Биыл төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 28 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды. Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құралжабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.
Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Мереке қарсаңында біз Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақтияр Нұрбол Сағынұлымен сұхбаттастық. Алдымен жаңа қызметімен құттықтадық. Нұрбол Сағынұлы бізді жылы қабылдап, қойылған сұрақтарымызға жауап берді. Айта кету керек бұған дейін Сырдария аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
– Нұрбол Сағынұлы, әңгімеміздің әлқиссасы алдымен жаңа қызметіңіз жайлы болса… Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасының айырмашылығы бар ма?
– Әрине айырмашылық бар. Сырдария ауданында 39 мың халық тұратын болса, Қызылорда қаласында 390 мыңға жуық халық тұрады. Жұмыс 10 есе артып отыр. Қалада жұмыс ауқымды. Көпқабатты тұрғын үйлер бар, өрттердің саны көп. Қазіргі таңда табиғи және техногенді сипаттағы 152 оқиға тіркелді. Оның ішінде өрттер, табиғи жағдайлар секілді оқиғалар бар.
– Басшы болғаныңызға 10 күнге жуық уақыт болды. Өртке қарсы техникаларды көріп, танысып үлгердіңіз бе? Қыс мезгіліне дайынсыздар ма?
– Келген күннен бастап бірден техникаларды тексердім. Өртке қарсы жұмыстарға жарайды ма, жарамайды ма байқадым. Қыс мезгіліне дайындық жұмыстары пысықталды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бұл төтенше жағдайлар департаментінің ғана жұмысы емес, жергілікті атқарушы органдарда үлесі зор. Олармен бірге қызмет ететін боламыз. Қыз мезгіліне дайынбыз.
– Бүгінгі таңда тұрғындардан көбіне қандай шақыртулар түседі?
– Көбіне көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлауы жиі түседі. Есігі ашылмай тұрғындар үйінде құлыптанып қалатын жағдайлар да аз емес. Өрттен бөлек осындай шақыртулар түседі.
– Төтенше жағдай саласында жұмыс жасап келе жатқаныңызға неше жыл болды?
– 2000-2004-і жылдары ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтында оқыдым. 2004 жылдан бастап осы салада жұмыс жасап келе жатырмын. Биыл 19 жыл болды.
– Тікелей өзіңіз адам өміріне араша түскен кезіңіз болды ма?
– Араша түскен кездер болды. Жалағаш ауданында қызмет атқарып жүрген кезімде тұрғын үйде өрт оқиғасы орын алған болатын. Тұрғын үйдің ішінен қарт адамды алып шықтым. Биыл қаңтар айында осындай жағдай қайталанды. Сырдария ауданында әлеуметтік жағдайы төмен отбасының үйінде өрт оқиғасы орын алды. Бізге хабарлама түскен кезде жедел әрекет жасап, барлау жұмыстарын жүргіздік. Барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде үйдің ішінде науқас бала мен кішкентай сәби қалып қойғаны белгілі болды. Сол уақытта жедел әрекет жасап, екі баланы сыртқа алып шығып, медицина қызметкерлеріне тапсырдық. Қазіргі таңда екі баланың да жағдайы жақсы.
– Құтқару операциясы кезінде қорыққан кездеріңіз болды ма?
Әрине енді адам болғасын қорқамыз. Бірақ жұмыс болғасын психологиялық моральдік тұрғыда әр төтенше жағдайға дайын боламыз. Күнделікті таңертең жұмысқа келе жатқан уақытымда тыңғылықты дайын болып келемін. Бүгін қандай төтенше жағдай орын алуы мүмкін, өрттің кезінде адамдарды қалай құтқарамыз, өрт шыққан жағдайда оны қалай сөндіреміз деген ойлармен келеміз. Қорқынышты жеңіп, әр төтенше жағдайға дайын екенімізді көрсетеміз.
– Денсаулық сақ тау және білім беру салаларындағы көптеген ұйымдармен бірге қалай әрекет етесіздер?
– Білім саласымен де, денсаулық сақтау саласымен де өзара іс-қимыл жоспары бар. Біздің негізгі мақсат өрттің алдын алу болып келеді. Білім беру мекемелерін де жоспарларына енгіздік. Нақтырақ айтқанда балалардың өрт кезінде қалай әрекет жасауы, алғашқы көмекті көрсету, өрт кезінде алғашқы құрал жабдықтарды қалай пайдалану керектігін көрсетеміз. Денсаулық сақтау саласымен де дәл осылай бірлесе жұмыс жасап келеміз.
– Жаңа қызметіңізге үйрендіңіз бе? Үжымдағы ахуал қандай?
– Жаңа қызметке үйрендім. Ұжымға үйрендім. Жалындаған жас жігіттер көп. Оларға бауыр ретін де қараймын десем артық болмайды.
Құтқарушылардың өз арасында бір ырымдары бар ма?
– Ырымдар бар. Жұмысқа жаңа тұрған қызметкерлерді автокөліктің алдымен цистернасына суға түсіріп алады. Яғни өрт болмасын, таза болып жүрсін деген себеппен суға түсіріп аламыз. Соңғы уақытта зейнетке шығып бара жатқан қызметкерлерімізді жауынгерлік формасымен үстіне су шашып шығарып салатын үрдіс пайда болды. Өзіміздің дәстүрімізбен иығына шапан жауып, автокөлігіне отырғызып зейнетке шығарып саламыз.
– 19-ы қазан-құтқарушылар күні. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар…
– Құтқарушы болу өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау ең басты міндет болып табылады. Осындай жауапкершілігі мол, қиын және қауіпті салада жүрген барлық төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Қандай қиыншылыққа тап келсе де олар барлығына жігер танытуда. Төтенше жағдай саласын да қызмет атқарып жүрген, төтенше жағдайға тосқауыл қойып, тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек етіп жүрген әр қызметкердің жұмысы ерлікпен парапар. Оларды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, табыс, отбасыларына бақ-береке тілеймін! Олардың ауыр еңбектері олар құтқарған адамдардың алғыстарымен бағалансын деймін. Шын жүректен «Құт қарушылар күні» кәсіби мерекемізбен құттықтаймын!
Сұқбатыңызға рақмет!
Мұхаммедшах МАРАТҰЛЫ