар екені ауызғы үйден көрініп тұр. Кең бөлмеге үш қабат көрпені қабаттап жайып, таспиық айналдырып отыр. Сәлемдестік.

– Қария, маған кешегі «Ойнардың жиені болмай, әдірам қал» деген әңгімеңіз батып кетті. Стамбулға келіп оң-солымызды танымай жатып, осындай әңгіме естіп қалдық. Соның бір себебі бар шығар деп – бір, сосын елден әкелген базарлығымызды беріп кетейік деп – екі, алдыңызға келіп отырмыз, – дедім.

– Әлгі сөзім ойыңда қалса, жаман бала болмадың, – деді шал ақ дамбалдың балағын түре, малдасын құра отырып. – Жаман болмадың. Себебін білгің келген шығар. Қарағым, сенің Қазақстаннан келгеніңе біраз күннің жүзі болды. Біз жол баққан, әрі базардан қайтқан адамбыз. Қазақстаннан құмырсқа жыбырлап жетсе, көзімізді тігіп отырамыз. Үлкен деген атымыз бар, сәлеміңді бірінші маған неге келіп бермедің?

– Ата, сөзіңіздің жөні бар. Түркияға келуін келгенмен, жүріп-тұруын түсіне қойған жоқпыз. Бойымыз үйренбей жатыр. Елден кеткеніңізге біраз жылдың жүзі болды ғой, ұмытып та қалған шығарсыз.

Атамыз да: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген мақал бар еді. Бір жолғы сәлемді өзіңіз-ақ бергенде, қайтер еді?!

– Не дейді? – деп құлағын тігіп отырды да, шал санын бір ұрды, – О-о, әтеңе нәлет, ұсталдым. Менен бір білместік кеткен екен.

Сол күні шалмен сұхбат сыр айтысып, қонақ болып, әңгіме сөздің желісін, үй тұрмысын бейнетаспаға жазып, біраз айналдық. Шал дастарқан басында отырғанда:

– Қарағым, сен кеше Ойнарды сұрадын-ау?! – деді. – Сол Ойкеңді мына қолыммен жерледім.

– Ата, сол жағын түсіндіріңіз. Менің анам мен әжем Ойнар атам жас қатын алғасын бізді ұмытты, өз қызығынан ауыспады деп әлі күнге өкпелейді. Менің шындыққа көз жеткізгім келеді.

Шал әңгімесін бастады.

Қармақшы өңірінен Қызылқұмның үстін басып отыз шаңырақ Өзбекстанға қарай көтеріле көшеді. Тамақ тапшы, көлік кем, қыр астынан Қызылдың аңдушы әскері шыға келетін қиын заман. Күндіз құмның ішін көлеңкелеп, түнімен жүрген керуен өзбек жеріне өтіп, Сухандария бойына келіпті. Бұл 1930 жылдың ми қайнаған шілдесі. Қазаққа қарағанда өзбек арасы тыныштау, қышлақтарда елдегідей бүліншілік жоқ. Тірлігі түзеле қоймағасын, Кеңес үкіметі де қияндағы елге саясатын толық жүргізіп үлгірмеген. Үрей айналдырған қазақтар осы арада дем алып, есін жинап, барлап, бақылап болғасын, Ауған еліне қарай көтеріле көшіп кетпекші. Ауғанстанға Кеңес өкіметінің құрығы жетпейді, ол КСРО-дан бөлек мемлекет. Амандығыңды ойласаң, сол жаққа қарай көш деген арада әңгімелер бар. «Жүрер аттың тоғы жақсы», алда алыс жол жатыр. Сапар әрі қатерлі. Тау мен тас, өзен мен көл арқылы өтетін болғасын босқын қазақтар Сухандарияның бойында аптаға жуық ерулейді. Бірақ арада екі-үш күн өтпей жатып адамдар белгісіз дерттен бірінен соң бірі өле бастайды.

– Алғашқылардың қатарында Ойнардың жас алған әйелі де дүние салды,- дейді шал әңгімесін одан әрі сабақтап. – Босқындап барған 150 жан едік, шыбындай қырылып, соңында төрт адам ғана қалдық.

– Ал, Ойнар атама не жағдай болды?

– … Аурудан әлсіреп, сілеміз қатқан. Табанымыз тиген жерде керегелерді жайып, аз күн пана боларлық күрке, қос құрып алғанбыз. Індетке ұшыраған адамдар есіктес отырып, біріне-бірі кіруге шамасы келмеді. Бір көзімді ашқанда, аман екенмін. Ойнарды іздедім. Қосына келсем, ағайынды екі жігіт жан тапсырыпты. Қалтырап-дірілдеп жүріп екеуінің моласын қолыммен қазып, Сухандарияның бойына жерледім. «Өз қолыммен көмдім» дейтінім сондықтан. Ойнармен азды-кем тұз-дәмдес болып қалып едік.

Марқұм атаң жақсы кісі болатын, ақыры осылай аяқталды.

