Ұстаз, мұғалім ретінде, өзіміз жайлы керемет теңеулерді жиі естиміз. Оны мақтаныш тұтамыз. Халық қашанда ұстазға құрметпен қарайды. Егерде дұрыс қарамайды деп ойласақ, онда себебін әркім өзінен іздеуі тиіс. Пандемия кезінде мектептің, мұғалімнің қадірін барынша сезіндік. Қашан мектепте сабақ бастайсыңдар дегенді естідік. Сонда отбасымен бірге өмір сүруден де қалып барамыз ба деп те ойлағанмын. Заң арқылы мәртебеміз көтерілуде. Айлық көбейді. Қоғамның пікірі де оң өзгеріске бұрылды. Ал, өзіміз өзгердік пе? Жұрт айтатындай, қоғамдық сана, ұлттық сана мен мәдениетке, өркениетке қаншалықты әсер ететінімізді шынымен сезіне аламыз ба? Басқаға үлгі болу үшін өзімізді бақылауда ұстай аламыз ба, қоршаған ортаның кері әсер ететін ықпалынан нәпсімізді тиюға ерік-жігеріміз жете ма? Сұрақ көп. Оның жауабын сауатты қауым ретінде әркім өзінен іздегені дұрыс. Әйтпесе, талайымыз ақыл айту оңай ғой деп отыруымыз мүмкін.
Бүгінгі әлемдегі саяси, әлеуметтік, технологиялық өзгерістер тәрбие мен білім мәселесінде жанкештілікті талап етуде. “Кеме келсе қайық жағаға шығады” деген тәмсіл бар. Әлемдік алпауыттарға жұтылмас үшін, олардан руханият, мәдениет, білім бойынша алда болуға тиіспіз. Артық кетсем кешіріңіздер. Дегенмен, біздің арамызда да мұғалімдік мамандыққа ебі жоқ адамдар жетерлік. Ондайлар өз мамандығының шебері болмақ түгілі, оны менсінбей, ұстаздықты тек күнкөріс көзіне айналдырған.
Яғни, мұғалімдерді екіге бөлсек: бірі бала оқытуға, білім беруге құмар жандар;
Екіншісі, мұғалім мамандығын кездейсоқ таңдағандар.
Әркез мұғалімдікті алып жүру, күрделі жауапкершілік.
Мұғалім болуды таңдағандарда идеализм басым болады. Бұл дұрыс болар. Алайда, идеалистік, моралдық ниеттен кәсіби деңгейге жету жолындағы барлық қиыншылыққа мойымауға, сол жолда мұғалімдік құндылықтардан ауытқымауға дайынбыз ба? Шын мәнінде осы жолға өзімді қидым дейтіндер құндылықтарды мойындайды, ал кездейсоқ адамдар педагогқа жат қылықтардың ықпалынан толық шыға алмайды. Мектеп басшылары жаңадан мұғалім жолына түскен адамнан мұғалімдікті таңдау себебі туралы эссе жаздырып көруі керек. Әрине жазылғанға терең талдау жасауға деңгейі жетер басшы болса, онда көп жағдайды байқауға болады деп ойлаймын.
Мұғалімдер де үнемі бекітілген этикалық ережемен өзінің жеке құндылықтарын, ұстанымдарын салыстырып отыруы тиіс. Басшының талабын менің соңыма түсіп алды деп түсінетіндер жетерлік. Шын мәнінде мұғалім боламын дейтін адам шамданбай, қателікті түзеуге, шыңдалуға күш салғаны дұрыс.
Білім саласын зерделеу жөнінде әлемде алдыңғы орын алатын Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша мектеп басшысы нашар мұғалімді жұмыстан шығарып, жақсыларын қолдаса ел экономикасына едәуір пайда келтіретіні дәлелденген. Өмірге бейімделе алған жас өз өміріне өз жауапкершілігін сезінеді. Мемлекетке масыл болуға ұмтылмайды. Мынадай зерттеу болған: жоғары санаттағы 20 пайыз үздік мұғалім қатарына кіретін ұстаз сабақ берген баламен, соңғы қатардағы 20 пайызға кіретін 8 жасар баланың білім деңгейінің айырмасы 3 жылдан кейін 53 пайызды құраған. Ал Америкада алғашқы 10 үздікке кіретін мұғалімнің оқушылары, соңғы 10-қа кіретін мұғалімнің оқушыларынан үш жылдан кейін 2 жылға озып кеткен. Бұл мұғалімнің құдіреті мен қасіретін білдіреді. Жаңағы ПИЗА, ҰБТ қортындыларына қарап, басшыға да, мұғалімге де баға беруге болады.
Әлеуметтік желіде аттестация тағы басқа бақылауларға байланысты қарсылық шуларды көріп, біліп жүрміз. Ондайда, өз отбасына үлгі бола алмай жүрген «белсенділер» айқайға айтақ қосып жатады. Неге өзіңе сенімді болсаң аттестациядан қорқасың?
Бүгінгі жиынның бірінші түйіні, ұстазы мықтының ұстанымы мықты.
Республикалық директорлар кадрлық резервіне үш жүзден астам кандидаттан 11-і ғана өтті дегенді естідім. Рас болса, айтуға да естуге ұят екен. Тәжірибелі директорлар кадр дайындау ісіне белсене араласса құба[1]құп болар еді.
Мұғалімдермен сөйлескенде, сабаққа қатыспайтын, қатысса да кәсіби талдай алмайтын мектеп басшылары туралы да айтылады. Ол формалды басшы. Өйткені тек заңмен, немесе айғаймен, күшпен педагогикалық ұжымда шынайы бедел жинай алмайтынымыз анық.
Мен көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, жаңағы айтылғандардың ішінен өзін көрген әріптестер болса, ойланар деп сенемін.
Білім саласында жақсы басшы болам десең,, танысыңа емес, білігіңе сен. Болмаса жұмыстан кетуден ұялма. Бұл екінші түйін.
Ата –аналарға айтарымыз. Бәрі де өткінші. Адамның табиғи міндеті – артында саналы ұрпақ қалдыру. Уақытында берілмеген тәрбие түбінде балаңызды бақ емес, сорыңызға айналдыруы әбден мүмкін. Ең ауыр жаза, тәрбиесіз ұрпағың үшін ешкімнің алдында ақтала алмайтындығыңда. Сонымен өмір сүретін боласыз. Үшінші түйін– тәрбиелі балаң – бағың, тәрбиесіз балаң – сорың.
Ұстаз сынды көзі ашық адамдар ұлттық сана-сезімді, ұлттық ар-ожданды, ұлттық рухты күшейтуі тиіс. Қай жердің білім ортасы мықты сол жерден ұлтының жарқындығы үшін басын бәйгеге тігетін жігерлі, жанкешті тұлғалар шығады.
Зиялы қауым, мұғалім үйретуші ретінде, халыққа өмірдің мән-мағынасын үйретуі керек. Өздерінің және балаларының денсаулығын күтуді, бақытты отбасын қалыптастыру жолдарын, жұбайлар арасындағы өзара сыйластықтың, бала тәрбиесінің жолын көрсетіп, кәсіп игеруге, жұртты тәртіпке үйретуге тиіспіз. Мұғалім, ата-ана жиырма төрт сағат, жыл он екі ай елге, отбасына үлгі болуы керек. Бірлесіп қолға алсақ алынбайтын қамал жоқ.