Д.Исабеков
Өһө… Өһө… Ой, құдай-ау, айналайын Сафура-ай, сенің-ақ еркелеуің қалмайды екен. Мойнымнан қыса бермеші, тұншықтырып жібердің ғой тегі. Өһө-өһө, әні, буындырып барасың тура. Қолың темір ме өзі немене? Құлахмет ағайдың мұндай сандырағын бір жылдан бері естіп келемін, сондықтан болар, мен оның не сөйлеп, не қойып жатқанымен ісім де болмай өз жұмысыммен үнсіз шұғылдана беремін. Осы қаладағы бір заводқа инженер боп ауысқаннан кейін ауылдағы қарт әке-шешемді көшіріп келгенше, әрі үй алғанша деп бұл пәтерге уақытша орналасқан едім. Алғашқы жылы ол бұлайша сандырақтамайтын, кейінгі кездерде ауыр қасіретінің үстіне ауруы қосылды ма, түні бойы сандырақтап, тісін қайрап, мені өзіне қайта-қайта шақырумен болады. Әне, ол тозығы жеткен ағаш кереуетті сықырлатып, әлденені ұстап алмақ болғандай арық қолдарымен ауаны қармалап жатыр.
— Балапаным менің. Келсеңші тезірек. Немене? Лента керек боп жүр дейсің бе? Көкешім менің, папаң саған лента сатып әпермегенде не бітіреді. Саған лента әпермесе бір құдайым ала қойсын оны. Келсеңші өзің, мамаңды да ерте кел. Анау сандықтың іші толған сенің киімің… Ол күрк-күрк жөтелді де, сандырақтауын қойып, үнсіз қалды… Жасы қырықтардың ортасындағы Құлахмет ағайдың төрт бөлмелі шағын үйі қаланың түстік жағына таман шеткері орналасқан. Есігінің алдындағы бау-бақша жаз айларында құлпырып, жайнап кетеді. Оның ортасында кешқұрым бой жазып тынығатын шайла бар. Дәл осы арада темекіні будақтата сорып, қиялға шомып бір отырсаң өзіңді тұманды қала ішінде емес, тау бөктеріндегі мәуелі бақша ішінде серуендеп жүргендей сезінесің. Оның ішіне жазғытұрым ұйықтайтын бір кісілік кереует қойылған. Күні бойғы жұмыстан қалжырап кеп кешкі салқында сол кереуетке шалқалай кетсең, шатыр үстін тұтастыра өскен шырмауық гүлдерінің арасынан көкпеңбек аспанды көресің. Шашылып қалған мақтадай әр жерде бұлттар жылжып бара жатады. Батып бара жатқан күн сәулесінің әсерінен олар бояуға түсіп кеткендей қызғылттанып көзге шалынады. Салқын ауамен кеудені кере дем алған кезде жаның рахат тауып, жадырап қаласың. Өмір сүріп жүргеніңе қуанасың. Құлахмет ағайдың айтуы бойынша бұл үй мен бау-бақша әкесінен қалған мұра көрінеді. Алматы бұрын Верный боп тұрған кезде Құлахметтің әкесі мешітте азаншы болған екен. Перзент дегеннен оның жалғыз ғана ұлы болады, ол — осы Құлахмет. Жас бала қалжасы жағынан әкесінен айнымайтын ұзын, әрі ашаң болып өсті. Оның табиғаты өзге балалардан мүлде бөлек еді. Үш жасқа келгенде әрең-әрең аяғын басып, алты жасында тілі шықты. Бұл баласынан күдер үзген Есқара екінші нәрестенің келуін күтті. Бірақ әйелінің екінші рет етегі қанамады. Кей түндері Есқара: «Әй, болғаның осы-ақ па?» — деп сұрайтын әйелінен.
Жаратылысынан көп сөйлемейтін Танакүл бұл жолы да оның сұрағын жауапсыз қалдырып, ақырын ғана күрсініп қоятын-ды. Құлахмет он бір жасында мектепке барды. Екінші класқа өткен жылдың қысында шешесі Танакүл қылтамақтан қайтыс болды. Оқуға деген ықыласы жоқ, әрі жасы келіп қалған бала әрмен қарай оқуды ар санап мектепті біржолата тастап шықты. Оны қанша үгіттегенмен ештеңе өнбейтінін аңғарған Есқара үш жыл өткен соң «өзім өліп кетсем бір-бірімен жат боп кетер» деп баласын Орынбордағы інісінің үйіне ертіп әкелді. Інісінің үйінде екі айға жуық жатып, аралас-құралас болып алған соң Есқара жалғыз тұяғын кешіктірмей үйлендіргісі келетіндігін айтты. Інісі ағасының бұл тілегін қабыл алып, көршісінің үйіне Атбасардан қыдырып келіп жатқан Сафура деген қызды таныстырмақ болды. Сол ниетпен олар тағы бір айға кешігіп, ақыры Сафураны алып қашып келді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып Құлахмет майданға аттанды. Арада екі жыл өткен соң ол туған жерге қайтып оралды. Өзінің дімкәстігіне қарап, пайғамбар жасына жетіп өлсем, Аллаға айтар арызым жоқ дейтін Есқара тілегіне жетіп, дәлдегендей алпыс үш жасында дүние салды.
Қайнаған соғыстың ішінен шығып, әйтеуір елге аман жеткеніне қуанғанмен көп ұзамай-ақ Құлахметтің көңілін қайғы басты — ол ешқандай жұмысқа жарамады. Ал айына алатын азын-аулақ жәрдем ақша үй ішінің тауқыметін арқалап кете алмады. Сонан соң Сафура театрға билет сатушы боп орналасты да, Құлахмет жеті айлық қызымен үйде қала берді. Күйеуі мен кішкене қызын асырау үшін әйелінің жұмыс істеп, өзінің үйде отырып қалуы Құлахметтің жанын жегідей жеп, арқасына аяздай батты. Бұрын мұндай жұмысқа үйренбеген Сафура үйге көбінесе қабақ шытып, ренжіп оралатын болды. Қызына да көңіл бөлмей, еңбектеп келген оны итеріп тастайтынды да шығарды. Құлахмет ағай өкпе-бауыры езіліп бара жатқандай тіл қатпастан үнсіз отыра беруге де үйренді. Енді оның тағдырынан бар тілейтіні Сафураның жұмыстан көңілді оралып, ренішсіз дастарқан жаюы еді. Құлахметтің мұндай бақытты кездері де болып тұрды. Сонда ол жас балаша қуанып, бойын билеген шаттықтан жерде тұра алмай көкке ұшып кете жаздайтын. Кішкентай Нәзікеттің бүгінгі жасаған тентектігін қызықты болуы үшін үстемелей, өсіре айтып, оған Сафура езу тарта қалса, әйелінің өзімен көңілді сөйлесіп отырғанына шексіз шаттанып, көзінен су аққанша күлетін еді. Кей кезде әйелі мұнысын да жақтырмай «қойсаңшы, не деген орынсыз ыржақай бұл!» — деп шырт ете қалғанда, Сафураның осындай мінезінің ұшы шыға көрмесе етті деп қалт-құлт етіп отырған Құлахметтің жүрегі дір етіп, онан әрі не істерін білмей сипалақтап, өзінен-өзі қызарып сала береді. Осылайша күндер өтіп жатты.
Жұмысқа араласып, өзін-өзі күткен соң, бұрыннан да ажардан кенде емес Сафура бой жеткен қыз сияқты құлпырып шыға келді. Сылқым жігіттердің талайы бұған басын иіп, отты көздерін қадап өтетін де болды. Театрда жүргенде талай-талай шампандардың тығыны Сафураның құрметі үшін ашылып, мейрам күндеріндегі балда да көп жігіт онымен вальс билеуді армандады. Сафура бәрімен де таныса берді, бәрімен де шампан ішті, аппақ білегімен бәрінің де мойындарынан құшақтап жүріп би биледі. Ол ешкімге қарсылық көрсеткен жоқ және де өзіне ықылас танытып жүрген жігіттердің қайсысы жақсы, қайсысы жаман, ол жағын да ой сарабына салып жатпады. Әйтсе де, Сафура олардың бірде-бірін ұнатқан жоқ. Осы кезге шейін ол күйеуім бар екен-ау деп ойламаса, енді өзге біреуді ұнататын кезі келіп жеткенде, кешкілік үйге оралып, күннен-күнге жүдеп бара жатқан Құлахметті көріп, жаманды-жақсылы өзінің тағдыр жазған күйеуі осы екенін еске алатын. Ал Құлахмет әйелінің барған сайын өзінен алыстап, жат болып бара жатқанын анық сезіп жүрді. Әйтсе де, әйелім мені ақыры бір күні тастап кетер-ау деген ойға оралмады, оралғысы да келмеді. Бұл жайлы ойлау оған сұмдық қорқынышты боп көрінді. Сөйте тұра ол Сафураны кінәлаған жоқ. «Ол адал ғой, ол мейірімді әйел ғой! Қай-қайдағы арам ой есіме қайдан түседі?» — деп керісінше өзін қаралайтын.
Кейде ол шалқасынан түсіп, Сафураның бұрынғысынан толықсып, ажарланып кеткенін, үйге келгенде өзін көзге де ілмейтінін еске түсіргенде, ішкі дүниесі өртеніп бара жатқандай сезінетін-ді. Ол өзі байқаған осы жәйттердің бәрін Сафураның алдына жайып салып, ерлі-зайыпты боп тұру-тұрмауларының басын біржола ашып алғысы да келді. О баста әйеліне қарап ешқашан зекіп сөйлеп көрмеген Құлахмет, бұл жолы да, әсіресе, әйелі өзін біржола билеп-төстеп алған шақта мұндай жәйттің ұшын да шығара алмады. Құдай-ау, осы ойын айтпақ боп қаншама рет оқталып көрмеді десеңші! Бәрі де іске аспады. Сафура оған тіктеп қарағанда байғұс Құлахмет не істерін білмей тұла бойы қалшылдап, күні бойғы құрған жоспарының қайда ғайып болғанын сезбей де қалатын. Сафура өзінің әйелі боп қала беретініне ақыры Құлахмет шек келтіре бастады. «Ол басқа күйеуге тиеді! Ол менің көзіме шөп салады! Жаратқан-ау, бұл неткен қорлық, неткен мазақ! Сонда қалай ғана жер басып тірі жүрмекпін мен?» Жанын жеген азап пен қорлыққа төзбей, жанарынан моншақ-моншақ жастың ыршып кеткенін өзі де байқамайтын.
Ендігі оның бар үміті — Нәзікетте ғана қалды. «Мүмкін, Нәзікетті тастап кете алмас, қанша дегенмен анасы ғой». Ол қызын жетектеп күн ұзақ қаланы аралатты, балмұздақ әперді, қайыққа мінгізді. Сонан соң бақ ішіндегі көгалға отырып, соғыс кезіндегі бастан кешкен уақиғаларын айтып берді. Нәзікетке ең бір әсер еткен нәрсе де осы еді. Әкесінің қорқынышты әңгімесінен денесі түршігіп, жас қыз оған тығыла түсетін. Құлахмет сөзін бітіргенде Нәзікет: «Папа, папашым менің, өлмегенің қандай жақсы болған!» — деп оның мойнынан құшақтап, қыса түседі. Осындай кездердің бірінде қызынан: «Айтшы, сен мамаңды жақсы көремісің, әлде мені ме?» — деп сұрайтын. Нәзікет мүдірместен: «Сені, папатайым, сені жақсы көремін» — деп жауап беруші еді. Құлахметтің мақсаты да орындалды — ол Нәзікетті өзіне біржолата қаратып алды.