…Ол әңгімесін айтып отыр, мен тыңдап отырмын. Шал “жынды” шал емес, мінезді адам, ойын сан-саққа жүгіртіп, әрнеңенің себебін іздеп, дәлел­деп отырады. Сөзінің шындыққа келетін қисыны да бар. Аз күнде індет жайлау себебін көрші қышлақтан келіп-кетіп жүрген өзбектерден көреді.

— Кімнен келсе де, біз ішкен Сухандарияның суына біреу у тастады, – дейді қария. – Кеңес өкіметінен көрер ек, әскері, орыс басшылары ол жаққа әлі еркін кіре қоймаған. Біздің мал-мүлкіміз өзбектердің өзегіне құрт болып түсті-ау деймін. Ақыры құртып тынды. Тұралаған төрт адам тамақтан басқаның бәрін тастап, бетіміз ауған жаққа қаңғырып кеттік. Ауған бардық, пуштундардың қойын бағып, жуындысын ішіп, Иранға өттік. Ираннан иманы бар түрік саудагерін тауып, осылай қарай астық. Мұндағы қазақтармен басымыз қосылып, шаңырағымызды көтеріп: «Енді бізге туған жер қайда?” деп жүргенде, ақ жарылғап күн туды ғой, қарағым. Елден сен келіп отырсың, балалар Сыр бойына барып-қайтып жатыр. Қазақта «Атан кетсе, тайлақ бар, шомы жерде қалған жоқ» деген мақал бар. Аманат айтып, арқасына шом салатын бала бар. Ал, өмірдегі көрген бейнетіміз – Алланың жазып-сызған тағдыры. Егер жұма күні хұтбадан бұрын төрт намаздың алдыңғы сүндетін оқу парыз болса, біз парызымызды пенде ретінде әлдеқашан өтедік. Мен де, сенің атаң Ойнар да… Солай деп анаңа түсіндірерсің.

Елге келдім. Шалдың әңгімесін бейнетаспаға жазып алғанмын, бәрін анама көрсеттім.

— Е-е, біз әкеміздің көрген азап-қасіретін білмеген екенбіз.

Анам көзіне жас алды.

— Бәсе, жас қатын алып, соның буымен баласын далаға тастап кететін жан емес еді ғой…

— Апа, аманшылық болса, Түркиеге де, Сухандарияға да апарамын. Әкеңнің көзін көргендермен әңгімелесесіз.

Бұл менің анамды жұбатқаным. Тіпті, әкесі туралы хабарды естімей, перзенттік жүрегі суыған күйінде өмірден өткені дұрыс па еді, білмеймін. Тағдыр ол кісіге Түркиеге баруды жазбаған екен, екі жылдан кейін дүние салды…

… Сол аяулы анам мен Жосалыға барып, интернатта оқиды дегеннен киімімді әзірлеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Намысына тиер деп адамға туралап ақыл айтпайтын, ауылдағы біреуді мысал ете отырып, оны да күстаналамай: «Сол кісінің былай еткені дұрыс еді-ау» деп, көңілге қона қалатын ақылын білдірмей жеткізетін табиғаты ерекше жан еді. Балаларына талапты қаталдау қояды. Бес бала мен көкемнің арасындағы алтын көпір секілді. Істің ығытына қарай, бағытымыздың дұрыс-бұрысын бізге де, әкемізге де жәй емеурінмен түсіндіреді. Егер анамның осындай асыл қасиеттері балаларының, немере-шөберелерінің бойына сіңсе, біздің бақытымыз.

Анамның тағы бір дегдар қасиеті – ауыл-үй­дің айналасында түтіндей шалқитын бөстекі әңгіме мен жел сөзден, өсек-аяңнан бойын аулақ ұстай­тын­дығы. Аяғының ауырғанына қарамастан, сылти басып, төңірегінің амандығын түгендеп жүрген сәтінде әйелдер алқа-қотан бас қоса қалмай ма?! Ондайда қолдары бір мезет істен босаған жандардың ауыздары сөзден босамайды. Күйбең тірліктің күйкі жаңалығынан бастап, кімнің не істеп, не қойғанына дейін әңгімеге тамызық болады. Жарыса сөйлеп, жамырай қостайды. Әлгі бір мамыражай әңгіменің ауаны енді тұспалды, емеурінді, өзегі жоқ өсек-аяңға бұрыла бастайды. Сөздің түсінің өзгеріп бара жатқанын сезе қойған апам: “Қой, мен қайтайын. Осындай оясыз әңгіменің ортасында Үрімкүл де бар екен деген абыройсыздыққа ұшырап, ұятқа қалармын” деп, орнынан тұрып, етегін қағып, дереу үйге қайтады. Бұл – қаңқу сөзден қашық жүретіндігі, өсек-аяңға құлақ түріп, айдаладағы жазықсыз біреудің күнәсіне қалмайын дегені…

Жалғасы бар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған