Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бегілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.Ашық аспан іспетті Туымыз жаһан жұртына Қазақстан деп аталатын жаңа тәуелсіз елдің бет-бейнесін паш етті. 1992-і жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен елдің Елтаңбасы – қос сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ерен еңбегінің нәтижесі. 2006 жылғы қаңтардың 6-да Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің Әнұраны жаңарды. Бұл тарихи сәт егемен ел үшін мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік рәміздер –еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Сонымен қатар ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Осы Ұлық мерекеге орай, Сыр өңірінде «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты облыстық патриоттар форумы өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Мемлекеттік рәміздері күні Қызылордадағы Рәміздер алаңында өткен салтанатты іс-шараға қатысып, сырбойылықтарды мерекемен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы. Еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз. Рәміздерімізді елдігіміздің ұраны, патриоттығымыздың бастауы, Отанымыздың мақтаныш символы ретінде танытуымыз қажет, – деді аймақ басшысы.
Мұнан соң іс-шара аясында Отан, атамекен, туған жер туралы әндер орындалды. Мемлекеттік Ту көтерген 15-тен астам жеңіл көлік пен 10 мотошабандоздың авто және мотошеруі жиынға ерекше сән келтірді. Айта кетейік, Сыр өңірінде ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. «Жас Ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері арнайы сапта жүреді. Сонымен қатар Байқоңыр қаласында жалпыхалықтық патриоттық шаралар өткізілсе, барлық аудандарда Елтаңба авторы, сырбойылық Жандарбек Мәлібековтің еңбектері насихатталмақ. Мемлекеттік Ту авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған шаралар, патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар өткізілмек.
Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Қазақ елінің, Қазақстанымыздың мәртебесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет арта берсін!
Жумадил Динара
Қорқыт ата Университетінің 2 курс студенті