Бірақ бұл да оның үмітін ақтай алмады. Қайта Сафурамен арақатынасын бұрынғысынан да шиеленістіріп жіберді. Ол енді Нәзікетті балалар бақшасына өткізіп, Құлахметтің соңғы алданышы, соңғы қуанышынан да айырды. Байғұс Құлахмет мұның бірде-біріне қарсылық білдіре алмады. Сафура алғаш рет балалар бақшасына тапсырғалы Нәзікеттің қолынан жетектеп бара жатқанда бауыр еті езіліп, іштей егіліп тұрған Құлахмет әйелінің соңынан есікке шейін келді де, естілер-естілмес етіп қана: «Сафура-ау, мен ше? Мен… мен не бітірмекпін?» деді. Сафура тіл қатқан да жоқ. Қызының қолынан жұлқа тартып, қақпа есігін сарт еткізіп бір-ақ жапты. Жүрегіне тебен қадалғандай Құлахмет селт ете түсті де, сол орнында тас мүсіндей қатып қала берді. Осыдан бастап ол көп сөйлемейтін болды. Ұзақты күнге қолына кетпенін алып, жалғыз қолымен бақшаны күтіп-баптаумен жүреді. Дем алмайды да, ісі де өнбейді. Тіпті, тамақ та ішпейді. Кейде мені қасына шақырып алып: «Қалай, жұмысың ауыр ма?» — деп сұрайтын еді. Ауыр болса да, жеңіл болса да «жоқ, қиын емес» деп жауап беремін. Сонан соң ол жеміс ағаштарына, тал арасынан шұрық тесік боп көрініп тұрған көгілдір аспанға қарайды. Ауыр бір дем алып болған соң: «Әне, көріп тұрсың ба, анау бір шие ағашының түбіндегі… жоқ, сен басқасымен шатастырғалы тұрсың, жабайы итмұрынның қасындағы емес, одан арырақ, сексеуіл сияқты арбиып өскен шие ағашының жанындағы алманы көріп тұрсың ба, дәл сол алманы Сафура екеуміз үйленген кезде отырғызған едік. Онда… екеуміз де жас едік… Сафуражан болса, періштедей сүйкімді, көктем құсындай жеп-жеңіл, үстіндегі шағаланың қанатындай ақ көйлегін кір шалмайтын шағы еді. Менің Сафурам әуел бастан-ақ нәзік қой, аппақ саусақтары сынып кетердей майысып шұқыр қазатын.
«Бе-еу, Сафуражан-ай, — дейтінмін, сен алақаныңды ойып аласың, маған бер, маған түк те етпейді. Сонан соң ол сыңғыр етіп бір күлетін де, ағашты ұстап тұрушы еді. Мен топырақ тастаймын. Жүрші, мен ерінбей-ақ сол ағашты көрсетейінші саған». Құлахмет екеуміз әлгі ағаштың қасына барамыз. Ол алма ағашын алақанымен сипалап, «Сафуражан да кексе тартты, ол да өзгерді», — дейтін. Екеуміз бақ ішіндегі сәкіге кеп отырып темекі тұтатамыз. Ол тағы сөйлейді. Бақтағы барлық ағаштың тарихын айтып шығады. Бәрін де Сафурамен байланыстырып бітіреді. «Ол кезде оның періштедей сүйкімді, көктем құсындай жеп-жеңіл»… деген өзінің ең жақсы көретін, аузынан түспейтін сөзін қайталаумен болады. Ал Нәзікет жайлы сөз болса кенет қабағы салбырап, үн-түнсіз қалады.
Әйтсе де, ол әйелін өлердей сүйетін еді. Оның әрбір сөзінен, әрбір емеурінінен Сафураға деген шексіз махаббат лебі есіп тұратын-ды. Әрине, оның бұл махаббаты лапылдаған асау сезім емес, жалыны өшкен, әйтсе де, сол жалыны о баста сөнбей тұрып Сафураға өзін біржолата байлап берген махаббаттың шарпуы еді. Балапандарын жетілдіріп болған соң белгісіз жаққа пыр-пыр ұшқан құстың бос қалған ұясындай, дәл қазір оның да жүрегі «махаббат» деген ұғымнан бос қалған болатын. Ол ұя өзін жел ұшырып, тал басынан домалатып түсіріп, біржола тоз-тоз қылғанша баяғы бір бейкүнә сүйкімді құстардың бір кездегі ыстық мекені боп қала береді. Сол сияқты махаббат деген сезімнен айырылса да, «Сафураның жарымын» деген ойдан Құлахмет ажырамаған-ды. Мейлі, Сафура өзін мәңгі ұмытсын, басқа біреумен қол ұстасып-ақ кете берсін, Құлахмет бәрібір оны «Сафурам, көгершінім» деуден әсте айнымас еді.
Жаз айының тамылжыған таңғажайып бір күнінде Сафура үйге ойламаған жерден көңілдене кірді. Оған күлкі әдемі жарасатын. Күлген кезде оң жақ қасы сәл жоғары көтеріліп, шиедей еріндерінің ар жағынан тізіліп аппақ та майда тістері көрінетін. Әлденеге шын ықылас танып беріле күлген кезіндегі екі алақанын шарт еткізе соққаны мен екі бетінің балбұл жайнап шыға келгеніне қарап, оны отыз жеті жастағы әйел деп ешкім ойламас еді, және әйел атауларының бәрі Сафураның дәл осы күліп тұрған шағындай болса, оларды өмірге әдемілік ұрығын себу үшін келген екен деп ойлап қалғандайсың. Дәл осындай сымбат пен осындай сүйкімділікпен үйге кіріп келгенде, қаужаң-қаужаң кешкі тамақ ішіп отырған Құлахмет ағай көмейіндегі тамағын әрі қарай жұта алмай түйіліп қалды. Оның қуаныштан айғайлап та жібергісі келді, айғайлай алмады, күлгісі келді, күле де алмады. Орындыққа шегелеп қойғандай әйеліне қарап отырды да қалды.
– Папасы, сен неге қарсы алмайсың, Нәзікет келе жатыр, қане, амандас папаңмен, — деді Сафура қызын ішіке алып кірген соң Құлахметке қарай итеріп.
— Бар, бар, амандас енді. Нәзікет жүгіріп кеп папасының мойнына асыла кетті. Сол күн — Құлахмет үшін ең бақытты күн еді. Оның жүрегі сол шексіз бақыттылықтан жарылып кетуге аз-ақ қалды. Кешкілік, Сафура хош иісін аңқытып пияз күйдіріп жатқанда екеуміз бақ ішіне барып темекі тартуға отырдық.
Ол жөндеп сөйлей алмады. Сөйлеген күнде де тұзсыз илеген қамырдай сөздерінің басы бірікпеді. Оның көзінде төңіректеген жас бар еді. Мен оның не айтарын, ішкі дүниесінде нендей сезім булығып жатқанын анық сезіндім. Сондықтан оны сөзге тартқым келмеді. Ал Сафура Құлахметті қуаныш пен шаттыққа бөлеп, екі күннен соң Атбасарға, төркініне барып қайтатынын айтты.
— О, о не дегенің, о не дегенің ақылдым-ау! Бара ғой, бара ғой, туған-туысқаныңды көрме деп қалай айтпақпын саған. Жолың болсын. Бірақ көп кешікпе, күнім, сенсіз маған өмір жоқ екенін өзің де білесің ғой.
Сөйтіп, Сафура мен Нәзікет жолға шықты. Жаз өтіп, күз болды. Бірақ олар сол кеткеннен мол кетті. Сафураның қайта оралмайтынына менің көзім жетті. Осылай ойлаған кезде Құлахмет ағайға қатты жаным ашитын еді. Ол күннен-күнге жүдеп бара жатты. Бәлкім, ішкі дүниесі Сафураның бұл босағаны қайта аттамайтынын сезетін шығар. Әйтсе де, ол менімен сөйлескен сәттерде мұндай суық та, сұмдық ойдың ұшын да шығармайтын. Оның аласұрып сандырақтап, ұйқы көрмей шығатын түндері де осы кез еді.
* * *
Бір күні үйге келсем, ол бақ аралап жүр екен. Мені көрген сәтте жас балаша қуанып «бері кел, бері кел» деп шақырды. Оның қасына барған кезімде: «Қалай ойлайсың, мына жеміс менің көгершіндерім келгенше бұзылмайды ғой, ә?» — деді шелектегі ірі-ірі қызыл алмаларды көрсетіп.
— Әрине-әрине. Бәлкім, олар бүгін-ақ келіп қалар.
— А? Бүгін?
— Несі бар, бүгін келіп қалуы да ғажап емес қой.
— Оны сен қайдан білесің? Әлде хат келді ме?
— Жо-оқ, жалпы, мүмкін дегенім ғой.
— Жоқ, сен менен бір нәрсені жасырып тұрсың, немесе бүгін келіп қалатынын қайдан білесің. Айтсаңшы, жасырмасаңшы менен, олар анық бүгін келе ме? Сен білесің, білесің, Сапар, бірақ қайтер екен деп әдейі айтпай тұрсың…
Көңілін жықпайын деп жай айта салған сөзім оның бір сағат сөйлеуіне қамшы болды. «Құдай шыным, мен ештеңе де білмеймін» дегенді қанша рет қайталасам да, ол бәз-баяғы «жоқ, жасырып тұрсың, сен білесің» дегенін көлденең тартумен болды. Менің анық ештеңе білмейтініме көзі жеткен соң, ол үнсіз қалды. Әлден соң бір қолымен шелегін көтеріп, төргі үйге апарып төкті де, сол бойы қайтып шықпай қойды.
Мен ішке кірсем, ол үюлі алманың жанындағы сықырлауық кереуетте басын салбыратып төмен қарап отыр екен. Мазасын алғым келмей, өз бөлмеме кіріп кеттім. Сол түні екеуміз сөйлескен жоқпыз. Ертесіне, түн жарымында ол есік қақты.
— Құлахмет ағай, бұл сізсіз бе?
— Иә, иә, менмін.
Оның үні баяу естілді. Мен орнымнан тұрып, есікті аштым.
— Сапар, сенен… темекі табылмай ма?
— Бар. Қажет болса бәрін алыңыз.
— Жоқ, маған бір-ақ талы жарайды.
Құлахмет кішкене стол үстіндегі сигареттен біреуін алып тұтатты да, үн қатпастан ұзақ тұрды. Сонан соң ойына әлдене түсе кетіп тез шықты да, артынша қайта кірді.
— Мынаны қарашы, — деді ол қолындағы қос жұдырықтай алманы көрсетіп.
— Қандай қып-қызыл. Батып бара жатқан күн сияқты.
Ол алмаға бір, маған бір қарап қойып, рахаттана күлді.
— Егер бар ғой, менің Сафурам болса осы алманың ішіндегі дәніне шейін жеп қояр еді. Ол қызыл алманы жанындай жақсы көруші еді. Тек, тезірек келсе екен, үй де қызыл алмаларға толып кетті. Тым болмаса хат жазып тұрса нетті! Ол сағынып жүр ғой, сөз жоқ қызыл алмасын сағынып жүр. Терістікте қайдан қызыл алма таба қойсын ол, кім әкеп береді дейсің оған. Сен айтшы, менің Сафурам ақылды ғой,ә?
— Айтарыңыз бар ма?
— Ол қайтып келеді ғой.
— О не дегеніңіз, әрине келеді.
–Еһе-еһ, жай айта салғаным ғой бұл. Әрине келеді, келеді маған. Ол мені жанындай сүйеді ғой, тек… жай зекіп қалады кейде… Бірақ ойында ешқашан арамдық болып көрген емес. Айтпақшы, мен бүгін Сафураға арнап бір туфли сатып алдым. Келгенде қандай қуанады десеңші енді! Өкшесі бар ғой, тура менің сұқ саусағымдай. Көргің келе ме?
– Әкеле қойыңыз. Ол түпкі болмеге барып келді. Қолында әлгі айтқан біз өкше туфли.
–Тура менің Сафурама арнап тіккен екен дерсің. Қандай тамаша! Ал ертең Нәзікетіме арнап көйлек аламын. Ол биыл оқиды ғой. «Папа маған киім керек» дегенде не айтпақпын, не демекпін оған. «Жоқ» дегенше жерге кіріп кете қоймаймын ба, сөйтпеймін бе, мен. Иә-иә, жерге кіріп кете қоймаймын ба? Тоқта, тыңдашы, біреу дүрсілдей ме?
Ол аузын сәл ашып, сыртқа құлақ түрді.
— Құдай біледі бар ғой, біздің үйге біреу келе жатыр. Әні, аяқ басысы да әйелге ұқсайды.
Ол осыны айтты да, ентелей басып сыртқа шықты. Артынша мен де шықтым. Құлахмет ағай қақпа алдында тұр екен.
— Не болды, ешкім келмеп пе?
— Жоқ, — деді естілер-естілмес қана.
— Келмепті.
— Жүріңіз, үйге кірелік. Олар бәрібір түнде келмейді.
— Қалай дедің? Келмейді дедің бе?
Оның бұл үнінен ашу мен қапа байқалды.
— Імм-м, жо-жоқ, Сафура апайды мен көптен білемін ғой, о кісі түнде жүруден қатты қорқады. Біз оны вокзалдан күтуге тиісті емеспіз бе?
— Түу, неткен ессіз едім, соған да миым жетпей тұрғанын қарай гөр енді. Әрине-әрине, менің Сафурам өте нәзік әйел. Қандай… қандай тауып айттың сен. Ол қорқақ болғанда бар ғой, тіпті, қатты жел тұрса да қорқады.
Құлахмет ағай селкілдей күлді.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын, екеуміз қала сыртында қыдырдық, содан ымырт жабылғанша қыдырдық. Сафураш нәзік әйел ғой, «Құлахмет, қайтайықшы» дей береді. «Жоқ, асықпа» деймін мен. «Мен қорқамын. Бұдан әрі қыдырмаймын» деп ол отырып алады. Оның қасына мен де барып отырамын. Мен өзім табиғатты суреттей алмаймын ғой, әйтеуір сол күні аспан ашық, ауада айрықша бір жұпар иіс бар еді. Жер куә болсын, мен ондай иісті әлі кездестірген емеспін. Күн де біртүрлі алауланып батты. «Түу, Сафура, қандай сұлу!» дейтінмін мен оның құлағына сыбырлағандай. Сол кезде Сафураның көмірдей қара шашына бетім тиіп кетеді. Қалай айтуға болады, әйтеуір, сондай сәттерде мен Сафураны құшып сүйе бергім, сүйе бергім келеді. Мен оның мақтадай аппақ қолынан ұстаймын. Ол ақылды ғой, бетімді қайтармайтын, ұрыспайтын да. Сонан соң, мен оның қылдай белінен қапсыра құшақтап, өзіме тартамын. Ол абыржып, қарсыласқан болады. Шиедей ернін болар-болмас қимылдатып: «Құлахмет, ұялсаң етті» дейді сыбырлап қана. Сафурам ол кезде періште еді ғой, тура періштенің өзі болатын… Иә, айтпақшы, сөйтіп отырғанымызда Сафураның дәл қарсы алдына тал басынан әлдененің сарт ете түскені. Жабайы мысық екен. Сондағы менің көгершінімнің қорыққанын көрсең өле-өлгенше ұмытпас едің. «Құлахмет!» деп маған асыла кетті. Жүрегі дүрс-дүрс етіп, кеудесін тесіп шығатын тәрізді. Міне, содан бері мен оның дүниедегі ең нәзік, ең қорқақ әйел екенін білгенмін. Жаңа сен дұрыс айттың. Менің Сафурам, сөз жоқ, түнде жүруден қорқады.
Біз екі сағатқа жуық әңгімелестік. Түннің едеуір мезгілінде оянсам да ұйқым шайдай ашылып кетті. Әрі тас төбедегі толық ай күміс сәулесін жер әлемге барынша құйып тұр еді. Бақ ішіндегі әрбір бұтаға шейін ап-анық көрінеді. Менің есіме былтырғы бір оқиға түсе кетті. Онда да дәл осындай айлы түн болатын. Бақ ішіндегі шайлада ұзақ уақыт бойы кітап оқып жатып, қалай ұйықтап кеткенімді байқамаппын. Бір кезде бетіме тиген жып-жылы, жұп-жұмсақ нәрседен оянып кеттім. «Бырс!» деп қолымды сілтеп қалғанымда алақаным әлдекімнің қолына соғылды.
Жалғасы бар